Қазақ тарихының әр кезеңінде айтулы оқиғаларға араласып, асқан ерлік көрсеткен батырлар баршылық. Олардың ерлікке толы өмірі жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мен қайсарлыққа баулуда таптырмас үлгі-өнеге. Өмір жолы тарих бетінде өнеге болып өрілген сондай батырдың бірі ХVІІІ ғасырда жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы күреске белсене қатысқан Байсейіт батыр Төлесұлы.
Туғанына 340 жыл толған батырға Райымбек ауданы, Жамбыл ауылының тұрғындары ас беріп, дұға бағыштады. Асқа арнайы шақырылған тарихшы ғалым Рашид Оразов: «Халық жадында биік тұғырға көтерілген тарихи тұлға ретінде бүгінгі күнде де маңызын жоймайды. Батырлық басқаны жаулаумен емес, өз елін, туған жерін басқыншы жаудан қорғаумен, азаттық үшін күресумен паш етіледі. Қиын-қыстау заманда ерлікті ту еткен Байсейіт Төлесұлы қандай құрметке де лайықты тұлға. Батырдың есімі халқымен бірге жасай бермек» – деп тарихи тұлғаның өмірінен деректер келтірді.
Батырдың әкесі Төлес пен Дулат еліндегі Қарабиқызы Нұрлыбикенің некесінен 1680 жылы Байсейіт дүниеге келеді. Қаршадайынан нағашы атасының тəрбиесін көрген Байсейіт 17 жасынан батыр атанады. Жас кезінде өзіне айбат шегіп өкіріп, жол бөгеген бұқаны қамшымен сұлатып түсіргенде риза болған атасы ақ батасын берген екен. Кейін қалмақпен күресте шыңдалған Байсейіт есейе келе қолбасшы атанады.
Жиында Байсейіт батырдың ел мен жерді қорғаудағы ерен ерлігі жайында көп дерек айтылып, кейінгі ұрпаққа насихатталды. Жазушы Төлен Қаупынбайұлының «Қазақстан–Zаман» газетінде жарияланған «Зұлмат заман зауалы» атты мақаласында Байсейіт батырдың Жетісу өңірін жаудан азат етуге қатысқаны жазылған. Бұл мақала Шоқан Уәлихановтың «Қырғыздар туралы жазбалар» атты еңбегімен үндестік тапса, батырдың өмір дерегі «Қазақ», «Айбын», «Абылай хан», «Райымбек» энциклопедияларында, «Тарихы терең, табиғаты ерен таулы өлкем» атты кітапта нақты мәліметпен берілген. Ақын Биғайша Медеуованың «Тұрпанға шапқан ту ұстап» атты поэмасында:
Қаратауда Қара би шешен де еді,
Қалың дулат қаймыққан көсем де еді.
Қырандайын бапталған Байсейіт батыр,
Наурызбаймен жорыққа кетем деді…
Жас көремін елімнің жартасынан!
Естіледі бір аңыз әр тасынан.
Жеңіс емей немене, Жоңғария,
Түсті әлемнің саяси картасынан, – деп батырды жырға қосады.
Қандай да бір істі бастағанда халқымыз ақсақалды қариялар мен ақжаулықты аналардан бата алып отырған. 1998 жылы Байсейіт бабасына ескерткіш даярлатып, Алматы қаласынан әкеле жатып жолшыбай Байсейіт ауылына бір түнеткен ұрпақтары дәмханада дастарқан жайып, ұйғыр ақсақалдарының батасын алған соң Райымбек ауданы Жамбыл ауылында орнатқан-ды.
Шелек өңірінен асқа арнайы шақырылған азаматтар «Алматы–Нарынқол тасжолы бойында орналасқан «Байсейіт батыр атындағы ауылда тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылып, батырға белгі қойылса дұрыс болар еді» деген ұсынысты батыр баласы Құттыбайдың ұрпақтарына жеткізеді. Ұсынысты қабыл алған Байсейіт батырдың әйелі, ұйғыр қызы Уршидадан тараған ұрпақтары нағашы жұртымен байланыс орнатып, қарым-қатынасты берік ұстауға даяр екенін білдіреді.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ізін жалғар ұрпағы тұрғанда батырдың есімі елімен бірге жасай береді. Қазақ тарихында жер, су аттары сол жерді мекендеген атақты адамдардың есімімен аталған. Бұл туралы жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Өзендер өрнектеген өлке» атты кітабында: «XVIII ғасырдың ортасында Райымбек батыр Ойрантөбеде қалмақтарды жеңіп, Жетісу жерін қалмақтардан азат ету күресін өрістеткен. Шелек өңіріндегі Байсейіт ауылы тұрған жерді азат етуде Байсейіт батырдың асқан ерлік көрсеткені, сол жерлер Жаркент уезіне тиесілі екендігі, бұл өлкені ежелден қазақтар мекендегені белгілі» – деп жазған.
Ташкент маңайында Шыршық өзені бойында отырған Жансадық пен Тоқпан ананың отбасына кенеттен шабуыл жасап, 7 ұлын өлтірген жауды жалғыз өзі жайратып, отбасының 3 ұлын аман-сақтап қалған Байсейіт батырдың ерлігі көп. Атап айтқанда Іле өзенінің бойындағы Тереңөзек сайында болған соғыста Байсейіт батыр 100 сарбазымен жауға қарсы шайқасады. Темірлік, Қайқы асуларында жау қолына түсіп, зынданға қамалған батырды Биеке мен Сәлбен құтқарады. Жаугершіліктен кейін Байсейіт Төлесұлы Шелек өзенінің бойын мекендеп, бүгінгі Байсейіт ауылы тұрған жерде егіншілікпен айналысқан.
Қазақ халқы кіндік қаны тамып, қоныс тепкен, өсіп-өнген жерін атамекен деп бағалайды. Албан руының Жетісу жерін мекендегені тарихтан белгілі. Соның ішінде Шелек өңірі қызылбөрік, қыстық аталарының атақонысы болған. Мұнда өмір сүрген Солтанбек би, Ескене, Жалманбет, Шынжырбай, Меңіс, Кемпірбай мен Ожар бай, 18 мың жылқы біткен Онтағар бай, 500 түйесі болған Қаңлыбай бай, Ержан бай, Бозай бай, 1926 жылы үкіметке 3 мың жылқы өткізіп, жер аударылған Жорып бай, Жөкей, Дәндібай, өз қаражатына Қорам ауылына мешіт салдырған Аңламас, 10 мың сарыала жылқы біткен Ерсары бай, 5 мың торы түстес жылқысы болған Тойғанбек, Бекей, Дүңгенбай, Ботбай, Балташ қажы мен Дәулетбақ, Қылышбай, Үсен, Ақанбай, Ералы байлар өз атында ауыл болмағанына қарамастан жергілікті халықтың мұң-мұқтажын өтеп отырған. Сонымен қатар, ел мен жерді жаудан қорғаған Әжібай, Байсейіт, Ескене, Малай, Малыбай, Шағаман сияқты қарапайым халық арасынан шыққан батырлар ерлігімен көзге түсіп, тарихи тұлға санатына кірген. Қарағанды облысының Нұра ауданында қалмақпен соғыста қаза тапқан жетісулық Шағаман батырға ауыл аты беріліп, жерленген жеріне ескерткіш орнатылған.
Бүгінгі Шелек ауылының Абай, Б. Мо- мышұлы, Ү. Үсенов көшелері мен Ә. Молдағұлова атындағы орта мектепке дейінгі аумақты қоршап, 35 жыл жайлаған қалмақ батыры Насырқалшаны XVIII ғасырдың ортасында Шағаман батыр Есенұлы жекпе-жекте жеңеді. Шағаманның інісі Найманбайдың 6 ұрпағы Шелекте Зайцево селосы ашылмай тұрып, 140 жыл бұрын қоныстанған. Оның алдында Қайыңды мен Қарабұлақты мекендеп, көктеу мен күзеуде Жіңішке қырқасына қонған.
1881-83 жылдары ұйғырлар мен дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуына байланысты Жетісуда 6 болыстық ашылады. Соның бірі Шелек өңіріндегі Малыбай болыстығы. «Уезды Жетісу» атты кітапта: «Верный уезі, Малыбай болысы, Байсейіт елді мекенін 1881 жылы 10 шаруашылық қыстаған. 1882-85 жылдары Байсейіт елді мекеніне Борбосун, Каш, Байтакай жерлерінен ауып келген ұйғырлар қоныстанады. 1883 жылдан әр отбасына 0,5 десятина жер берілген. Екі жұмалық мешіт, мешітте мұсылманша оқыта бастаған» – деп көрсетілген. 1884 жылы Малыбай болысында 1442 түтін, 7862 адам, Қорам болысында 1548 түтін, 5598 адам тіркелген. Осы жылдары ұйғырлар Масақ, Қайнұқ, Асы, Он үй, Киікбай, Қаратұрыққа қоныс тебеді. Жаңа елді мекенде тез бейімделуіне байланысты Іле өңірінде болыс болған адамдар Жетісуға қоныс аударғаннан кейін де сол қызметтерін атқарған. Осылайша Құлжа болысы Қасымбек Жаркентке, Хонықай болысы Құдайберді Ақсу-Шарынға, Тасөстең болысы Әбубәкір Қорамға, Құлжа болысы Жамалидин Қарасуға болыстық қылған.
Қазақ жеріне қоныс аудару ұйғыр халқының жағдайының түзелуіне себеп болып, 1921 жылы мамыр айында Ташкент қаласында өткен құрылтай жиналыста «тараншы» атауы «ұйғыр» атауына өзгертілгені белгілі.
Бүгінде Байсейіт батыр ауылының азаматтары малшылықпен, егіншілікпен айналысады. Тұрмыстық жағдайы ең бай ауылдардың бірі. И. Таиров атындағы орта мектеп ұйғыр тілінде білім береді. Мәдени әлеуметтік саладағы мекемелер толық жұмыс істейді. Ауылда 150-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Дүкен, асхана, мейрамханада, 800 шаршы метрден асатын сауда орталықтарында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Байсейіт батыр ауылынан шыққан, қазақ қоғамының дамуына ерен еңбегімен үлес қосқан адамдардың есімдерін айрықша атауға болады. Байсейіт ауылынан «Еңбек даңқы» орденінің иегері Маруп Таиров, ауданға басшылық жасаған Избакиев, А. Арзиев, ақын, Илхам сыйлығы иегері Ж. Розахунов, ғалымдар Ж. Жұмабеков, Б. Глаудинов, Г. Бахамов, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов, жазушы Ахметжан Ашири, ақындар А. Мұхамади, А. Дулятов сынды дүлдүлдер шыққан.
Байсейіт батырдың ұрпақтары ауылдың шығыс жағынан кіреберіске тұғырына «XVIII ғасырда жоңғар қалмақтарымен соғыста күрескен батыр» деп жазылған, биіктігі 7 метрлік «Байсейіт ауылы» стеласын орнатты. Стела Байсейіт батырдың кезінде өзі іргетасын құрған елді мекенге жолдаған дұғай сәлемі, жұртына айтылған аманаты іспетті. Бұл – елдіктің, бірліктің айғағы, ата-баба аманатын ұрпағының бұлжытпай орындауы деп білеміз.
Нұрлан Ердәулетұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі