Осыдан отыз жыл бұрын қызыл құрсаудың көбесі сөгіліп, одақтас мемлекеттер жеке-жеке өз алдына ел атанды. Тәуелсіздік алған тұста кейбір адамдар дағдарып қалғаны жасырын емес. Әзәзілдің сөзіне еріп, ұзаққа созылған кеңестік режимнен шыға алмай, кей халықтардың бір-біріне көз алартқаны, өзара қақтығысқа барғаны бәрімізге белгілі.
Ош, Ферғана, Баку, Сумгаит, Таулы Қарабах, Армения, Балтық жағалауы елдерінде дау-жанжалдардың соңы этникаралық соғыстарға айналды. Кешегі украин бауырларды алайық. «Тас түскен жеріне ауыр» деген, шиеленіс нәтижесінде елдің экономикасы кешеуілдеп, жергілікті халық қасірет шекті. Осындай сын сағатта ұлтаралық ынтымақтың қаймағын бұзбай, бірлікте өмір сүру аса маңызды.
Еріксіз келген елдің өзегіне теппеген қазақ халқы талай сындарлы сәтте кең пейілін көрсетті. Қазақтың дарқан мінезін әлемге паш етер Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да 25 жыл өтті. Мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға ықпал ететін қоғамдық ұйымның басты мақсаты – қазақтың топтастырушы рөлін арқау ете отырып, отаншылдық, патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани мәдени ортақтығы негізінде теңдікті және алдыңғы қатарлы ұлтты қалыптастыру үдерісіндегі этносаралық келісімді қамтамасыз ету.
Осы жылдардың ішінде көптеген жұрт біз ге қызыға қарады. Ассамблеяға ұлтаралық және дінаралық келісім институты ретінде қанықты. Күрделі мәселені қақтығыспен шешуге болмайтынына көзі жеткендер бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін үлгі ретінде алып отыр. Ынтымағы жарасқан жұртымыздың бірлігіне Малайзия, Еуропарламент, Австрия да қызығушылық білдірді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылары елімізге ат басын бұрып: «Қазақстан БҰҰ идеалдарын қолдаушы және сіздердің бастамаларыңызды әрқашан қуаттаймыз», – деп ықылас танытты. Адам баласының талайына түскен қиянатты түбірінен жойып, Семей полигонын жапқан шешімі мен бүкіл ядролық құрылымды Қазақстан аумағынан алып тастағаны үшін Елбасыға тәнті болған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун айрықша құрмет білдірді. Басқаша болған жағдайда адамдардың тартар бейнеті әлі де талай жылдарға созылып кетер еді. Мұның бәрі елін, жерін, халқын сүюдің, гуманизмнің айнымас мүддесі. Сол себепті әлем елдері Қазақстанға алақайлап, риясыз алғыс айтуда.
Наурыз айының, көктемнің беташар күні мерекелік құттықтау, бір-біріне деген ыстық ықылас пен ризашылық сөздермен бастау алады. Менің үнемі жыр-дастандай айтып жүретін, бүкіл халыққа басымды игізген бір жайт бар. 1944 жылы 8 наурызда өз халқымен бірге, балқар жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, ағартушы Кязим Мечиевке де қазақ дәмі бұйырыпты. Тоқсаннан асқан ақсақал, бір жылдан кейін дүниеден өтіп: «Сүйегімді туған жерге қойыңдар!» – деп аманат етеді. Жарты ғасыр өткен соң артындағы ұрпағы есін жиып, қарияның аманатын орындау мақсатында Алматы облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе ауылына келді. Өлі емес, тірінің күні түкке тұрмай жатқан сол бір бұлыңғыр тұста, «ауып келген халық» деп моласын бұзбай, керісінше, қолға түскен нәрсемен қорымды аяқ асты етпей қоршап, қорғап отырған ауыл тұрғындарының қасиетіне қатты тебірендім.
Ұлы қазақтың қасиеті сол, бүтін халықты жамандыққа қиған жоқ. Содан болар, көптеген жұрт қиыншылықта қорған болған қазақ жеріне алғыс жаудырды. Біздер – сол аға буынның кеңдігінен, сабырлы парасатынан құнар алып, тамырланған ұрпақпыз. Құрметіміз бен адалдығымызды паш етіп, сол ұрпақтың жалғасы бүгінгі қазақтың айналасында ұйысып, бірге жасап келеміз. Яғни, Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, жалғыз Отанымызбен өркендеп, алғысты жерімізде қатар тамырланып, бірге гүлденуіміз керек. Өйткені, біз тағдыры бір халықпыз.
Өткен ғасырлар ішінде қазақ халқының басына көптеген ауыр сынақ түсті. Аты озып, алға шыққан азаматтарды жойып жіберіп, сананың сәулесін өшірді. Қасақана жасалған аштықтан халық баудай қырылды. Жалпыны шарпыған Екінші дүниежүзілік соғыс өрті талайды күйдірді. Бір саусағы бүгулі қызыл саясаттың кесірінен көп құндылық ауысты. Алайда мұның бәрі қазақ деген халықтың құтын қашырмады, қадір-қасиетін жоя алмады. Баршамызды бастан кешкен қиыншылық біріктірді. Бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуге үйретті.
Қазақстан халқының Алғыс айту мерекесі келіп жетті. Бүгінде бұл мереке – ел бірлігін сақтауды мадақтайтын мереке! Бұл бірліктің, татулықтың, жаңғырудың мерекесі.
Людмила ХОЧИЕВА,
Қазақтан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері, Алматы облысының
Құрметті азаматы





