Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде еліміздің өз алдына республика болуын қалаған әрі ең бірінші болып мойындаған Түркия еді. Бауырлас елдің бұл қолдауы еркіндікке енді қолы жеткен мемлекетіміз үшін зор мәртебе. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол үшін ішкі және сыртқы істері, экономикасы, қаржысы секілді көптеген маңызды бағыттарды дамыту қажет.
Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шегарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі әрі аманаты. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, сан түрлі ұлты мен ұлысы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсан желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Отыз жыл ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық. Әлем көз тіккен Нұр-Сұлтан арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматы мәдениет пен әдебиеттің астанасы болып тұр. Осының барлығы тәуелсіздіктің жемісі.
Арысы Қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді Отаны жоқ ұлттың өмір сүруі қиынның қиыны.
Иә, бір кезде Отан үшін деп жанын қиған жастар азаттық жолында алаңға шықты. Сол үшін де 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тарихта мәңгі қалмақ. Азаттық, Теңдік, Тәуелсіздік. Осы бір үш ұғымның салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады? Бұл оқиғаның алғашқы құрбандары Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанқызы, Ербол Сыпатаевтарды еске алып, олардың рухына тағзым ету парызымыз. 1986 жылдың желтоқсаны бүкіл ұлтымыздың жанын жаралап, жүрегіне ызғар шашып кетті, бостандық үшін өрімдей жап-жас қыз-жігіттер құрбан болды.
Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өшпеген жігердің отымен келген ұлы күн. Біз өзіміздің Көк байрағымызды мақтанышпен жоғары көтеріп, Елтаңбамыз бен Гимнімізді қастерлейміз. Күн сәулелі аспанымызда әрқашан шуақ шашып, тәуелсіздік пен ерліктің белгісі дала қыранының қанаты талмай, қалықтай берсін демекпіз.
Римма ИСАБАЕВА,
«Көксу орта мектебі» МДШО тарих пәні мұғалімі
Көксу ауылы,
Кербұлақ ауданы




