Талдықорған қаласында орналасқан Журналситер үйінің жанындағы бағдаршам жұмыс істемей тұр. Әзірге жол қозғалысын реттейтін мамандар да келмеген. Соның салдарынан көлік соқтығысты, деп хабарлайтын 7-su.kz желілік басылымы.
Екі күннен бері істен шыққан бағдаршамның салдарынан көлік соқтығысып үлгерді.
Тіпті, оның «сатыр-сұтыр» еткен дауысы Қонаев-Балапанов көшісінің қиылындағы нысанның ішіндегі журналистерге естілді. Айғақты сурттен көре аласыздар.
Оқушылар мектепке ағылатын таңғы уақытта бұл жерде кептеліс пайда болып, жая жүргіншілердің жолдан өтуіне қиындық тудырды.
Осы орайда назарларыңызға жол қозғалысы ережесін ұсынамыз. Ережелеріне сәйкес, «жұмыс iстемей тұрған бағдаршамның жыпылықтаған сары сигналы кезiнде немесе реттеушi жоқ болса, көше қиылысы реттелмейтiн болып есептеледi және жүргiзушiлер реттелмейтiн көше қиылыстарын өту ережелерiн және көше қиылысында орнатылған басымдылық белгiлерiн басшылыққа алады».
Осындай жағдайда жүргізуші:
- Көлiк құралының қозғалыс бағытындағы жүрiс бөлiгiн реттелмейтiн жаяу жүргiншiлер өтпесi бойымен өтiп келе жатқан жаяу жүргiншiлерге жол беруге мiндеттi (ЖҚЕ-нің 14-тармағы).
- Бағдаршамның рұқсат беретiн сигналы iске қосылғанда, оның бағытындағы жүрiс бөлiгiн кесiп өтудi аяқтап қалған жаяу жүргiншiге жол беруге мiндеттi (ЖҚЕ-нің 14-тармағы).
- Барлық жағдайларда, соның iшiнде жаяу жүргiншiлер өтпесiнен тыс жерлерде де, ақ түстi таяқпен сигнал берген соқыр жаяу жүргiншiнi өткiзiп жiберуге мiндеттi (ЖҚЕ-нің 14-тармағы).
- Оңға немесе солға бұрылған кезде, ол бұрылатын жолдың жүріс бөлігін өзінің қозғалыс бағыты бойынша кесіп өтетін жаяу жүргіншіге жол береді (ЖҚЕ-нің 13-тармағы).
Өз кезегінде, жаяу жүргіншілер бағдаршам істен шыққан жол қиылысынан өту барысында белгілер мен жаяу жүргіншілер жолағын негізге алады. Ал егер белгілер мен жол сызықтары болмаса, ҚР ЖҚЕ-нің 4-тармағына сәйкес:
- Жолдың жүріс бөлігіне жақындап келе жатқан көлік құралының арақашықтығы мен олардың жылдамдығын бағалағаннан кейін және жолдан өтудің қауіпсіздігіне көз жеткізгеннен кейін ғана шығады.
- Жолдың жүріс бөлігінен жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан тыс өту барысында көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірмейді және шолу мүмкіндігін шектеп тұрған көліктен не басқа да кедергіден жақындап қалған көліктің жоқтығына көз жеткізбестен шықпайды.
- Жолдың жүргін бөлігіне шығу барсында, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында болмаса, жолда кідірмейді және жүрісін тоқтатпайды.
- Жолды кесіп өтуді аяқтап үлгермесе, қарама-қарсы бағыттағы көліктер легін бөліп тұрған жолақта тоқтап, одан кейінгі қозғалыстың қауіпсіздігіне көз жеткізгеннен кейін ғана жүрісін жалғастырады.
Бұл ретте, жүргізушілер жаяу жүргіншілерге жол беруге міндетті емес (біз жоғарыда атап өткендей, ақ түстi таяқпен сигнал берген соқыр жаяу жүргiншiлерді ескермегенде).
Жоғарыда аталған ережелердің ешқайсысы қиын емес. Оларды жүргізушілер жүргізуші куәлігін алуға дайындық кезеңінде-ақ оқуға міндетті болатын. Себебі, бұл ережелерді ескермеу денсаулық үшін де, өмір үшін де аса қауіпті. Мұндай жағдайларда жүргізушілерге ҚР ӘҚБК-нің 600-бабына сәйкес айыппұл салынады, ал ең қатал жаза — қылмыстық жауапкершілік.
Ал тиіс емес жерден жүгіріп өте шығатын жаяу жүргіншілер де айыппұл арқалайды, не үш тәулікке қамауға алынады. (Оның кесірінен орын алған жол апатынан ешкім зиян шекпеген жағдайда ғана).
Жол апатының алдын алу үшін тиісті мекеме осы мәселеге көңіл аударса құба-құп. Тиісінше бағдаршам іске қосылып, жүргізуші мен жая жүргіншіге қиындық тудырмасын дейміз.
Мәулен Әнербай,
Талдықорған қаласы
Фото, видео автордікі