Кеген ауылындағы Ғалия Дарубаева басшылық жасайтын, 280 орынды «Балауса» бөбекжай балабақшасының салынып, пайдалануға берілгеніне 10 жылға таяу уақыт болып қалды. Бұл он мыңға тарта халық тұратын ауыл үшін үлкен игілік.
Соған орай мұндағы тәрбиешілер де өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, тәрбие жұмыстарын жоғары талап деңгейінде жүргізіп келеді. Жақында аталған бөбекжайдағы «Қызғалдақ» тобының «Қош, бол, балалар бақшасы!» атты жарқын да жайдары кеші өтті. Жұмагүл Жазықбекова мен Гүлнара Үшкемпірова тәрбиеші болып еңбек ететін аталған топтағы бүлдіршіндер осы күні түрлі өнерлерімен көзге түсті. Томпаң қаққан кішкентай күндер мен гүлдер тақпақ, ән айтты, би биледі. Түрлі өнерімен тәнті етті. Тәрбиешілері айтқан тапсырмаларды орындады. Сөйтіп, кешке куә болып отырған ата-аналарды қуанышқа бөледі.
Кеште балабақшаның әдіскері Раушан Асқарова тәрбиешілердің еңбегіне жеміс, ата-аналарға бақыт пен қуаныш, балапандардың қадамына сәттілік тіледі. Ата-аналар атынан Айнагүл Сәрсембаева сөз алып, балаларға жақсы тәлім мен тәрбие бергендері үшін тәрбиешілерге жүрекжарды алғыс айтты. «Балауса» бөбекжай балабақшасының ұжымына бар жақсылықты тіледі. Осы күні бір-бір үйдің гүлдері мен күндерінің білім әлеміне аттаған қадамдарына жолашар болсын деген ниеттегі базарлық ұсынылды. Ал балалар бөбекжайдың барша тәрбиешісіне гүл шоқтарын тарту етті. Осылайша бүлдіршіндердің балабақшамен қоштасу кеші әсерлі өтті.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы





