Білім күнін Үштөбе қаласы А. Пушкин атындағы орта мектеп оқушылары мен ұстаздары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке енген білім ордасында қарсы алды. «Кел, балалар, оқылық» атты салтанатты жиынға аудан әкімі Ерлан Исабеков, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов, аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаров қатысып, қуанышқа ортақтасты.
Биылғы оқу жылында аталған мектепте 275 оқушы оқитын болса, соның 25-і алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер. Шәкірттерге 36 ұстаз білім бермек.
Салтанатты шарада А. Пушкин атындағы орта мектептің директоры Дархан Жұмаханұлы оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, күрделі жөндеуден өткен жарық әрі жайлы білім шаңырағында шәкірттер жақсы оқып, еліміздің абыройлы азаматы болуына тілектестік білдірді.
Аудан әкімі Ерлан Исабеков алғашқы қоңырау салтанатында оқушылар мен ұстаздарға жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бірінші қыркүйек – бәрімізге ортақ мереке. Екі жылға жуық онлайн форматта оқыған оқушылар бүгіннен бастап дәстүрлі түрде білім алатын болады. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа аудан бойынша 673 бала қабылданса, соның ішінде 25 оқушы осы мектептің табалдырығын аттады.
Пушкин атындағы орта мектеп 1983 жылы салынған, 1200 бала оқуға мүмкіндік бар. Аталған мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың талапқа сай білім алуына барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта мектептің материалдық-техникалық базасы әлі де толықтырылатын болады, – деді аудан әкімі Ерлан Шойұлы.
Осыдан соң білім табалдырығын жаңа аттаған 1-сынып оқушылары балдай тәтті тілдерімен тақпақ айтып, жақсы оқып, ұстаздар мен ата-аналардың сенімін ақтайтынын жеткізді. Аудан әкімі Ерлан Исабеков 1-сынып бүлдіршіндеріне «Әліппе» оқулығын табыс етті.
Алғашқы қоңырау соғу құрметі 1-сынып оқушылары Әділ Қанағат пен Айару Ғалымбекке беріліп, сыңғырлаған күміс қоңырау үні әуеледі. Оқушылар күрделі жөндеуден өтіп, сәні мен салтанаты астасқан мектепке кіріп, жаңа парталарға жайғасты.
Асхат Өмірбаев




