«Қайткенде қазақ ел болады, терезесі өзгемен тең болады?..» деп халқының жоғын жоқтап, ұлтын ояту жолында ерен еңбек еткен ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақта газет, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газет, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан-жылға ілгері басып келе жатқанда жоғалмас», – деп үміт еткен-ді.
Рас, бүгінде бізде оның бәрі бар. Газет-журнал, кітап атаулы жер-жерде басылып шығып жатыр. Бірақ өкініштісі, соны оқитын, ондағы ой маржанын көңілге тоқитын жұрт аз. Әсіресе жас буын тасқа басылған дүниеге көңіл аударудан қалып барады. Есесіне олар қатары күн санап артып жатқан әлеуметтік желілерге жіпсіз байлануда. Мысалы, бір ғана YouTube арнасынан күн сайын көрілетін видеолар саны 2 млрд-тан асады, сондай-ақ хостингті қолданушылар легі жыл сайын 40 пайызға артып отырады және дерекке жүгінсек, көрермендерінің тең жартысынан астамы – жастар, балалар. Көретіндері, негізінен, орыс тіліндегі дүниелер. Сол YouTube-тағы «Маша мен аю», «Көк трактор», «Чаггингтон» сияқты санынан адам жаңылатын мультфильмдерді қарап-ақ кейбір бүлдіршіндердің тілі орысша шығып жатқанына куәміз. Тіпті соны мақтаныш көріп, өзі оңдырып білмесе де балаға ілесіп орысша шүлдірлейтін ата-аналар да бар. Кішкентай кезінен құлағына, жанына сіңісті болмаған соң, ол бала ана тілінің нәрін бойына қалайша сіңіреді, ой-танымы, талғамы қалайша ұлттық негізде қалыптасады?!
Өткен ғасырдың басында қазақтың сауатты деген адамдарының басым көпшілігінің тілі татаршаға, орысшаға бейім болғаны немесе соларды ана тілімен араластырып, қойыртпақ тіл жасағаны жанын жүдеткен Ахмет Байтұрсынұлы, ұлт тілінің табиғи қалпын сақтау үшін күресті, сөйтіп, қазақ тілінде оқыту тәсілін ұсынды, «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» деген ұстанымда болды. Бастауыш мектептің саясат құралы болмауы керегін ескертті. Ұлы ағартушының: «Үкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болуы, әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталуы. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек», – деп жазғаны соның айғағы.
Ал бізде қалай болды? Мектепті тәжірибе алаңына айналдырғанымыз аздай, үш тілді қатар тықпалап балабақшадағы ұл-қызға, одан қалса, білім ұясының табалдырығын жаңа аттаған, әліпті таяқ деп білмейтін өрендерге қысастық жасадық. Өзге тілдегі мультфильмдерді көре-көре, тілі онсыз да орысша сынған балалар сосын ана тілін жақтырмағанда қайтсін?! Сонда бұл саясат емей, немесе?!
Бір қуанатынымыз, бұдан былай балалар 1-сыныпта тек қана қазақ тілінде оқиды, орыс тілі мен ағылшын тілінің бірі – 2, екіншісі – 3 сыныптан бастап оқытылады деген хабар шықты. Ел-жұрт, зиялы қауым тарапынан талайдан бері айтылып жүрген ұсынысты құп көрген еліміздің Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жақында осындай оңды шешім қабылдағанын айта келе: «Зерттеу мен сараптау барысында 1-сынып оқушысына бір мезгілде үш тілде сөйлеп үйрену қиын болатынын көрдік», – деп мәлімдеді.
Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, бұл да болса, бала оқыту ісін дұрыстауға, демек елдi түзеуге деген бетбұрыс болса керек. Өйткені, Ахаңа жүгінсек, болыстық та, билiк те, халықтық та оқумен түзелмек.
Қиын-қыстау заманда талай теперішті көре жүріп те өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан қол үзбеген ұлт ұстазы: «Жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеле- нуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс» деп есептеді және соны аманат етті.
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын.
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», –
деп жазған ұлы ағартушының оқу-ағарту тұрғысындағы тұжырымдарын зерттеп, зерделеу, қаперде ұстау білім жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет болып тұрған бүгінгі таңда аса маңызды.
Роза ҚАРАЕВА





