Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», – деп текке айтпаған. Өйткені еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жалынды жастарды қолдау, білім саласын өркендету үшін көптеген мәселелер айтылды.
«Тәрбие тал бесіктен», – дегендей Мемлекет басшысы білімді жастарды шығару үшін әуелі мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керектігін айтты. Расымен, балабақша білім ошағының алғашқы баспалдағы. Білім инемен құдық қазғандай. Сондықтан біз бүлдіршіндерімізді көп оқуға, білімді болуға мектепке дейінгі орталықтан баулуымыз керек.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы орта білім сапасын арттыру керектігін де баса назарға алды.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескере отиырып, жоғары счыныптардағы жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды күшейтуді тапсырды.
Заманауи білім – заман талабы. Ел Президентінің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынатынын естіген ауыл жастары ерекше қуанды. Біз осы жоба арқылы оқып-жетіліп, ауылдан талай білімді жастар шығарына сенімдіміз.
Сонымен қатар Жолдауда мектеп формасы барлық оқушыға қолжетімді болу, жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып жатқандығы айтылды.
Президентіміздің Жолдауда айтқан барлық бастамалары мен тапсырмалары көңілімізге қонды. Соның ішінде білім саласына қатысты маңызды мәселелердің қамтылуы мұғалімдер қауымын қуантады әрі сенім ұялатады.
Әнел ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қабан жырау атындағы шағын орталығы бар мектептің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі





