Желтоқсан. Бұл сөз қазіргі қазақ ұғымында жай ғана айдың атауы емес, тәуелсіздіктің бастауы тұрғысында қабылданатыны анық. Бүгін сол бір қаһарлы күндері өзінің кәсіби қызметін адал атқарып, кейін «желтоқсаншыларды» жазалау кезінде бір ғана суретімен биліктің берекесін кетіріп, құтын қашырған ҚазТАГ-тің фототілшісі Юрий Беккер туралы әңгіме қозғамақпыз.
1986 жылдың желтоқсан айы менің есімде мәңгілік сақталатын шығар, – дейді ол алыста қалған сол бір күндерді көз алдынан қайта өткізген Юрий. – Біз, КазТАГ-тің фототілшілері – Иосиф Будневич, Владимир Зинин және мен қазіргі Гоголь мен Абылай хан көшелерінің қиылысында орналасқан «КазТАГ» мекемесінің алдында тұрғынбыз. Осы кезде алаңға қарай ағылып кетіп бара жатқан студенттер мен жұртшылықты көрдік. Алаңда халықтың толқуы болып жатқанынан хабардар болатынбыз. Сондықтан кәсіби міндетімізді атқару үшін аппараттарымызды алып, сол жаққа беттедік. Алаңның екінші жағына кеткен Зининді МҚК (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) қызметкерлері бірден тоқтатып, фотоаппаратындағы пленкаларды жарамсыз етіп, қайтарып жіберіпті. Ал бізге Будневичтің танымалдығы арқасында жұмыс істеуге рұқсат берді. Тек, маған әскерилер кедергі жасамас үшін бір мойордың шинелі мен малақайын кигізген. Алаңда болып жатқан оқиғаларды біраз түсірдім. Бейбіт шеруде тұрғадар, екі жақ арасындағы келіссөздер, соңынан басталған қақтығыс та объективімнен тыс қалмады. Ал оқиға ширыға бастағанда алаңнан кетуге мәжбүр болғанбыз.
Фототілшілерге түсірген суреттерін ТАСС-тан (Кеңестер одағының телеграф агенттігі) басқа еш жерге жіберуге рұқсат берілмегені түсінікті. Жұмыстарына келіп, пленкаларын шығарған мезетте МҚК-нің адамдары келіп, түсірілген суреттерді мұқият қарап, өздеріне керегін алып кеткен екен. Юрий Беккер қайшымен қиып тастаған біраз пленканы білдірмей тартпасына тығып, аман сақтап қалған. Сол суреттер бүгін де қолданыста жүргенін айта кету керек.
1987 жылдың маусым айы. Бұл «желтоқсаншыларды» жазалау соттарының өтуімен есте қалған тарихи кезең. Осы кезде Ю. Беккерге сот процестерін суретке түсіру міндеті жүктеледі. Осының алдында ғана Кеңсайдағы молаларды қиратқан вандалдардың сотын түсірген фототілші еш кедергісіз сот залына кіруге рұқсат алып, өз жұмысын атқарады.
Мен фототілші ретінде өз қызметімді ғана атқардым! – дейді Юрий Зельманұлы сол кезең жайында. – Сот отырысының барысынан бірер сурет, айыптау қорытындысын оқып тұрған сәттен бірнеше сурет түсірдім. Айыпкерлердің біріне өлім жазасы кесілетіні белгілі болатын. Ол адам өлтірді деген баппен сотталып отырған Қайрат Рысқұлбеков екенін де сездік. Үкім айыпталушылардың өтініші бойынша орыс және қазақ тілдерінде, 45 минутқа жуық оқылды. Бұл кезде жігіттер бастарын тік көтеріп, сабырлықпен тыңдап тұрды. Ал сот төрағасы үкімді оқып тұрғандықтан басын төмен түсіргені түсінікті еді. Төрағаның үкім шығарғанын күтпестен шығып кеткенмін. Себебі, суреттерді ТАСС пен ҚазТАГ-қа шұғыл дайындап беруім керек. Фотолабораторияма келісімен суреттерді шығарып, әдеттегідей ТАСС пен ҚазТАГ-қа тапсырдым. Олар өз кезегінде газеттерге жолдаған. Бар-жоғы осы ғана.
Бұл суреттер ертесіне О. Бабичтің жазған мәтінімен Алматы облысына тиесілі «Жетісу» мен «Огни Алатау» және ұйғыр тілінде шығатын «Коммунизм туги» газеттеріне жарияланады. Газет қолына тиісімен Г. Колбин ашуға булығып, тағы бір дау-дамайды бастап жіберген еді. Оның пікірінше, сотталушылар өз кінәларын мойындап, төменшіктеудің орнына, еңселерін тік ұстап, айналаға жеңімпаздарша қарап тұр. Рухтары сынбаған, айыпты екеніне бас имеген кейіпте. Ал сот төрағасы керісінше өз айыбын түсінген адамдай төмен қарап қалған. Бұл сурет Қазақстан Компариясының бас хатшысына шектен шыққан өрескелдік болып көрінген. Ол дереу осыған кінәлі адамдарды жазаға тартуды тапсырады. Нәтижесінде суреттерді жіберген ҚазТАГ-тың басшысы Жұмағұл Исмағұлов, хроника бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Вележанский, «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақып және фототілші Юрий Беккер партиялық тұрғыдан жазаланып, жұмыстан қуылады.
«Желтоқсаншылардың» сотынан түсірілген бұл суреттер шетелдік басылымдарға да жарияланғаны белгілі. Германиялық бір журнал «Қазақстандағы демократия» тақырыбымен суретті мұқабасына шығарып, ол үшін авторға 450 сом қаламақы жібергені Ю. Беккерге бәле болып жабысқаны тағы бар. Қырағы МҚК-нің қызметкерлері бұдан да «жымысқы әрекетті» көрген сияқты. Ол өз алдына бөлек әгіме.
Өмірдегі әрбір күнің есіңде қала бермесі анық. Алайда, тағдырыңа, айналаңа әсер еткен бір мезет мәңгілік жадыңда сақталып қалуы әбден мүмкін. Юра Беккер үшін 1987 жылдың 16-шы маусымы осындай жұлдызды шақ болса керек. Ол үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін Қайрат Рысқұлбеков пен Түгелбай Тайшенов, Жамбыл Тайжұманов, Қайыргелді Күзембаевқа үкім шығарылған сол бір мезет Ю. Беккердің суреті арқылы жалпақ жұртқа жария болып, өр рухты ұлдарымызға тағзым жасауға жалғасқандай. Бір ғана мезет және мәңгілік…
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
Алматы қаласы





