Қазір дүниежүзі бойынша Сovid-19 індетімен күрес жүргізіліп жатқаны мәлім. Бұл ретте әлемдік індеттің онкологиялық аурумен ауыратындарды да айналып өтпегені жанға аяздай батады. Өткен жылдан бері қатерлі ісікпен ауыратын 14 науқас коронавирустан көз жұмған. Бұл турасында «Jetіsý Media» ақпараттық алаңында «Сovid-19-дың қатерлі ісікке әсері» тақырыбында өткен брифингте айтылды.
Баспасөз мәслихатында Алматы аймақтық көпсалалы емхананың директоры Саяхат Олжаев облысымызда қатерлі ісікке шалдыққан 15368 науқас бар екенін, оның 60 пайызы ем қабылдап жатқанын жеткізді. Міне, осындай ем-шара қабылдап жатқан науқастардың да індетке қарсы вакцина алып, өмірін сақтап қалуға болатындығын алға тартты.
– Бәріңізге белгілі, қатерлі ісікпен ауыратын жандар қандай да бір инфекцияға төзімсіз келеді. Ол қатерлі ісіктің жаңа түзілулеріне жасалатын арнайы терапиялардың әсерінен. Коронавирус жұқтырған қатерлі ісікпен ауыратындардың төмендегідей ауру белгілері болады. Ол: жөтел, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, демнің жетіспеуі, бас ауруы, діріл, тершеңдік, физикалық белсенділіктің төмендеуі. Бұған қосымша екі науқаста қаназдық пен қанда нәруыздың азаюы байқалған. Бұл белгілер қатерлі ісіктің одан бетер өршіп, науқастың жағдайының нашарлауына алып келеді. Америкалық әріптестеріміздің зерттеуі бойынша да COVID-19 инфекциясының асқыну деңгейі жай адамдарға қарағанда онкологиялық аурулармен ауыратындарда әлдеқайда жоғары. Сондықтан да америкалық және италиялық ғалымдардың «қатерлі ісікпен ауыратындарды бірінші кезекте вакциналау керек» деген пікірлері сәйкес келуде. Бірақ, екпені химия терапия алдында 14 күн бұрын немесе химия терапия қабылдағаннан 14 күн кейін салдыру керек.
Вакциналау бұрын қатерлі ісікпен ауырған, қазір де ем қабылдап жүрген науқастарға бірдей ұсынылады. COVID‑19-дың қолда бар «Гам-Ковид-Вак» (Спутник-V), «Pfizer/BioNTech», «Moderna», «Janssen/Johnsson and Johnsson» вакцинасының құрамында «тірі» вирус жоқ, сондықтан тіпті иммундық жүйесі әлсіреген жандар үшін де қауіпсіз болып табылады, – деді ол.
Бұдан соң журналистер сауалдарына жауап берген баяндамашы бүгінге дейін қатерлі ісікке шалдыққандар арасында 21 науқастың коронавируспен ауырғанын жеткізді.
Алма ЕСЕНБАЙ




