Бизнесті мемлекет тарапынан қолдау кәсіпкерлік секторды ынталандырып, дамытуда үлкен рөл атқарады. Осы тұрғыдан келгенде жетісулық кәсіпкерлер бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасына белсене қатысып, өздерінің мүмкіндігін толық пайдалануда. Әсіресе, мұндай қолдау өткен жылдан бері орын алған пандемия жағдайында қалыпты жұмысына кедергілер кездескен кәсіпорындар мен бизнес суъектілерінің жұмысын жетілдіруге үлкен серпін берді. Бұған «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз туры аясында көз жеткіздік.
Баспасөз туры басталмас бұрын «Даму» қорының аймақтық филиалында «Алматы облысында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда өңірлік филиал директоры Әбілахат Балтаев «Даму» қорының жетісулық кәсіпкерлерді қаржылай қолдау нәтижелері туралы айтып берді.
Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста жалпы несие сомасы 60,2 млрд.теңгені құрайтын 775 жоба субсидияланған. Олардың ішінен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 31 млрд.теңгеге 163 келісімшарт, «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы бойынша 20 млрд. теңгеге 9 келісімшарт қолдау тапқан. Биыл ішінара кепілдіктердің өсуі байқалыпты. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына кепілдік бойынша кәсіпкерлердің жалпы сомасы 20 млрд. теңге болатын 757 жобасы қолдау тауыпты. Олардың ішінен «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелендіру сомасы 12,5 млрд. теңге, кепілдік сомасы 4,4 млрд. теңгені құрайтын 83 жоба «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясында несиелік сомасы 6,9 млрд. теңге, кепілдік сомасы 3,2 млн. теңге болатын 9 жоба қолдау тапқан.
Әрине, осының өзінен-ақ, аймақтағы кәсіпкерлерге қаншалықты деңгейде мемлекеттік қолдау көрсетіліп отырғанын білуге болады. Баспасөз конференциясынан кейін журналистер аймақтағы түрлі қызмет саласында өздерінің бизнес-идеяларын іске асырып жатқан үш кәсіпорынды аралап, олардың жұмыс барысымен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы біліп қайтты.
Журналистер ең алдымен Іле ауданының Өтеген батыр кенті, Жерұйық көшесі, 13 мекенжайында орналасқан полиэтиленнен жасалған сапалы құбыр жүйелерін өндіріп, жеткізетін отандық қуатты кәсіпорындардың бірі «Pipe-Plast Company» ЖШС-не барды. Аталған өндіріс орны суды (диаметрі 16-630 мм) және газды (диаметрі 16-630 мм) тасымалдауға арналған полиэтилен құбырларын шығарады. Барлық өнімдер Қазақстанда енгізілген халықаралық ISO стандарттарына сәйкес. 2012 жылғы World Quality Commitment Paris бен 2013 жылғы International Quality Summit New York байқауының жеңімпазы. 2021 жылы компания ForteBank АҚ арқылы айналым қаражатын толықтыруға 14%-бен несие алды.
Жобаны «Даму» Қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қолдап, пайыздық мөлшерлемесінің 8%-ын субсидиялады. Аталған қордың көмегі кәсіпорынның өткен бір жылдағы қиындықтан қиналмай шығуына үлкен серпін берген көрінеді. Бүгінде өндіріс орны 40-тан астам адамды жұмыспен қамтумен қатар, аймақты су және газ құбырларымен қамтамасыз ету үшін барын салуда.
Келесі нысан Қоянқұс ауылындағы еліміздегі желдету жабдықтары мен климат технологияларды шығаратын жетекші және жалғыз кәсіпорын «АВЗ» ЖШС болды. Қазірдің өзінде зауытта 150-ден астам адам жұмыс істейді. Айта кетерлігі, «АВЗ» ЖШС шығаратын желдету жабдықтары құрылыс каталогтары мен анықтамалықтарына енгізілген. Жобалаушылар мен кәсіпорындардың техникалық қызмет бөлімдері жаңа құрылыс жоспарлаған кезде немесе ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде оны міндетті түрде басшылыққа алады. Жалпы өндірістік және түтін шығаратын желдеткіштер, өрттен сақтайтын, түтінді кетіретін өндірістік клапандар, орталық жақтау панелінің жабдықтау камералары, ауаны жылыту жүйелерінде қолдануға арналған тор, сүзгі, демпферлер, тағы да басқа желілік элементтер шығарады. Биыл аталған кәсіпорынға «Нұрбанк» АҚ айналым қаражатын толықтыру үшін 100 миллион теңге көлемінде несие берді. «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 38,9 млн. теңгеге кепілдік бере отырып, жобаны қолдады. Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында субсидиялап, мөлшерлемесін 14%-дан 6%-ға дейін төмендетті.
Ең соңында «Қазақстан алюминийі» ЖШС-де болдық. Ол еліміздегі «Hoffmann aluminium» сауда белгісімен алюминий профильдерін өндірумен маманданған үш көшбасшы кәсіпорынның бірі. Сондай-ақ, алюминий профильдерін шығаратын жоғары технологиялы толық циклді зауыт. Зауыт алюминий құйып, профильдерді бояудан бастап, қаптауға дейінгі өндіріс басқыштары механикаланып, автоматтандырылған жоғары деңгейлі ең заманауи қондырғылармен жабдықталған. Осындай заманауи технологияның көмегімен өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін электр мен газ тұтыну көрсеткіші айтарлықтай төмендетілген. Мамандары жоғары білікті, Түркияның ең ірі ғылыми орталығымен бірлескен зерттеулер жүргізіп, әлемдік танымал өндірушілердің тәжірибесін зерттейді. «Қазақстан алюминийі» ЖШС-нің заманауи өндірістік жабдықтармен қатар өзінің техникалық бөлімі бар, онда жаңа жүйелер мен профильдер әзірленеді, зерттеулер мен өнім сапасын бақылау өндірістің барлық кезеңінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта өндірісте құю, пресс, бояу, анодтау сияқты 4 цех бар. Онда алюминий профильдердің 1000-нан аса түрі өндіріледі. Аталған компания «Сбербанк» АҚ ЕБ-тен 500 млн.теңге көлемінде 14%-бен несие алды. Несие «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында субсидияланып, қазір кәсіпорын төлейтін мөлшерлеме 6%-ды құрайды. Сондай-ақ, «Даму» қоры 250 млн.теңгеге кепілдік беріпті.
Жалпы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі операторы және интеграторы болып саналады. Қор бағдарламалары үш негізгі бағытта жүзеге асады. Ең алдымен кәсіпкерлер үшін қаржыландыру көлемін ұлғайту және қолжетімділігін арттыруды көздейді. Кәсіпкерлер секторының әртараптануына көмек көрсету және оның индустриалды-инновациялық дамуын қолдайды. Жаңадан жұмыс бастаған кәсіпкерлерді және шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпорындардың менеджментін оқыту, шетелде машықтану, сервистік және ақпараттық қолдау негізіндегі кәсіпқойлығын арттыруға көмек береді. Біз бір күндік баспасөз туры барысында кәсіпорындардың осы мүмкіндікті толық пайдаланып жатқанын көрдік. Сондай-ақ, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, олардың ел экономикасын дамытып, әлеуметтің әлеуетін еселеп, бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатып жатқанына көз жеткіздік.
Қажет АНДАС





