Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 6-сынып оқушысы Ранона Жәлелқызы «Қазақстан Республикасының 100 дарынды оқушылары» тізіміне енді.
«Білім Өркениеті» Ұлттық инновациялық зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық байқауда қаршадай ғана Ранона «Менің болашақ мамандығым» үздік эссесі үшін І дәрежелі орынға ие болды. Дарынды оқушының жұмысы «ҚР 100 үздік дарынды оқушысы» кітабына енді. Жас дарын таланты мен көшбасшылығы үшін сертификат пен «Дарынды оқушы» төсбелгісімен марапатталды.
– Адамның бәрі талантты. Тек еңбек етуге келгенде көпшілігіміз жалқаулық танытамыз. Талант дегеніміз 99 пайыз еңбектен тұрады. Сол үшін барлық оқушыларға еңбек етуден шаршамаңыздар дегім келеді. Аяулы анам Толқын Жәлел маған үнемі: «Адам әрқашан білімге ұмтылуы керек» деп айтады. Маған туыстарым, ұстаздарым, достарым үнемі сенім артады. Жақындарымның үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімді саламын. Болашақта республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі жарысқа белсенді түрде қатысуға дайынмын, – дейді білімді шәкірт.
Небәрі 12 жастағы Ранона біраз жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырып үлгерген. Оның білім саласындағы жетістіктерінің өзі бір төбе. Атап айтсақ, 2018 жылы облыстық «Бала әлемі» шығармашылық байқауына, «Ұлы дала ұрпағы» республикалық фестиваліне қатысып, алдыңғы қатардан көрінді. Сонымен қатар, Халықаралық «Шексіз математика» олимпиадасында II орын алса, 2019 жылы республикалық ғылыми-зерттеу «Зерде» байқауының жеңімпазы атанып, «Қазақстан күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы» атты ғылыми жобалардың халықаралық байқауында Гран-приді иеленді. Бұл жас талант үшін өте үлкен жетістік.
Болашақта Ранона омарташы болуды армандайды. Өз арманына бүгіннен қол созуды бастаған өжет қыз өткен жылы облыстағы барлық ара шаруашылығына барып, жұмыстарымен танысып, балдың пайдалы қасиеттерін, құрамы мен негізгі түрлерін терең зерттеді.
– Мен балдың адам денсаулығына тигізетін пайдасы туралы көп білдім. Сондықтан мен өз болашағымды ара шаруашылығымен байланыстырғым келеді. Өзіме бал араларын бақылап, зерттейтін мамандық қатты ұнайды. Бұл кішкентай тіршілік иелері мені әр кез таңдандырады. Елімізде үлкен бал шаруашылығының дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Ранона Жәлелқызы.
Бүгінгі таңда Ранонаның қоржынында 160-тан астам мақтау қағаздары мен диплом, Құрмет грамоталар және медальдар бар. Олай болса, дарынды да талантты шәкірт Ранона Жәлелқызына сәттілік тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЙ





