Өмір-дарияның толқындары сырғып аққан сайын, күні кеше ғана жаныңда жүрген жақсы аға-інінің бақи дүниеге мәңгі сапар шегіп, қатарының сиреуі табиғи заңдылық тәрізді. Олардың арасында өзі өмірден өткенмен, тірлікте істеген жақсы істері жүрекке шуағын төгер мәңгі естелік болып қалатын асыл жандар болады. Солардың бірі – өңірдегі ауылшаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығының өркендеуі жолында зор еңбек еткен, саналы ғұмырын ел дамуына арнаған Сүлеймен Көшкінов еді.
«Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болғандықтан, ол адам бақыт не екенін біліп, өзінің мақсатына ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуі тиіс екенін біліп алуы қажет», – деген екен атақты ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Осындай ең жоғары бақытқа жетуде ғибратты еңбекқорлық қасиетімен, табандылық істерімен, кісілік қелбетімен танылған Сүлеймен Босқынбайұлы ерекше ел ықыласына бөленген жан еді. Еңбекқорлықты, тұрақтылықты темірқазық етіп ұстанған Босқынбайдың Сүлейменін қазақтың бүгінгі замандастары мен келер ұрпақ өкілдері де мәңгі жадында сақтайтыны сөзсіз. Себебі, бұл кісі «еңбек – байлықтың негізі, ғылым – өмірдің теңізі» екенін дәлелдеп өтті.
Жетісу өңірінің ауылшаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен Сүлеймен Көшкінов 1936 жылдың 17 қазанында Кеген ауданы, Меркі ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын туған жерін түлетуге арнаған асыл азамат 1957 жылы Талдықорған малдәрігерлік техникумын бітіріп, кіндік қаны тамған ауылындағы шаруашылықта кіші мал маманы болып еңбек жолын бастайды. Іскерлігі мен еңбекқорлығын жоғары бағалаған басшылар 1957 жылдан 1970 жылға дейін Кеген ауданындағы «Тоғызбұлақ» кеңшарында кіші зоотехник, ферма меңгерушісі, бас зоотехник сынды қызметтерге тағайындайды. 1970-1973 жылдары «Жылысай» кеңшарының бас зоотехнигі болса, 1973-1975 жылдар аралығында Панфилов ауданы «Көктал» кеңшарының бас зоотехнигі, 1975-1979 жылдары Гвардия ауданы Ленин атындағы асыл тұқымды мал зауытының директоры қызметін асқан абыроймен атқарады. 1979 жылдан 1980 жылға дейін Кербұлақ аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары, аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы болды. 1980-1985 жылдары Талдықорған аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, 1985-1992 жылдары Панфилов ауданы «Октябрь» қой кеңшарының директоры болып қызмет етті.
Осы тұстан бастап ағам екеуміздің таныстығымыз басталды. Мен сол жылдары партия комитетінің хатшысы қызметінде едім. Жас маман үшін Сүлеймен ағаның әр іс-әрекеті, еңбек ету тактикасы үлкен мектеп болды десем қателеспеймін. Үш жылға жуық уақыт ағалы-інілі болып жақсы араластық. Нәтижелі қызмет еттік. Жұмыс барысында қиындықтар да болмады емес, болды әрине. Әсіресе, мал бағатын шопандардың жетіспеушілігі үлкен қолбайлау болды. Ол кезде жалпы республика көлемінде мал шаруашылығына баратын жастардың саны азайып, орталық партия комитеті шешім қабылдай отырып, Шұбартау ауданының жастарының үндеуі шығып, жастарды мал шаруашылығына тарту кезеңі болып жатқан кезі еді. Көп жерлерде мал бағатын, мал бордақылайтын кешендер құрып, шұбартаулықтардың бастамасы бойынша 10-15 мыңға жуық малды бір жерде ұстап, жан-жаққа жартылай жайып, жартылай қолда бағу үрдісі белең алған болатын. Әрине, мұндай тәсіл асыл тұқымды малы бар, кең жайылымы бар, жалпы 45 мыңға жуық аналық асыл тұқымды малы бар шаруашылық үшін тиімсіз еді. Міне, осы кезде жастардың арасында үгіт-насихат және ынталандыру жұмыстарын жүргізу арқылы оларды осы салаға тарту жұмыстары кеңінен ойластырылып, шешімін тауып жатты. Міне, осы тұста ол кісінің бастауымен партия, кәсіп- одақ, комсомол және атқару комитеті билігінің қолдауымен көп мәселелер өз шешімін тапты. Сол кездегі бұл іс нағыз стратегиялық шешім болды деп айтуға толық негіз бар.
Сүлеймен Босқынбайұлы сол кезде жас мамандарды жігерлендіру мақсатында жақсы жағдай жасады. Атап айтар болсақ, материалдық, моральдық қолдау білдіре отырып, жастардың талабы бойынша шопандардың топ жиналысын да жиі-жиі өткізетін. Шаңырақ көтерген жастарға ерекше ықылас танытты. Тіптен, бір жылдары жайлауда бес бірдей жас шопанның үйлену тойларын өткізіп, үлкен өмірге аяқ бастырған-ды. Жас отбасыға көмек көрсету мақсатында алдарына мал салып беріп, әр отбасына жаңа қазақ үйден тігіп, үлкен көмек көрсетті. Мұндай мемлекеттік қамқорлықты сезінген жастардың жұмысқа деген ынта-жігері артып, сапалы жұмыс нәтижесін көрсете білді.
Мен өзім де мамандығым инженер бола тұра осы салаға үлкен ынта-жігермен араластым. Сүлеймен Босқынбайұлының мал шаруашылығы жөніндегі құнды әрі қымбат кеңестерін мұқият тыңдап, жадыма сақтап, болашақта өзім Ленин атындағы кеңшардың директоры болған кезімде мал шаруашылығындағы малшылармен және мамандармен мәселе шешкенде, осы құнды кеңестерге сүйене отырып, шешім қабылдағаным есімде. Тіптен, кейбір малшылардың: «Өзі жас, өзі мал маманы емес директордың осынша жағдайды жете білуі бізді таңғалдырады», – деген сөздерін де жиі-жиі еститінмін. Бұл енді әрине, кезіндегі Сүлеймен Босқынбайұлының айтқандарын жадыға сақтағанның белгісі еді.
Ол кісі қай жерде қызмет етсе де, ең бірінші азаматтығы үшін көпшілік қатты сыйлайтын. Ол қолынан келсе ешкімнен көмегін аямайтын. Біреуге жақсылық жасағысы келіп тұратын. Ауылшаруашығының білгір маманы болумен қатар ішкі дүниесі бай, аса бір мәдениетті жан еді. Ардақты ақсақалымыз қайырымдылық шараларына білек сыбана кірісетін. Оған Кеген ауданы Сейдахмет Босқынбаев атындағы Жайдақбұлақ орталау мектебінің озат оқушыларына өзінің зейнет-ақысы есебінен тоқсан сайын берілетін Көшкін Босқынбаев атындағы шәкіртақы тағайындағаны, көпбалалы аналардың дүниеге сәби әкелгендеріне өз атынан жәрдемақы үзбей беріп тұрғаны дәлел.
Сүлеймен ағамыздың ісі қарияға лайық. Мұсылманның бес парызын толық өтеп, имандылық жолын ұстанған ағамыз Жайдақбұлақ, Керімағаш ауылдарында мешіт салынуына ұйытқы болып, қаржы-қаражатын да, ақыл-кеңесін де аямады. Қазір имандылық ордасы жастардың көп жиналатын ізгілік орнына, көпшіліктің бас қосатын ақордасына айналды.
Оның өмір жолында еңбексүйгіштіктің, қоғамға адал қызмет етудің, адамгершілік асыл қасиеттердің жарқын үлгісі моншақтай тізіліп тұратын. Соның нәтижесінде Отанға сіңірген ұзақ жылғы ерен еңбегі үшін С. Босқынбайұлы «Құрмет» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, кезінде Кеңес одағының және Қазақстан Республикасының бірнеше медалімен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері», Алматы облысының, Панфилов, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы атағын иеленді. Мұның барлығы тек адал әрі нәтижелі ең-бектің жемісі.
Қазір ел көңілінен шығып отырған «Керімағаш» шипажайының өркендеуі, бүгінгі жеткен жағдайы Көшкіновтар әулетімен тығыз байланысты. 1997 жылдан «Керімағаш» санаториясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Сүлеймен Көшкінов салғызған шипажай жыл өткен сайын үлкейіп, қызмет көрсету аясын да кеңейтіп келеді.
Сүлеймен ағамыздың жемісті еңбек етіп, ел-жұртына сыйлы, бір қалыптан аумайтын жігерлі қайраткер болуы ол кісінің тату өмір сүрген сүйікті жары, сында да, шыңда да бірге болған Мәкен Ысқаққызының еңбегі екені де белгілі. Өмірлік жары екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары да мақтаулы, ата-анасы сынды еңбекқор жандар. Шипажайдың бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Болат Сүлейменұлы бүгінде әке аманатына қиянат жасамай, өз ісін асқан жауапкершілікпен орындап келеді. Екінші ұлы Ержан Президент аппаратында, үшінші ұлы Ерқанат ауылдағы шаруа иесі. Қызы Света ауданның әлеуметтік саласында қызмет етсе, үлкен қызы Алматы қаласында мұғалім. Ағаштың жапырақ жайып жайқалып өсуі – тереңге тартқан тамырына байланысты деген әфсана осындайдан айтылған шығар.
Қажыр-қайраты мен белсенділігінен танбаған абыз ақсақалды туған ауылы, өскен ортасы ерекше құрмет тұтты. Жан дүниесі рухани қазынаға толы, өмірден көргенін, тіршіліктегі түйген тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған биік тұлғалы, жаны жайсаң, тағылымы шексіз ағаның өмірі мен жүрген жолы кейінгі ұрпаққа шын мәніндегі өмір мектебі болып қала бермек.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық мәслихат депутаты, облыстың Құрметті азаматы,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы





