Талғар ауданындағы «КПК ZETA Талғар» зауытының жұмысшыларымен жүздескен «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Асқар Сүлейменов партияның сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, алдағы жоспарымен бөлісті.
Барлығы 600 адамды, соның ішінде 8 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтып отырған зауыттың жылдық айналым мөлшері 7 миллиард теңгені құрайды. Оның 1,2 миллиард теңгесі салықты өтеуге жұмсалатыны айтылған кездесуге Талғар аудандық мәслихатының депутаттығына үміткерлер Сұлтан Нұрдәулетов, Амангелді Сембаев, Мақсұт Омарбаев, Бақыт Күрішбеков, Роза Барақова да қатысып, ауданның өсіп-өркендеуі жайындағы ойларын ортаға салды. «Nur Otan» партиясының Талғар ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын тілге тиек еткен үміткер Асқар Сүлейменов:
– 2025 жылға қарай шамамен 8 мың жаңа жұмыс орнын құруға, жалақыны 137 мыңнан 190 мың теңгеге дейін арттыруға, жұмыссыздық деңгейін 4,2 пайыздан 3,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Кемінде 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Келер жылы Талғар қаласында медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіру зауыты салынады, – деп 2022 жылы Кеңдала ауылдық округінде алма езбесін өндіру цехының құрылысы, 2023 жылы Нұра ауылдық округінде күн электр стансысының құрылысы басталатынын жеткізді. – 2025 жылы «KHAN 21 HOLDING» ЖШС атты Оңтүстіккореялық компания Талғар өзенінде су электр стансысын салуды жоспарлап отыр. Сол арқылы жергілікті халық тұрақты жұмысмен қамтылып, ауданның экономикасын өрістетуге күш салынады.
Үміткерлер кездесу соңында қойылған сұрақтарға жауап беріп, жұмысшыларды алдағы маңызды саяси науқанға атсалысуға шақырды.
Мәулен ӘНЕРБАЙ
«Nur Otan» партиясы Алматы облысының Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді. Тапсырыс беруші: Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы.





