Талдықорған: +35°C
$ 469.59
€ 536.22
₽ 5.96
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ЕЛ АНАСЫ АТАНҒАН

12.03.2021
КҮЛТӨБЕ
ЕЛ АНАСЫ АТАНҒАН
WhatsAppTelegramFacebook

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей, торқалы тоқсан жасына шаршамай-шалдықпай жеткен Қалиман апамның жас кезіндегі сұлу жүзін жасырған әжімдерге зер сала қарап, жүз сегіз жыл жасаған өз анамды еске алып қоямын. Марқұм анам ел ішіндегі жаңалықтарға құлағы түрік, зерделі жан еді. «Пәленше қайтті? Әлгі түгеншенің шаруасын реттеп берді ме? Ол қайтті?», ­­­ деп ағайын-жұрт пен ел аузында жүрген атпал азаматтардың ісінен хабардар болып, бәрін сұрастырып, санамалап, түгендеп отыратын.


Ел анасы атанған Қалиман апамның да қимыл-қозғалысын қарттық кезең аздап тежегені болмаса, әлі тың көрінеді. Есте сақтау қабілеті де сол қалпы. Менің қолымдағы диктофонға қарап қойып: «Мынауың қосылып тұр ма? Қызыл жарығы жанбай тұр ғой? Әділхан ағаңда осындай біреуі болатын. Соңғы кезде көзі көрмей, газет-жорналға беретін мақаласын магнит таспаға жазып отыратын», – деді. «Өзіңіз туралы көбірек әңгімелеңіз, апа», – деп өтінсем де Әділхан ағаны аузынан тастамай, екі сөзінің біріне қосып отырды. Қайтсін-ай, енді, көзден таса болса да көңілден кетпейтін қымбатты адамның асыл бейнесін сағынып, сартап болған сағыныш сезімін жүректен өшіре алмайды ғой.

Сөз қайраткер әкесі Ашадан атақты Ораз Жандосовтың үзеңгілес жолдасы болғандықтан «халық жауы» болып итжеккенге айдалып, сол азапты сапардан оралмаған, әкесі сияқты өзінің қайраткерлігімен күллі Жетісу өңіріне әйгілі, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Кеген ауданында оқу ісін басқарған Әділхан Зықаев жөнінде болып отырғанын еске салып қояйын. 

– Е-е, Әділхан ағаң: «Сен Суанның қызысың ғой. Демек, маған да бөтен емессің, – деп өзіне жарасатын әдемі күлкісімен сыңғырлай күлетін. Жарықтық, жымиып қойып, сөзін жалғастыра түсетін: «Білесің бе, ұлы жүзге жататын Суан руы жайында қазақ тарихшыларының ішінде алғаш тұшымды пікір айтқан қазақ арыстарының бірі – Мұхаметжан Тынышпаев. Оның жазуына қарағанда, сонау VII-VIII ғасырларда да Суан тайпасы болған. Суанның ұраны – Байсуан, таңбасы – Абақ. Ал Албан мен Суан қатар аталады. Алысқа бармай-ақ, атақты Сүйінбай ақынның қырғыздың шоң ақыны Қатағанмен айтысына жүгінсек те жеткілікті. Сонда ол бүкіл қазақ руларын мінездей отырып, Албан мен Суан жайлы былай деген еді: 

Алты аталы Албаным,
Албанымды қозғасам,
Саған түсер салмағым!
Көбікті сөзді көп сөйлеп,
Заты жаман Қатаған!
Әркімге тиді салдарың.
Албаным атқа қонғанда,
Тосырқаған торы аттай,
Бойыңда қалмас иманың!
Онан әрі Суаным,
Аз да болса жуаным.
Бүкіл дүние жүзінде,
Шөгіп жатқан мұнарым!

Осының өзі, біріншіден, Албан мен Суанның қаншалықты жақындығын көрсетсе, екіншіден, бұл рулардың ерте кезде соншалықты намысқой, жауынгер халық болғандығын паш етеді.

Ұмытты екен деме, мен сенің тегіңді жақсы білемін. Жігіттің үш жұртының бірі боп келетін, мені алақанына салып мәпелеген қайын жұртымды несіне ұмытайын?». 

Осылай дегенде оның бойын ерекше бір мақтаныш кернейді. «Ұмытқан шығарсың, мүмкін. Кәнеки, еске түсірші», – деймін жорта. Оған ренжімейді. Байсалды қалпынан аумай, әңгімелейді: «Сен ежелден Түргенде тұратын Суан ішіндегі Тұрсын тармағынан тарайтын Шойынбай әулетінің бір немересісің. Арғы бабаң Тұяқтың ұлдары Шойынбай, Ақберді және басқа да біраз туыстарың батыстан қоныс аударарда жері шүйгін, суы мол, малға жайлы, жеміс-жидекті, табиғаты тұрмыс-тіршілікке қолайлы осы Түрген өзенінің кең аңғарына кеп қоныстанған. Шойынбайдың жеті, Ақбердінің екі баласы туыстарымен бір ауыл болып Шығыс өтпей қалып қояды. Ал қоныс аударғандар кеңес дәуіріндегі ұжымдастыру кезінде Жаңаталап ауылын құрайды. Шойынбайдың алты ұлы – Мұха, Абықан, Жылкелді, Назарбай, Нақтабай, Смағұл. Кенжесі кейін Түрген ауылдық кеңесінің төрағасы болды. Бәрінің үрім-бұтағы Түрген мен Алматы төңірегінде. Сен болсаң, Шойынбайдың ортаншы баласы Жылкелді атамның қызысың. Мен сені айттырып барғанда, өздерің бір ауыл боп тұратынсыңдар. Қазір ғой, ол ауылдың түрлі рулармен аралас-құралас болып кеткені». 

«Шешемді, менің бауырларымды қоса айтпайсың ба?», – деп сұраймын ғой. «Е, шешеміз Нәркүл өзіміздің Қызылбөрік қой. Керейқұл Итемердің немересі Әмір, Шәмші, Мәди, Мадишамен бірге туған. Аужан Ниязбеков, Әубәкір Жүнісовпен шөберелес. Нәркүл шешеміз Жылкелді атамыздан Досай атты бір ұл, Қадиша, Қалиман есімді екі қыз көрген. Жалғыз ұлы Досай майдан өтінен қайтпады. Жылкелді атам да соғыс алдында дүниеден озған-ды», – дейтін ағаң байыптап.

– Сіздің толық есіміңіз Қалиман ба, апа?
– Иә, Қалиман ғой. Жұрттың бәрі Қамаш дейтін. Әділхан ағаң Қаман деп еркелететін. Кейін жұртқа осы Қаман деген атпен танылдым. Қадиша деген жар дегенде жалғыз апам болды. Оның зайыбы Мырзабай Бектұрғанов жездем мен Әділхан екеуі қатты сыйласатын. Сұраса келсе, жездем Әділханды студенттік кезінде қамқорлығына алған «атаман» Қожанның жан жолдасы болып шықты. Жездем адамның аңқылдағы, жалпылдақтың нағыз өзі еді. Аузын ашса, іш қыртысы көрініп қалатын өте қарапайым кісі-тұғын. Білімдарлығын, парасаттылығын айтсайшы. Әділхан оған «ауыл академигі» деп лақап ат қойып, онысы елге тарап кеткен-ді.

Ал біздің әулеттің жетекшісі, қамқоршысы соғысқа қатысып, мүгедек боп оралған немере ағам Несіпбай болатын. Несіпбай ағам орыс мектебінде отыз жыл директор болды. Ол да өте білімді, өнерлі, ақкөңіл кісі еді. Домбыра тартып, ән салғанда жұрттың көзі жұмылып, аузы ашылып қалатын. Әділхан ағаң оны «Түргеннің серісі» дейтін.

Әділхан ағаңның шежіреге жүйріктігі былайғы жұрт түгіл, қасындағы мені де таңғалдыратын. Кісі аттарын ұмытпай, ешбір шатастырмай, жатқа айтатын. Мен кейде одан өзіме туыс болып келетін кісілердің аты-жөндерін сұрап жүруші едім. Сонда Әдіш олардың маған қалай, қай жағынан туысатынын тәптіштеп түсіндіруден жалықпайтын. Сөйте тұра, оның рушылдығы әсте жоқ еді. «Тура биде туған жоқ» дегендей, руға, жүзге бөлу қаперіне кіріп-шықпайтын. Ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ақиқатын айтып, әділдіктің ақ туын жоғары көтеріп, осы биік те берік ұстанымынан айнымайтын. Жұрттың оған сырттай «Әділғазы абыз» деп ат қоюының сыры содан ғой. 

Бірде жазушы Бексұлтан Нұржеке- ұлымен танысқанын айтып келді. «Сенің жақын туысың екен ғой, білмеп пе едің?» деген сұрағын «неге осы уақытқа дейін онымен араласпай келдік?»­ деген мағынада түсініп: «Иә, Бексұлтан маған іні боп келеді ғой, бірақ, онымен қарым-қатынас жасайтындай мүмкіндігіміз болды ма?» дедім, ақталғандай. Бірақ, ол: «Бексұлтан біздің үйдің табалдырығын баяғыда-ақ аттап қойған», – деп жымиып, кітап сөрелерін нұсқап еді. Расында да, жазушының өзінен бұрын оның кітаптары төрімізден орын алып қойған-ды. Сонда біз ертеректе жата-жастана оқыған Бексұлтанның кітаптары сүйікті ақынымыз Мұқағалидың томдарымен иық тірестіріп тұрғанын мақтан тұтып едік. 

Содан бір күні ініміз Бексұлтан мен келініміз Айзашпен дастарқандас болудың сәті түсіп еді. Қанша дегенмен байқампаздығы басым боп келетін әйел заты емеспін бе, ішкі түйсігім екі арада – Бексұлтанның Әдішпен, ал, Айзаштың өзіммен ұқсастық бар екенін айтты. Оған кейін араласа келе көзім анық жетті. Бексұлтан да әзілқой болғанымен тумысынан өте мәдениетті адам екені бірден аңғарылады. Ол да Әділхан сияқты ойы жүйрік, кәсібіне адал, әділетсіздікке шыдай алмайтын кісі болып шықты.

Бексұлтанның «Әй, дүние-ай!» атты романын өзіміз көзіміз көрмейтін болғасын шөберелерімізге дауыстап оқытып, бір жылап алғанымыз есімде. Сонда Әділхан: «Бұл дегенің Әуезовтің «Қилы заманымен» қатар тұруға лайық дүние», – деді бірден. Кейін ол мемлекеттік сыйлық алғанда, өзіміз алғандай қуанып едік.

Туған күніме Бексұлтан Айзаш екеуі гүл әкеліп сыйлады. «Тоқсанға келген торқалы тойыңыз құтты болсын, апа», – деп құшақтағанда, елжіреп кеттім. Екеуіне алғысымды риясыз білдірсем де: «Әдіш, бұл маған ғана емес, саған, сенің ел алдындағы ерен еңбегің үшін көрсетіліп жатқан құрмет», – дедім іштей.
– Апа, сіз мектепте қырық жыл ұстаздық еттіңіз. Осы еңбегіңізге орай ол кезде екінің біріне беріле бермейтін «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» және «Еңбек ардагері» деген жоғары атақтарға ие болдыңыз. Ал сіздің соғыстан кейінгі ауыртпалығы аз болмаған кезеңде ешкімнің ойына келмейтін ағылшын тілінің пәнін таңдауыңызға не себеп болған еді? 

– Оның пәлендей себебі жоқ, – деді Қалиман апа сырын ашып. – Соғыстың алдында құрылған институтымыз соғыс аяқталарда «Казахский педагогический институт иностранных языков» деп аталып, қазақ қыздарын көптеп қабылдай бастапты. Мен болсам, жетіжылдық (ол кезде мектептер жетіжылдық болатын. Автор) мектептен кейін өзіміздің Түрген педучилищесінде үш жыл оқыдым. Әйтеуір, орысшаға жетікпін. Оны бітіргесін екі жыл бастауыш мектепте жұмыс істедім. Осы жағдайым ескерілген сияқты. Сөйтіп, оқуға емтихансыз-ақ қабылданған едім. Ағылшын тілінің пәнін әдейі таңдағаным жоқ. Мектепте қай тілді оқығанымызға байланысты болды. Институттан кейін жолдама алып, Шелек орта мектебіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып орналастым. 
– Әділхан ағамен институтта жүріп таныстыңыз ба?

– Жо-оқ, қайда-ан? Ол оқуын, ҚазПИ-ді айтам, менен әлдеқайда бұрын бітірген. Ол кезде ағаңның Кегенде жұмыс істеп жүрген кезі болатын. Ал мен Шелектемін. Ол мен туралы сыртымнан естіп, әдейі іздеп келген-тұғын. Сөзі сондай байсалды, салмақты. Алғашқы таныстығымызда-ақ: «Сенің өз еңбек жолыңды бастауыш кластарға сабақ беруден бастағаның өзіңе де үлкен сабақ. Білімнің бастауы сауатты оқудан, жазудан басталады. Ал бастауыш мектептің міндеті мен парызы – баланы сауатты жазуға, тез оқуға үйрету. Сол бастауышта алған тәжірибең ендігі сәтте ағылшын тілінің мұғалімі болған саған көп-көрім көмегін тигізуде. Солай емес пе?», – деп өзінің парасаттылығын байқатты. Сөйтіп, Қадиша апамның «Қамаш адал, парасатты жігітке кезіксе игі еді» деген ақ тілегі орындалып, Әділхан ағаңмен өмір жолымыз осылайша түйіскен-ді. 

Қалиман апа жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де, сол уақиғаларды күні кеше өткендей, еш қиналмастан еске алып отыр. 
– Айтшы, Әдіш, сен маған қандай жақсылық, бақыт сыйлайсың? – деп сұрадым бір күні, мені еркелете түссе екен деген тілегімді білдіріп.
– Алақаныма салып, өмір бақи аялап өтетініме сенші! – дейді ол менің жорта аңқаулана қалғанымды аңғармай.
– Алақаныңа сыймаймын ғой! – деп одан әрі аңқауси түсемін. 
– Көңіл сыйған жерге бәрі де сыяды, Қаман. Мен шағала боп ұшқан көңіл мен теңіз болып толқыған сезім алақанын айтып тұрмын, – дейді ол шын көңілін білдіріп.
– Мен де сенің патша көңіліңді табуға тырысамын, Әдіш. «Бас ием» деп, өмір бақи басымды иіп өтуге әзірмін, – деймін. Одан әрі оның тұнық судай мөлдіреген сезімін шынайы білдіргеніне шыдай алмай, шын жауап беріп.
– Ақылыңнан айналдым, Қаман, – дейді Әділхан қатты тебіреніп. – Мен ерте есейгеннен бе, көпті көргеннен бе, қос апамның тәрбиесін көкірегіме мықтап түйгеннен бе, ақылды әйелді бағаласаң – бақ, бағалай алмасаң – сор екеніне көзім әлдеқашан жеткен. Талай аласапыран заманды басынан өткерген, барды бағалай, жоқты түгендей білетін біздің аз ғана әулетті көрдің. Сені келін емес, туған қызындай көріп отыр. Екі енеңнің, осы айналдырған аз ғана әулеттің көңілін тапқаның – менің де патша көңілімді тапқаның. Екеумізге бар керегі – жарасым мен сыйластық қой.
– Иә, Әдіш, одан артық не керек? – деп басымды изеп, тамсана сөйлеймін мен, оның парасаттылығына қайран қалып. – Екеуміз танысқаннан кейін сен жыл бойы жазып тұрған хаттарыңда, өзің айтпақшы, айналдырған аз ғана әулеттің әрбір адамын өзіңше мінездеп, тәптіштеп суреттегенің көз алдымда. Мен осы әулетке келін болып түспей жатып-ақ, олардың бәрі менің туысыма айналып кетті. Бір ғажабы, сен оларды кәнігі жазушылардай айнытпай мінездепсің. География пәнінің мұғалімі емес, жазушы болатын-ақ жөнің бар екен.
– Сен не, географтар жазушы бола алмайды дейсің бе? – деп риясыз күледі Әділхан. – Алысқа бармай-ақ, Шоқан Уәлихановты алайықшы. Оны жазушы емес деп кім айтады? Жә, әзіл ғой. Ұлы ғұламамен теңесіп, маған не көрініпті?».
Қалиман апам әңгімелеп отырған біраз жайт Әділхан ағамның жазған кітаптарынан өзіме белгілі болса да, апамның аузынан шыққан әрбір сөзге әуес пейілмен сөйлете түскім келеді. Әрине, ол кітапта жазылғанның бәрін сөзбе-сөз қайталай бермейді ғой. Арасында мен білмейтін деректер алдымнан шыға келгенде, іштей таң болып отырамын. 
– Біздер отбасылы болғанда елде әлі де болса соғыс жарасының толық жазылып кете қоймаған кезі, – дейді Қалиман апа, өткен күндерді еске алып. – Тұрмыс қажетін өтейтін азық-түлік, нан, ет-май сатылмайды. Ауыл интеллигенциясы сияқты қоңыртөбел тіршілік кештік. Отбасымыз үлкен еді. Енем Опа, қайын сіңлілерім Клара, Әйкен, қайным Мысақұл бар. Үшеуі де оқушы. 

Жыл өтіп, біздің отбасымызда үлкен қуаныш болды. Біздерді ата-ана атандырған тұңғышымыз Ленамыз дүниеге келді. Ол Ленин туған күні өмірге келген-тұғын. Соны ырымдап Лена есімін бергенбіз. Лена дүниеге келер алдында жалғыз апам Қадиша қатты науқастанып, сәтті операциядан кейін мен оны күтіп жатқан едім. Толғақ ұстап, ілдалдалап, Шелекке әрең жетіп, сонда босандым. Бір аптадан кейін Әдекең қайнағам екеуі Жалаңашқа алып қайтты. Зықай әулетінде тұңғыш шөбере болғандықтан қайын атам Сансызбай (Ашадан атамыздың інісі) ерекше еркелетіп, әспеттеді. Ленаның тілі тоғыз айлығында шықты. Ленадан соң Бұлан, Ұлан, Нұрланымызды көрдік. Әжесі Башайы Ленаны «майқорегім» деп, айрықша қастерледі. Әкесі де тұңғышын «Ленча» деп еркелетті. Бірақ, Лена ерке болғанымен, жаратылысы ерекше, есті болды.

Оның кішкентай күніндегі мынадай бір жағдай әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Мен үйге том-том оқулықтармен қоса оқушыларымның бума-бума дәптерлерін алып келемін ғой. Түн ұйқымды бөліп, қызыл қаламды қолға алып, дәптерлерді тексерумен отырамын. Осыны Лена байқап жүрсе керек. Бір күні ол менен: «Мама, сіз дәптер бетіне қызыл сиямен көп белгі қойсаңыз, ол оқушы екі алады ғой, иә? Сонда сіз оған сабақта ұрсасыз ба?» – деп сұрады. «Иә» деп, басымды изеп едім: «Ұрыспаңыз, ол өкпелеп, жылап қалады ғой», – деді ол өзі танымайтын оқушыға аяушылық білдіріп. Мөлтілдеген жанарын көріп, жүрегім елжіреп: «Енді ұрыспайтын боламын, жаным», – деп уәде бердім. Содан кейін оқушыларыма жеки бастасам-ақ, кішкентай Ленамның мөлтілдеген жанары көз алдыма келе қалады да, тілімді тістей қоятынмын.

Қалиман апаның осы сөзінен кейін: «Сірә да, бұл да ата-анадан дарыған кішіпейілділіктің, жаны ашығандықтың, балалықтың көрінісі болар», – деп ойладым мен кішкентай Лена көз алдыма келіп. 
– Пәлі, әйел заты уайымшылдау боп келеді емес пе? – деп жалғастырды әңгімесін апамыз. – Мен Ленамыз есейіп, бойжеткенде, «күллі әулет боп алақанға салып әлпештеп отырған қызымыздың бағына қарай дұрыс адам кезіксе, абыройлы болар еді» деп ойлап, күні-түні «бағы жанса екен» деп іштей тілеуші едім. Сол тілегім қабыл болып, қызымның бағы жанып, бақытын – Бақытбегін тапты. Бақытбектің ата-анасы Рымбек (Рымбек Байсейітов Кеңес одағы кезінде республикамыздың Қаржы министрі болған. – Автор) пен Мағрипамен құда-құдағи болып, ел алдында абыройымыз асқақтады. «Құданы құдай қосады» деген сөз бар ғой қазақта. Құдаларымыздың мәдениетті, зиялы адамдар болғанына қуандық. «Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық» деп бекер айтылмаған ғой, сірә да. Құдалығымыз туысқандыққа айналып кетті десем, артық айтқандығым болмас. Енді, міне, сонау жас күндерінен жүректері бірге лүпіл қаққан Бақытбек пен Ленаның өзі әлденеше рет немерелі болып, бізге шөбере сүйгізді. Аллаға шүкір, – деді Қалиман апа, сөзін бір түйіндеп.

Сол Ленасы мектепте жақсы оқыды. Алғашқы күндерден-ақ оқуға деген ынтасы ерекше болып, сабағын ешкімнің көмегінсіз өзі даярлайтын-ды. Ол бала кезінен өзіне тапсырылған, өзі ден қойған іске асығып-аптықпай, ойлана қарап үйренген-ді. Алайда, көп бөгелетін сылбырлықты да жаны қаламайтын. Сондықтан, қолына алған ісін қашанда тиянақтап, алды-артын байыптап, бірақ, қарқындата дамыта білетін іскерлігі басым еді. Сөйткен Лена бүгінгі таңдағы нарық заманының үрдісіне орай өзіндік үн қосып, білікті кәсіпкерге айналды.

Баланың үлкені осындай болғасын, кейін туған ұлдары – Бұлан, Ұлан, Нұрлан да бір-бірінен үйреніп, оқу үлгерімдерінің жақсы болуымен ата-ана қолын ұзартты. Бұлан бала кезден физика, математика сияқты пәндерді құмарта оқып, экономикаға бейім болды. Институтта білім алумен шектелмей, ізденіп, ғылым жолына түсті, экономика ғылымының докторы болды. Нұрлан да ағасынан алған үлгімен ғылым жолына ден қойып, экономика ғылымының кандидаты атағын қорғап алды.

Қалиман апа басындағы орамалын түзете отырып, сөзін жалғады.
– Ұлтымыздың салт-дәстүрінің талайына тыйым салынған кездерде, көппен бірге көнуге тура келгеннің өзінде отбасымызда салтымыздан, дәстүрімізден көпе-көрінеу бас тартқан жоқпыз. Өлгендерге Құранымызды бағыштап, намазын үзбеген қарттарымыздан үлгі алып жүріп жаттық. Ата-әжелеріміз оразада ауыз бекітіп, намазын қаза жібермейтін. Балалар соны көріп, көкейге түйіп, құрмет тұтып өсті. Ал айт күндерінде бір-біріміздің үйімізден дәм татып, қарым-қатынасымызды жалғап жүре бердік. Сол кездерде де аналарымыз, енелеріміз наурызкөжелерін жасап, көрші-қолаңымен дәм-тұз бөлісіп жататын. 

Қызмет бабында қилы заманның, сол кездегі саясаттың талабымен намазға жығылмағанымызбен, қартайған шағымызда соның орнын толтыруға тырыстық. Десе-дағы, қажылыққа бару үшін мұсылман баласы іштей дайындалуы керек екен ғой. Жасыратын не бар, «қаймағы бұзылмаған қайран дінім, қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!», деп Мұқағали ақын көрегендікпен жырлағандай, осы күні қажылыққа бару да мұсылмандық парыз емес, әсіре мақтангершілікке айналып бара жатқан сияқты. Қажы атанған адам имандылықты берік ұстанып, жастар үлгі аларлық ғибратты әңгімелерді жиі айтып отырса керек. Әрине, Алла алдында әркім өзі жауап береді. Сөйтіп, Әділхан ағаң екеуміз құдаларымызбен ақылдаса отырып, шын ниет етіп, қажылыққа бірге барып келейік деп шештік, – деді Қалиман апа.

2000 жылы Әділхан аға мен Қалиман апа Мағрипа құдағиымен бірге Алла алдындағы бес парыздың бірі – қажылықты өтеу мақсатында Мекке, Мәдина қалаларына зиярат еткен-ді.

Иә, Әділхан аға мен Қалиман апа қызмет бабында бірі орысшаны, бірі ағылшын тілін майын тамыза сөйлегенімен, отбасындағы тәрбие, тіл мен ділді компартияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде де ұрпағының санасынан шеттеткен жоқ. Балаларының ешқайсысы да ана тілін білмейтін шүлдірлек болмады. Аты орысша демесеңіз тұңғыштары Лена ұлты десе, жаны қалмайтын қазақы мінезді болып қалыптасты. Ал балаларының бұлай өсуіне әкеден бұрын шешенің атқарар рөлі ерекше екенін дәлелдеп жатудың аса қажеті жоқ.

Балаға ат қоюда шетелдік есімдерге үйір болып бара жатқан мына заманда Әділхан аға мен Қалиман апаның ұлдарының Бұлан, Ұлан, Нұрлан болып қалай үйлесім тапса, немерелерінен бастап шөберелеріне дейін есімдері өз ұлтының ұлағатын білдіретін таза ұғымдарды қамтитынын айта кету ләзім. 

Немерелерінің алды мұхит асып, Американың топырағын басып жүрсе де, санасында, табиғатында туған елінің, жерінің, ата-әжелерінің ұлттық тәрбиесі қалыптасқан.

– Біздің әулетімізде қазақ есімдерінің бүтін галереясы бар, – деп жымияды Лена. – Менің атым ғана орысша. Бірақ, балаларымыздың, келіндеріміз бен күйеубалалардың аты-жөндері ғана емес, намыс-жігері де ұлттық тәрбиеден нәр алғаны анық.
Ал Әділхан аға мен Қалиман апаның әзірге оннан астам немересі, алты шөбересі бар. Олардың есімдерінің өзі әралуан: Ақмарал, Ұлжан, Мақпал, Айсана, Ғалия, Алуа, Дәурен, Күләш, Әлихан, Әлжан. Лайым ұрпақ жалғасы өрби бергей!

Отбасында сәбидің «іңгәлаған» дауысынан артық бақыт бар ма? Нәресте иісі не тұрады? Баланың өмірге келуі отбасын үлкен қуанышқа, бақытқа бөлеп әрі зор жауапкершілік жүктейді. Әулетте бұрынғыдан бетер ынтымақ пен сыйластық артады. Қай ата-ана да баланың қалайда кем болмай өсуін ойлайды. Баланың  өнегелі, әдепті болып тәрбиеленуіне, заманына лайықты білім алуына ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беру – ата-ананың ең жауапты борышы. Мұны әрбір отбасы білсе де, естен шығармағаны абзал. Жасыратыны жоқ, бала тәрбиесінде көп ретте әкеден гөрі шешенің ықпалы, тәрбиесі басым. Ана баланың сәби күнінен бас-аяғына қарап, зерделеп, жолдас-жорасы мен ортасының қарым-қатынасына баса мән беріп, ақыл-кеңесін айтып  отырады. Ана – баланың ақылшысы, тәлімгері. 

Қалиман апа өмірден түйген осындай ойларын жас ұрпақтың құлағына құя беруден жалыққан емес.

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ

Қатысты жаңалықтар

Астана «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық турнирін қабылдауға дайындалуда

Астана «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық турнирін қабылдауға дайындалуда

21.07.2026
Сарқандық спортшылар Азия чемпионатында жүлделі болды

Сарқандық спортшылар Азия чемпионатында жүлделі болды

21.07.2026
Отандық автобус бренді пайда болады

Отандық автобус бренді пайда болады

21.07.2026
Дербес деректерді қорғау талаптары күшейеді

Дербес деректерді қорғау талаптары күшейеді

21.07.2026
Қазақстан 190 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр

Қазақстан 190 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр

21.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.