– Балам, ақырын сөз, қатты сөз – екеуі бір сөз. Айтарыңды дауыс көтермей жеткіз.
– Жоқ, шеше, ол маған зіркілдеп сөйледі. Какой привет, такой ответ. Мен де боқтаймын.
– Ақымақты кешпесең, ақылдылығың қайсы? «Жақсы өзі де өкпелетпейді, жаманға өзім де өкпелемеймін»,– деген атам қазақ. Сабырлы бол, – дейді кейуана екі сөздің біріне келмей өрекпіп кететін әпербақан баласын әдептілікке шақырып. Аға ұрпақ аузы дуалы, сөзі уәлі қарттардан тәрбие алған. Сондықтан сөздің киесін ұғынып, обал, сауаптың көтерер жүгін түйсініп өсті.
Қазақ сөз құдіретін мойындаған халық. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындар жайлы «Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» дейді. Бүгінгі жастар «басыңды кесемін», «жағыңды айырамын», «жерге қазық қылып қағамын» деген жамандық шақыратын сөз тіркестерін жиі қолданады. Содан кейін шығар бір-бірін аямай, соққыға жығып жатқаны. Мұндайда қазақ «Тілмен байлағанды тіспен шеше алмайсың», «Бәле іздеген, бәлеге жолығады» деп түйіндейді. Бұл жөнінде психолог, облыстық аурухананың дәрігері Ақмаржан Тәшімова: «Не ойласаң сол болады. Біреуден кегімді қайтарамын деген ой жамандыққа итермелейді. Сөзге жан бітеді. Ызақор адам ауруға шалдыққыш келеді. Олар көбінесе жүрек талмасы, инсульт алуға бейім келеді. Жиі ашуланғандықтан, қаны басына шапшып, тамырларына ауыртпалық түседі. Ойды бұзар, жандүниеге салмақ түсірер фильмдер көрмеген абзал, – дейді.
Жастардың ашушаң, қансыз болуына не себеп? Отбасы ондай тәрбие бермейді. Балабақша мен мектеп – тәрбиенің бастауы. Бала біткен телефон мен әлемжеліге тәуелді. Қазақ экраны көрерменге тәрбие құралы бола алды ма? «Иә» деп айта алмаймыз. Әр елдің телеарнасына еліктеп жасалған ток-шоулар көп. Мысалы, «Қалаулым» немесе «QosLike» атанған бағдарламадан кім не тәлім алып жатыр? Қоғамға пайдасы бар ма? Жоқ. Соның орнына ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын, тарихты түгендейтін бағдарлама жасалса ғой. «QosLike» бағдарламасындағы қалыңдық немесе жар таңдай алмай ел алдында көз жасын көл қылғандардың болмысы кімге үлгі? Қызылшеке болғандардың ұрыс-керісі мақаланың басындағыдай мінез қалыптастыруда. Жастарға арналған кинолардың да шекесі қызып тұрған жоқ. Мысалы, әлеуметтік желідегі «Қайрат» фильмін көрдіңіз бе? Жөнге сала алмай жатқан қоғамды одан сайын кері кетіреді. Киноны бейәдеп сөздердің басын құрау үшін түсірген бе деп қаласың. Жастар еліктегіш. Әсіресе, өскелең ұрпақ «жаргон» сөздерді қағып алып айтқанды жақсы көреді.
Кино – қоғамдық сананы қалыптастырушы. Кино – тәрбие, кино – кәсіп, кино – туризм. Өткен жылы Түркия еліне сапарлап барғанда әлем «Сұлтан Сүлеймен» фильмі арқылы білетін Топқапы сарайын көрдім. Сарайға кіруге билет алу үшін ұзын-сонар кезек. Билет құны – 200 лир. Бізше 6000 теңге көлемінде. Сарайдағы гаремді аралаймын десеңіз оған қосымша билет аласыз. Сарайдың сән-салтанаты, дәулеті сол дәуірдегідей сақталған. Түріктер кино өнері арқылы елінің мәдениеті, тарихы, мұсылмандық ұстанымының тұңғиығына тартып әкетеді.
Мың өліп, мың тірілген қазақтың тарихы да тереңде. Сондағы хан сарайларының дәулеті мен сәулеті неге сақталмаған? Біз де тарихтың сан қыры арқылы әлемді таңқалдыра алатын едік қой. Хан-сұлтандардан қалған жәдігерлер кімнің еншісіне кетті? Кеңес одағының құрамындағы жылдары Петербордағы Эрмитажға әкетілді деген күннің өзінде дүниемізді түгендейтін уақыт болды емес пе?! Сан сұрақ, бірақ жауап жоқ. Біз арзанқол, ойлануды қажет етпейтін бағдарламалармен ғана шектеліп жүргенде басқалар өркениеттің көшіне ілесіп, алысқа кетті. Ендеше, тәрбие көзін тезге салайық. Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, көгілдір экраныңды түзе, қазақ!
Гүлжан Тұрсын





