Ж. Ермегияев атындағы орта мектепте «Бала тәрбиесі – ортақ іс» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті.
Жиында ұлттық құндылықтарды насихаттау, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, бала тәрбиесі жайлы арнайы баяндама оқылып, ата-аналар ашық пікір алмасты.
Қасиетті қара шаңырақтан түлеп ұшқан кешегі түлектеріміз бүгінде әр салада еңбек етіп, ел дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Академиктер, профессорлар мен ақын-жазушылар және өнер иелерінің біразы осы білім ордасынан қанаттанғаны бізді қуантады. Осыған орай «Сыңғырла, ғасырмен сырлас қоңырау» атты 100 жылдық тарихы бар мектептен қанаттанған кешегі түлектердің құрметіне арналған бейнекөрсетілім көпшіліктің назарына ұсынылды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебін бойына жиған ұрпақ тәрбиелеу, оларға білім беру бүгінгі отбасының, балабақшаның, мектептің, барша елдің міндеті екенін айтқан болатын. Осы қағидаға сүйене отырып ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, балаларға дұрыс бағыт-бағдар беруде аянбай еңбек етеміз.
Басқосу соңы оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мектеп өміріне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, демеушілік көрсеткен түлектер мен ата-аналарға мектеп әкімшілігі тарапынан алғыс айтылды.
И. ҚИЯЛБАЕВА,
мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Жалаңаш ауылы,
Кеген ауданы




