Жер жаннаты Жетісудың оңтүстік-батысында орналасқан, бір шеті әсем қала Алматыға тиіп тұрса, енді бір қиыры ежелгі Әулиеата, Тараз өңірімен шегаралас жатқан Жамбыл ауданында халық саны бүгінде 170 мың адамнан асты. Қасиетті ақындар мен батырлар елі атанған бұл аймақ алғаш Қастек ауданы деген атаумен құрылғанына 90 жылды, ұлы Жамбылдың есімін еншілегеніне 80 жылды еңсерді. Тарихы терең өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жаңа Қазақстан ұғымымен серпілген қазақ елінің арман-мүддесі мұнда қаншалықты орнықты? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде аудан әкімі Нұрлан ЕРТАСПЕН сұхбаттасқан едік.
– Нұрлан Ертасұлы, жер көлемі жағынан үлкен аудан мыңғырған малымен де облыста көш бастап тұр екен. Ендеше әңгімені де осы саланың жай-күйінен бастасаңыз.
– Аудан бұрыннан ауылшаруашылығына бейімделген. Салада былтырғы жылы өндірілген өнім көлемі 63,5 млрд. теңгені құрап, жоспар 102,1 пайызға орындалды. Фермерлер мен шаруа қожалықтарының басым көпшілігі мал өсіру және одан өнім алумен айналысып, ауқымды істер атқарып келеді. Сандарды сөйлетер болсақ, осы жылдың 1 қаңтарына аудандағы ірі қара малы 9,3 пайыздық өсіммен 116,2 мың басқа, қой мен ешкі 19,5%-дық өсіммен 861 мыңнан асып, облыс бойынша бірінші орында болса, жылқы саны 41,6 мың баспен 6,2%-ды, түйе 1 328 баспен 88,7%-ды құрап, екінші орында тұр. 573 мың бас құс саны 9,5%-ға артып, 6-орынды иеленді. Ауданда 26 мың тонна ет (105,8 %), 56 мың 567 тонна сүт (111,4 %), 108 млн. 183 мың дана жұмыртқа (88,4%) өндірілді. Көктемгі төл алу науқанынан кейін мал жайлауға көшірілуде. Егер қозысын қоса санасақ, қазір қойдың өзі миллион бастан асып жығылады. Күзде біразы жұмсалып, қайта кемиді.
Мал шаруашылығын кешенді өркендету жолында алға қойылған міндет өте ауқымды. Жасыратыны жоқ, бүгінде салада білікті маман жетіспейді. Сондықтан маман даярлау кезек күттірмейтін мәселе. Осы мақсатта оқу мен өндірісті ұштастыруға мұрындық болып келеміз. Мәселен, көктемгі төл алу науқанында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 50 студенті ауданның шаруа қожалықтарына келіп іс-тәжірибеден өтті. Сөйтіп университет басшылығы мен аудан әкімдігінің келісімі бойынша жастарды сақпанға қатыстырдық. Мұндағы мақсат жастардың теориялық білімін практикамен ұштастыру және болашақ ауылшаруашылығы мамандарына машақаты көп мал шаруашылығындағы нақты жағдайды көзбен көрсету еді. Сақпан аяқталғаннан кейін аталған университетке барып, студенттермен кездестім. Олардың ой-пікірлерін тыңдап, өз тәжірибеммен бөлістім. Өзім де сол білім ордасының түлегі болғандықтан ба әңгімеміз жарасты. Тіпті оқуын бітіргеннен кейін ауданға жұмысқа келуге ықылас танытқандар болды. Алда да аграрлық университет ректоры Тілектес Исабайұлымен қоян-қолтық жұмыс істеуге, жастарды қай жағынан да қолдауға дайын екенімізді білдірдім.
Мыңбаев ауылындағы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу тәжірибе институтымен де мал тұқымын асылдандыру бағытында тығыз қарым-қатынастамыз. Ғылыми мекеменің өндірістік базасында қой мен ешкінің өнімділігі жоғары көптеген түрі өсіріледі. Институттың тәжірибе алаңында асыл тұқымды малдың көрмесі жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Ғалымдар мен фермерлер арасында тығыз байланыс орнағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Олармен тікелей іскерлік байланыстағы ауданның бірнеше шаруа қожалығы өздеріндегі мал тұқымын асылдандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Өйткені малдың санын арттырып қана қоймай, сапасын жақсартудың тиімділігі айтпаса да түсінікті. Нарықтық қатынас мықтап орнаған бүгінгі күннің басты талабы да осы. Нәтижесінде «Мұрынбай», «Ажар», «Еспе» шаруа қожалықтары «асыл тұқымды» деген мәртебе алған. Сонымен қатар мал өнімдерін тереңдете өңдеуге баса мән беріп, ет комбинаты, тауарлы-сүт фермасы сияқты өндіріс орындарын дамытуға күш салынуда. Осы бағытта табысты кәсіпорындар бар. Қасымбек ауылындағы ет өңдеу комбинаты, Қарақыстақ ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығы заманауи өндірістік базалар салып, жаңа технологиямен жұмыс істейді. Ауданда 7 тауарлы-сүт фермасы бар.
– Сіздің аудан әкімі болып тағайындалғаныңызға жыл толыпты. Әрине, бір жылдың ішінде барлық міндет-мұраттарды еңсердім деп ешкім де айта алмас. Дегенмен, оң өзгеріс жоқ емес. Одан хабардармыз. Аудан тізгінін ұстағалы жүзеге асырылған қандай істерді айтар едіңіз?
– Иә, осы қызметке келгеніме 15 мамырда жыл толғанымен аудан маған бөтен емес, өзімнің туып-өскен жерім. Оған дейін аудан әкімінің орынбасары болдым. Жалпы 2005 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. Оның көпшілігін осында атқардым. Мақсатымыз – Президент алға қойған тапсырмаларды орындап, ел-жұрттың жайлы, бақуатты өмір сүру деңгейін қалыптастыру. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ауданда кең көлемде жүргізіліп келеді. Бұл бағдарламалар аймақтың қаржылық көзін айқындап, әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге серпін беретін күш.
Көктемде Ұзынағаш ауылының ішінде қоғамдық көліктер қайтадан жолаушы тасымалдай бастады. Бұл аудан үшін үлкен жаңалық. Себебі 1990 жылға дейін аудан орталығында арнайы ауылішілік автобустар тұрғындарға қызмет көрсеткенімен кейін қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатып, оның орнын жеке таксилер алмастырды. Бірақ жыл өткен сайын такси қызметінің құны өсіп, тұрғындардың қалтасына салмақ салды. Аудан орталығында қоғамдық көліктің қажеттігі әсіресе кейінгі жылдары қатты сезілді. Себебі, елді мекен шегарасы кеңейіп, жаңа шағынаудандар бой көтеріп, халық саны еселеп артты. Тиісінше жолаушы тасымалына деген сұраныс өсті. Бұл мәселені біраз жылдан бері халық өтініш етіп келеді. Жыл басындағы халықпен есептік кездесулерімде тұрғындардан тағы да осындай сұрақтар түсті. Енді, міне, қарапайым халықтың тілегі орындалып, «Ұзынағаш автопаркі» ЖШС жолаушы тасымалын жолға қойды.
Қоғамдық көлік жолға шыққан алғашқы күндердің бірінде автобус жүргізушілерімен арнайы барып кездестім. Оларға жол қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау қажеттігін еске салып, жұмыстарына сәттілік тіледім. Ұзынағаш маңындағы «Аманат» мал базарынан бастап Ынтымақ ауылына дейін жүретін №1 бағыттағы автобусқа отырып, жолаушылармен бірге сапарлап қайттым. Ұзынағаш және онымен іргелес Жаңақұрылыс, Қайназар, Ынтымақ ауылдарында бүгінде 70 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде мектеп жасындағы балалар саны 15 мыңға жуық. Қоғамдық көліктер тек аудан орталығында ғана емес, сонымен қатар аталған елді мекендерге дейін қатынайды. Таксиге қарағанда бағасы да айтарлықтай арзан. Жолақысы үлкендерге 100 теңге, балаларға 50 теңге болып бекітілді. Бұл әсіресе көпбалалы отбасыларға біраз жеңілдік. Әзірге 8 автобус үш бағыт бойынша жолға шықты. Келешекте тұрғындар сұранысына қарай көлік санын арттырып, қосымша бағыттар ашуға болады деп ойлаймын. Кәсіпкерлердің қолдауымен халықтың тұрмысын жеңілдетуге сеп болар осындай игілікті істерді ұйымдастыруға қашанда әзірміз.
– Аграрлы аудан болғанымен өнеркәсіпті де дамыту қазіргі заманның басты талабы ғой. Бұл салада не жаңалық?
– Иә, аудан ежелден ауылшаруашылығы бағытын ұстанғанымен өндірісті дамытпай өсу болмайды. Өнеркәсіп саласында кейінгі жылдары біраз өзгеріс бар. Ауданда «Тексан-Қазақстан» атты қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны электр шамдары мен түрлі бұйымдар шығарады. Өнімдерінің сапасы жоғары, шетелдерге экспортталады. Қасымбек ауылы маңында «Сұңқар Алматы Құс» атты ірі құс фабрикасы жұмыс істейді. Үңгіртас ауылы жақта әртүрлі диаметрдегі заманауи полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт ашылған. Биыл Қарғалы ауылында «Орда трейд Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деген аты бар шай зауыты жұмыс істей бастады. Онда 55 адам жұмыспен қамтылды. Мұнда елімізге кең таралған 26 түрлі шай қорапталады. Өндіріс орны 0,25 гектар жерде орналасқан. Зауыт иесімен әңгімелескенімде өндірісті кеңейту ниетін білдіріп, ол үшін жер керек екенін айтты. Кәсіпорынның дамуына біз де мүдделіміз. Өйткені өндірісті өркендету бүгінгі күннің басты талабы. Бұдан салық түсімі ретінде аудан бюджетіне қаржы құйылады, ал тұрғындар жұмыспен қамтылады. Қазір осы мақсатқа арналған жер мәселесін шешудің мүмкіндіктері іздестірілуде.
Өткен желтоқсан айында Сарыбай би ауылында «AI-RAI OIL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сусын зауыты ашылды. Мұнда таза ауызсу мен сусындар және табиғи шырындар шығарылады. Жаңа өндіріс орны салынып, іске қосыларда ондағы жол мәселесінде, электр энергиясымен, сумен, табиғи газбен қамтамасыз етуде аудан әкімдігі тарапынан тиісінше қолдау көрсетілді. Қажетті қуатында жұмыс істейтін болса зауыт жұмысынан бюджетке жылына 150 миллион теңге көлемінде салық түседі. Бұдан басқа да кәсіпорындар нарық сұранысқа қарай өнім өндіреді.
Мемлекет басшысының елдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, кәсіпкерлерді барынша қолдау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес осындай жұмысты алдағы уақытта жалғастыра береміз. Өйткені ауылдық жерлерде өндіріс көлемін арттыру, өнеркәсіп кешендерін жандандыру, жаңа жұмыс орындарын көбейту сияқты жұмыстардың іске асырылуына ықпал ету бүгінде атқарушы билікке жүктелген басты міндеттердің бірі. Бұл орайда қолынан іс келетін азаматтарды үнемі қолдап, жастарды инвестор болуға шақырып жүремін, ауданды бірге өркендетуге атсалысайық деген ұсыныстар айтамын.
– Білім беру ісінің жайы қалай, үш ауысым мәселесі бар ма?
– Бұл сала қай елде болмасын бірінші кезекте тұрады. Өйткені ел болашағының қандай болмағы бүгінгі жас ұрпақтың алып жатқан біліміне байланысты. Сондықтан білім саласына үнемі баса назар аударып отырамыз. Ауданда 1317 түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. ҰБТ-ға соның 786-сы қатысады, оның ішінде 66-сы «Алтын белгіге», 73-і үздік аттестатқа үміткер. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ауданның жылдық бюджетінің 70 пайызы тек қана білім саласына жұмсалады. Соған қарамастан түйткілді тұстар да жоқ емес. Алматыға жақын орналасқан аудандар сияқты, мұнда да кейінгі жылдары демографиялық өсім жоғары. Жыл өткен сайын керегеміз кеңейіп, халық саны артып келеді. Ауданда жылына бес мыңнан астам нәресте өмірге келеді. Бұл қуанышты үрдіс, әрине. Алайда сәйкесінше қажеттіліктер де көбейетіні заңдылық. Соның бірі – мектеп. Бала санының артуына байланысты бүгінде үшауысымды 8 мектеп анықталып отыр. Олар Көкдала, Қайназар-1, С. Бердіқұлов, Ынтымақ, Ә. Бейсеуов, А. Қарсақбаев, Қ. Әбсәметов атындағы орта мектептер және Шолаққарғалы негізгі орта мектебі.
Жаңа мектеп салуға ауданның қауқары жетпейтіні анық. Оған мемлекет бюджетінен қомақты қаржы қажет. Бұл облыс, республикалық деңгейде шешіледі. Ол үшін аудандық деңгейдегі құзыретімізге сәйкес қажетті құжаттарын дайындау жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта кейбір ауылдық округтерде мектеп салу жоспарда бар. Осы орайда Қайназар-1 және Ынтымақ ауылдарына 300 орынды, Қарғалы ауылына 900 орынды, Ұзынағаш ауылына 600 орынды мектептерге жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. Одан бөлек Ұзынағаш ауылындағы өнер мектебінің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Өйткені бұл мектеп орналасқан ғимарат өте ескі. Ауданда 62 мектеп бар. Соның біразы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Жуырда Тарғап орта мектебінің күрделі жөндеуі аяқталып, пайдалануға берілді. Жобалау құжаттары дайындалып, тиісті мемлекеттік сараптамалардан өткеннен кейін аудан орталығы Ұзынағашта 1500 орынды мектептің құрылысы басталып кетті. Айта кетерлігі, мұндайда нысанның құрылысы басталғанға дейінгі дайындық жұмыстарының өзіне ұзақ уақыт кетеді. Тіпті бірнеше жылға созылуы да мүмкін.
– Денсаулық сақтау саласындағы ғимараттардың жайы қалай?
– Денсаулық сақтау саласына да мемлекеттен бөлінетін қаржы қомақты. Ауданда 54 емдеу-алдын алу мекемелері халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Осы мекемелердің 9 пайызының ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінгі күнге Б. Қыдырбекұлы ауылындағы дәрігерлік амбулатория үйіне техникалық қорытынды мен жобалау-іздестіру жұмыстары жасалып, жөндеудің жобалық-сметалық құжатын әзірлеу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсынылды. Былтыр Үңгіртас және Сарыбай би ауылдарына дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің жекеменшік емдеу орындары да тұрғындарға өзіндік көмегін тигізуде. Орталық аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі басты назарда тұр. Жуырда бұл мәселені де шешу қолға алынбақ. Тұрғындарға бұл ғимаратта толық қызмет көрсету мүмкіндігі болмағандықтан кейбір дәрігерлер мен медицина мамандары жаңа перзентхана ғимаратына уақытша көшірілді. Биылғы жылы жобалық құны 3 млрд. 211 млн. теңгені құрайтын, бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысының бастапқы жұмыстарына 1 млрд. 506 млн. теңге бөлінді. Бұйыртса, оның да лентасын қиятын боламыз.
– Нұрлан Ертасұлы, экономикалық дамудың басты көрсеткішінің бірі – құрылыс. Бұл салада қандай өзгеріс бар?
– Тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру мақсатында ауданда бірқатар шара жоспарланған. Мәселен, алдағы уақытта Ұзынағаш ауылының кіреберісінде әрқайсысы 5 қабатты 5 тұрғын үй бой көтермек. Оның әрбірі 60 пәтерлі. Өткен жылдың соңына таман жұмыс басталып, қазір онда көпқабатты үш үйдің өзектері құйылып жатыр. Қазіргі кезде үшінші қабаттары тұрғызылуда. Бұл нысандардың құрылысына, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мен жайластыруға және қазандығының құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 37 млн. 580 мың теңге бөлінген. Одан бөлек 1 млрд. 105 млн. 546 мың теңгеге жаңағы негізгі өзектері құйылып жатқан 5 қабатты 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ондағы пәтерлер несиелік жүйемен, кезек арқылы берілетін болады. Осы үш үйдің құрылысын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланды. Соның арқасында 180 отбасы қоныстойын тойлайтын болады.
Ал жеке тұрғын үй құрылысын салып жатқандар әр ауылда-ақ көптеп саналады. Осы тұста «Ақтерек» шаруа қожалығының төрағасы, 2017 жылғы республикалық «Алтын жүрек» байқауының иегері Темірлан Шайнүсіпов деген азаматтың ауданның, туған ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді түрде қатысатынын айтқым келеді. Темірлан ағамыз шаруашылық жұмысын жүргізу арқылы ауылдастарын жұмыспен қамтып қана қоймай Ақтерек ауылындағы аз қамтылған отбасыларға және өз жұмыскерлеріне 100-ден астам үй салып берген. Оған қоса туған ауылында балабақша, дүкен, ойын-сауық кешенін салып, спорттық алаң мен ауыл мешітінің құрылысына демеушілік көрсетті. Ауылды көгалдандыру үшін 1000 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызғанын тағы қосып қойыңыз. Жомарт кәсіпкер өткен жылдың қыркүйегінде көпбалалы отбасыларға тағы да үш үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Шараға арнайы барып, үйлі болған отбасылардың қуанышына ортақтасып, көптің алғысын алған азаматқа өз ризашылығымды білдіріп қайтқанмын. Ең бір қуаныштысы, ағамыз ауылда биыл тағы бес үй салдырып жатыр.
– Қаңтар оқиғасы ел ішінде тәртіп сақтау қызметінің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп берді. Ауданда бұл салада не өзгеріс бар?
– Иә, полиция қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік өте үлкен. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдары жүйесін реформалаудағы басты рөл телімдік инспекторларға жүктелгенін атап өткен болатын. Полицияның сервистік модулі, бірінші кезекте, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасауды білдіреді. Бұл бағытта ауданда жүзеге асырылған жақсы істер бар. «Қауіпсіз аудан» жобасы аясында ең ірі елді мекен саналатын Ұзынағаш және Қарғалы ауылдарында адамдар көп жиналатын жерлерге полицияның модульді постылары қойылды. Қарапайым тілмен айтсақ, полиция үйшігі деуге болады. Бұл полицияның жаңа сервистік жұмысының арқасында мүмкін болды. Онда полиция қызметкерлері күндіз-түні кезекшілік атқарады. Тұрғындардың бұл постқа арыз-шағыммен де жүгінулеріне болады. Дегенмен, бұл да жеткіліксіз екені байқалады. Өйткені бүгінде Ұзынағаштың өзінде халық саны 70 мың адамға жуықтады. Сондықтан алдағы уақытта қосымша полиция модульдерін ашу жағын қарастырып жатырмыз. Біз полицияның имиджін және халықтың сенім деңгейін арттыру туралы жиі айтамыз. Ол көбінесе учаскелік инспекторлардың жұмысына байланысты. Себебі, олар азаматтармен тығыз байланыста болады. Сондықтан олардың тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасау өте маңызды.
– Атқарушы билік қызметінің сапасы оның жұмыс істеуіне жасалған жағдайға тікелей байланысты. Осы орайда әкімшілік ғимараттары төңірегінде сөз қозғасақ. Аудан әкімдігі сырттай қарағанда көркі көз тартарлық ғимаратта орналасқан. Ал ауыл әкімдерінің қызмет орындарының жайы қалай?
– Дұрыс аңғарғансыз. Шындығына келсек, ауылдардың басым бөлігінде заман талабына сай әкімдік ғимараттары жоқ. Қызмет барысымен ел аралаған кездері қарапайым халық тарапынан ауылға жаңа нысанның, оның ішінде әкімшілік ғимаратының қажеттігі жөнінде ұсыныстар жиі айтылады. Бұл мәселе әсіресе халықпен кездесулер мен түрлі жиындарда көтеріледі. Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақ-станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылғандай, халық үніне құлақ асатын мемлекет орнату басты міндетіміздің бірі. Халыққа қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін ауылға заманауи әкімшілік үйі керек.
Ауданда үлкенді-кішілі 61 елді мекен бар. Олар әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша 24 ауылдық округке топтастырылған, яғни осынша ауыл әкімдігі жұмыс істейді. Өкінішке қарай, сол әкімдік ғимараттарының жартысынан көбі сын көтермейді. Біразы бұрынғы ұжымшар-кеңшарлардан қалған, әбден тозығы жеткен кеңселерде отыр. Жылу сақталмайтын ескі жайда қыста көмір жағатындары бар. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ, азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасауға қолбайлау. Бірден барлығына жаңа ғимарат салып тастау мүмкін емес. Дегенмен, ыңғайына қарай жаңа ғимаратқа көшкендер бар. Мәселен өткен жылғы желтоқсанда Самсы ауылында жаңа әкімдік ғимараты салтанатты жағдайда ашылды. Ауыл әкімдігі дегеніміз мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы жергілікті өзін-өзі басқарудың тетігі, тікелей мемлекеттік мекеме болып саналады. Әкімдік аппараты – халық пен билік арасындағы дәнекер, түрлі мемлекеттік қызметтерді жүзеге асырушы ұжым. Ауыл әкімдерінің кеңселері кезегімен салынатын болады.
– Өткен жылы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы елімізде және алыс-жақын мемлекеттерде жоғары деңгейде аталып өтті. Мерейтойлы жылды ақын атындағы аудан қалай өткізді, аймақтың мәдениет саласына тоқтала кетсеңіз?
– Былтыр Жамбыл ауылындағы ақын кесенесі қайта жаңғыртылды. Атамыздың өзі тұрған үйдің жанынан салынған галереясы қайта жаңартылып, суреттері, өлең-жырлары, бұрынырақта жарық көрген кітаптары заманауи тұрғыда қайта сарапталып, баспадан шықты. Бұдан бөлек, жыр алыбының 30 томдық өлеңдер жинағы белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының редакторлығымен басылып, жинақтың тұсаукесері Қазақ-Қырғыз елдерінің Мемлекеттік хатшыларының қатысуымен өтіп, арты халықаралық конференциямен жалғасқаны белгілі. Алматыдан киелі Тараз, Түркістан қалаларына сапарлаған «Жамбыл ізімен» атты экспедицияға мұрындық болдық. Жалпы мерейлі жылы ауданда жүзден астам әртүрлі іс-шара ұйымдастырылды. Ұлы жыраудың атын иеленіп, әрі бүкіл ғұмырын өткізген аудан болғандықтан Жамбылға байланысты қандай шара болмасын бірге атқарысып, тікелей атсалысуды өзімізге мәртебе санаймыз және ақын ауылынан екенімізді мақтан етеміз.
Қаншама қаламгер, өнер адамын түлетіп ұшырған киелі аймақты «Ақындар мен батырлар елі» деп бекер атамаған. Соны ешқашан естен шығармай, қасиетті жерде ұрпақтар сабақтастығын лайықты жалғастыру парызымыз. Бұл орайда мәдениет саласына үлкен көңіл бөліп келеміз. Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту қажеттігі өткір сезіледі. Бұрынырақта барлық ауылда клуб болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Өтпелі кезеңде бұзылып, орнын сипап қалдық. Енді сол мәдениет ошақтарын қалпына келтіру міндеті тұр.
Осы мақсатта бірнеше ауылда мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы жұмыс ауқымды. Атап айтсақ, Шиен ауылында мәдениет үйін салуға 697,1 млн. теңгеге мемлекеттік сараптама алынып, облыстық салаға жауапты әкімшісіне бюджеттік өтінім ұсынылды. Тағы үш ауылда мәдениет үйін салуға және бір мәдениет үйін күрделі жөндеуге жалпы сомасы 85,3 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Мәтібұлақ ауылының мәдениет үйіне 31,1 млн. теңге, Үлгілінің мәдениет үйіне 34,1 млн. теңге, Қарғалы ауылдық мәдениет үйіне 10 млн. теңге, Сарыбай би ауылы мәдениет үйін жөндеуге 10 млн. теңге қарастырылды.
– Ауызсу мәселесі ауданда қалай шешімін табуда?
– Бұл мәселе қашаннан-ақ өзекті екені рас. Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі» деп әспеттеп, тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты маңызды екенін аңғару қиын емес. Қара судың қадірін ауылдықтар жақсы біледі. Елді мекеннің тең жартысында су жүйелері тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді. Шалғай ауылдарда ауызсу мәселесі толық шешілмеген. Жайсаң, Ащысу, Ақсеңгір, Ұзынағаш, Қастек, Мыңбай, Ынтымақ, Шолаққарғалы, Қасымбек, Қарғалы ауылдарының ауызсу жүйелерін жаңғырту мен құрылысына және Ұзынағаш, Қарақыстақ ауылдарының кәріз жүйелерін жаңғырту мен құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 538 млн. 171 мың теңге бөлінді. Мәселе оң шешімін тауып қалар.
– «Қаңтар оқиғасынан» кейін азық-түлік бағасының қымбаттауы ел ішінде анық сезілді. Оның үстіне нарықтағы ахуалдың шынайы көрінісі ресми статистикадан әжептәуір алшақ кетті. Қымбатшылықты қалай ауыздықтап отырсыздар?
– Қымбатшылықтың алдын алып, күресуіміз керек. Бұрын картоп, пиязды ауылдан қалаға таситын еді, қазір жасыратыны жоқ, қаладан тасып отырмыз. Негізі біз Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз ететін аудандар қатарындамыз. Сондықтан, менің ойым әркім картоп, пияз ексе, егістікке көбірек мән берілсе деймін. Бір қынжылтатыны, ауданымызда егістік жерлерін иеленіп, оны іске қоспай отырған жеке шаруалар, шаруа қожалықтары бар. Сол себептен де ауылшаруашылығы саласының қазіргі уақыттағы өзекті мәселесі – суармалы жерлерді толыққанды пайдалану. Осы бағытта 14 су қоймасын, 20 магистралдық арна мен 24 ішкі шаруашылық каналдарын қалпына келтіру бойынша 18,9 млрд. теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалды. Әрине, мұндай қаржыны бөлу облыстық бюджеттен бөлек республикалық бюджеттен де қаржыландыруды қажет етеді. Сондықтан жобаның іске асырылуына, өнімді көптеп өндіруге күш-жігер жұмсаймыз. Осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр.
Ауданымыз алдағы уақытта да еліміздің дамуына өзіндік үлесін қоса бермек. Күні кеше референдум өтіп, аудан жұртшылығының басым бөлігі Ата заңымызда орын алатын оңды өзгерістерді қолдап, дауыс берді. Енді Жаңа Қазақстанды, әділетті қоғамды билік және халық болып бірге құрамыз деген сенімдемін.
– Нұрлан Ертасұлы, арнайы уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет. Қызметіңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Серік САТЫБАЛДИЕВ





