Егеменді еліміздің өркендеуіне түрлі салада қомақты үлес қосқан азаматтар жетерлік. Біреу еленер, біреу еленбес, дегенмен, ел арасынан суырылып шыққан атпал азаматтарды текті халқымыз құрметке бөлеп, әр кез дем беруі өзінше бір төбе. Ерсіз ел болмас деп даңқты Бауыржан Момышұлы айтпақшы, бүгіндері Алаштың мақтан тұтар азаматтары, қазіргінің батырлары көптеп саналады. Олардың әрқайсысы өзінше бір төбе. Әңгімемізге арқау болатын бүгінгі кейіпкеріміз көптің бірі емес, бірегейі қарапайым ауыл баласы, өзінің табандылығы мен қайсарлығының арқасында кикбокстан қарсыластарын сан мәрте тізе бүктірген Әлем кубогінің иегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, сөгетілік Елмұрат ҚАЙЫПЖАНОВ.
Қасиетті Көк байрағымызды шет жерлерде желбіретіп, Гимнімізді шырқатып, талайды таңдай қақтырған Елмұрат бүгінгі күні ел ағасына айналды. Еліне, жеріне, ауылына деген ынтық сезімі оның жүрегінен бір сәт те өшпеген.
Қаладағы күйбең тірліктен қолы қалт етсе, туған ауылына ат басын тіреп, ел тірлігінен мағлұмат жинап, кем-кетігін бүтіндеп жүруді әдетке айналдырған. Қарапайым отбасылардың жағдайын біліп, қариялармен аман-саулық сұрасу барысында өзіне үлкен жүк арқалап, келесі келгенінде шешімін тауып беруді мақсат тұтты.
Бір басында атақ-даңқы айбарланып тұрса да үлкенге құрмет, кішіге ізетінен айныған емес. Өзі сеп болып ашқан спорт кешендеріне бас сұғып, жеткіншектерінің жаттығуларынан, олардың жеткен жетістіктерінен ләззат алғаны сонша, бет-жүзі нұрланып рахатқа бөленіп жүреді.
Елмұраттың арманы – ауыл спортын дамытып, барлық жеткіншектердің салауатты өмір сүруіне қомақты үлес қосу. Бүгінгі күнге дейін тынымсыз еңбектеніп, ауданның спорт саласының өркендеуіне біркісідей атсалысты. Қаншама спортшы жастар республикалық, халықаралық деңгейде аудан, тіпті еліміздің мерейін үстем етті. Дүниеге танылған спорт саңлақтарын ауданымызға әкеліп, түрлі додаларда жасөспірімдерге үлгі алсын деген ниетпен баталарын алды. «Баталы ұл арымас» дегендей, батасын алған жасөспірімдер бүгінгі күні әлемдік аренада атой салуға жарап жүр.
Ендеше, алдағы уақыттары елім деп еміренген, ер мінезді ұлын ерім деп мақтан тұтар елі қашанда ардақ тұтары сөзсіз. Елмұраттың болашақ ұрпаққа, еліне әкелер пайдасы әлі алда екені даусыз.
Кенже ЖАНБОТА,
Сөгеті ауылдық округінің спорт
жөніндегі әдіскері
Еңбекшіқазақ ауданы





