Жасөпірімдердің тәрбиесіне еңбек жетіспей жатыр. Әсіресе, мектеп оқушыларына «маңдай тер» тәлімі керек-ақ. Балалардың босбелбеу һәм ынжық болмасы үшін қарекет мектеп қабырғасында басталса. Қазақта «Балаңды аясаң, аяма» деген сөз бар. Бұл ұрпағыңды ұр, соқ және жазала дегенді білдірмейді. «Балаңа балық емес, қармақ бер» тәмсілін терең түйсінген абзал. «Әлемнің әміршісі – еңбек» екенін оқушы кезінен санаға құю керек. «Бала еңбегін қанау» деген тенденция дұрыс емес. Бұл – біздің пайым, біздің ой емес, Жетісу өңірінде сапарда жүрген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сөзі.
Апта басынан өңірдегі атқарылған жұмыстар мен қолға алынған бастамаларды, жүзеге асуы тиіс жоспарларды бағамдап һәм күнделікті тұрмыстағы кемшін дүниелерді «қойын дәптеріне» тізіп жүрген халық қалаулылары Р. Қожасбаев пен Б. Керімбек бейсенбіде Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылындағы жаңғыртудан өткен М. Мәметова атындағы орта мектептің қазіргі жайымен танысты. Ұжыммен кездесіп, толғандырған мәселелеріне құлақ түрді. Ұрпақ тәрбиелеген ұлағатты жандардың депутаттарға да айтары бар екен. Құлақ түрген халық қалаулыларына жеткізе айтты.
Қазіргі педагогтарға артылар жүк көп. Оның ішінде ең маңыздысы – алымды да қарымды ұрпақ тәрбиелеу. Хакім Абай айтпақшы, қоғамның кірпіші болып қаланар тұлға қалыптастыру. Уақыт үдерісінен төмен болмас білім беріп, салауатты ұл мен қыз өсіру. М. Мәметова мектебінің тәлімгерлері айтқандай, көп жауапкершілікті жүзеге асыруда қазіргі оқушыға еңбек жетіспейді. Дала төсін емген диқан еңбегін көрмеген, масақ теріп, маңдай терлемеген, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып, сенбілікке қатыспаған оқушы көп дүниеге төзімсіз. Тезге түссе болдыратын, төске салса қыңқ ететін тұлға қалыптаспас үшін «маңдай тер» терапиясы, яғни, еңбек тәлімін жүзеге асыру қажет. Қазіргі мектеп қабырғасында еңбек атаулы пән бар. Сол пәнде жалғыз педагог ұлды да, қызды да бірге отырғызып оқытады. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» тәмсілін ұмытқандық бұл. «Бала еңбегін қанау» тенденциясы дендеп енгенше ер балалар бұл пәннен техниканың тілін, еңбектің дәмін татып шығатын. Есесіне, қыздар кесте тігіп, шұлық һәм қолғап тоқып «шыдамын» шыңдайтын. Қазір осының бірі де жоқ. Бүгінде ұрпақ тәрбиесіндегі «еңбексіздендіру» олқылығы Болат Керімбектің шымбайына батып жүрсе керек. Мәжіліс мінберінен құзырлы министрлікке кемдікті кеңейтіп түсіндіруге кірісетінін жеткізді.
– Парламент қабырғасында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жұмыс істейді. Сол комитеттің құрамында бармын. Сонда байқағаным, елімізде жастар мен жасөспірімдер әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарады. Бір сылтау – бір жылда табар табысын жоғалтып, отбасыдан, қатардан алыстап, құр селтеңдеуге болмайды. Жастардың санасы – ақшаға уланған. Тұрмысты тек ақша табумен өлшеуге болмас. Ер-азаматтың қасиетті борышы отбасын асырау мен сол отбасын қорғау ғой. Әскерге барған жастарға бар жағдай жасалуда. Бір жыл азаматтық борышын өтеп келгендерге кез келген оқу орнында білім алатын сертификат беріледі. Бұл мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды, – деді депутат.
Еңбек ұжымы қатарынан мектеп кітапханашылары да табанға кірген шөңгедей мәселе көтерді. Қазір олардың жалақысы мұғалімдердікіне қарағанда едәуір төмен. Облыстық, аудандық және ауылдық кітапханалардың қызметкерлеріне мардымды ақы төленіп жүр. Осы ретте мектептегі «білім қазынасына» қараушылар назардан қалыпты. Дәл осындай базынаны мектептің техникалық қызметкерлері де айтты. Болат Керімбек өз кезегінде тиісті мінберде осы мәселені көтеретінін жеткізді.
Мұнан кейін халық қалаулылары Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» шаруа қожалығына, Көксу ауданындағы «Строительный» ЖШС-нің кірпіш зауытына және осы аудандағы орталық ауруханаға барды. Ескелділік шаруа қожалықтың бірнеше цехымен танысты. Көпке үлгі шаруашылықтан шығып, көксулық кірпіш зауытына табан тіреді. Александр Бузыкин басқаратын өндіріс орны 44 млн. кірпіш шығаруы тиіс. 2006 жылғы басталған жобаның жоспары да сол. Дейтұрғанмен, қазіргі бар қуаты 9 млн. ғана. Толық қуатында жұмыс істемеуіне не себеп? Зауыттағы қондырғылар кәдеге жарап тұр. Шикізат та, жұмысшы күші де жеткілікті. Дейтұрғанмен тауарға сұраныс жоқ. Кірпіштің сапасы барлық стандартқа сай. Зауыт алаңында өндіріс орнының өнімі керамзит кірпіштен қаланған және сырттан келген күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 2 қабырға тұр. Біреуі қираған. Жаңбыр мен қарға, күн көзіне төтеп бере алмай кірпіші шытынап, бөлшектенген. Зауыттың кірпішінен қаланған қабырғаның мұрты да бұзылмаған. Айтпақшы, «мысал» үшін қабырғалар 2014 жылы тұрғызылыпты. Ал сұраныстың жоғына қарқынды құрылысы бар өңірдегі мердігерлердің өзге өңірлерден сапасыз әрі арзан кірпіш тасымалдауы себеп. А. Бузыкин жергілікті атқамінерлер «тендер» өткізгенде жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мәселесін назардан шығармаса деген базынасын да жеткізді. Депутаттар осы мәселені де мінберде көтеруге уағдаласты.
Көксу ауданындағы сапар барысында халық қалаулылары аудандық ауруханаға табан тіреді. Мұндағы жаңашылдықтармен танысып, дәрігерлердің «үніне» құлақ түрді. Болат Керімбек ұжым қызметкерлеріне «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мән-маңызын түсіндірді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда жасалып жатқан жұмыстарды да таразылады.
Дастанбек САДЫҚ