Журналистер үйінде брифинг өткізген департамент қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың қажеттігін ескертті.
– Тұрмыстық газ баллондарының 5 жарылуының дерегі анықталып, 5 адам түрлі жарақат алды. Соңғы бес жылда облыста барлығы 23 жарылыс болып, 43 азамат зардап шекті. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін облыста полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен күшейтілген форматта акция өтті. Шараның мақсаты – тұрмыстық газ баллондарын және автокөліктердегі газ-баллонды жабдықты пайдалануда өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жол бермеу, тұрмыстық газды дұрыс қолданбаудан туындайтын өрт, жарылыс және улану жағдайларының алдын алу, сондай-ақ автогаз құю стансыларында тұрмыстық баллондарды заңсыз толтыру деректерін болдырмау, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Еламан Әубәкіров.
Акция барысында Талдықорған қаласындағы 8 паркингте түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нысан иелері мен жалға алушыларға газ жабдығын қауіпсіз сақтау қағидалары, эвакуация тәртібі және газ иісін байқаған кездегі әрекет түсіндірілді. Мамандар пайдалануға жарамсыз немесе жарамдылық мерзімі өткен газ баллондарын жабық ғимараттарда сақтауға болмайтынын айтты. Сонымен қатар газ баллон орнатылған автокөліктердің жабық паркингтерге кіруіне қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Акция шеңберінде облыстағы автогаз құю стансыларында профилактикалық жұмыс жүргізілді. Қызметкерлерге тұрмыстық газ баллондарын автокөліктерге арналған колонкаларда толтыруға қатаң тыйым салынатыны түсіндіріліп, газ иісін сезген жағдайда жедел іс-қимыл жасау, өрт сөндіргіштерді пайдалану және шұғыл қызметтерді шақыру тәртібі қайта еске салынды. Ал жеке тұрғын үйлерді аралау барысында азаматтарға газ плиталары мен баллондарды қауіпсіз пайдалану қағидалары түсіндірілді. Мамандар газ шлангілері мен редукторларды жүйелі түрде тексеру қажеттігін, баллондарды тек тік күйде және тұрғын бөлмелердің сыртында сақтау керектігін, газ жабдығын өздігінен жөндеуге болмайтынын ескертті. Сондай-ақ үйлерге өрт дабылқаққыштарын орнатудың маңызы айтылды.
Ал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі ММ басшысының міндетін атқарушы Жұлдыз Имангазинова ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 306-бабының 1 бөлігіне сәйкес газ жабдығын пайдалануда қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін, «Аминат» кафесі, «Азия» рестораны және «Дадам Диля» кафесіне және екі қабаттан асатын көпқабатты тұрғын үйлердегі тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын пайдаланғаны үшін 5 жеке тұлғаға әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, айыппұл салынғанын айтты.
Жиын соңында мамандар Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес қабаты екі қабаттан асатын көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сақтауға және пайдалануға, автогаз құю стансыларында сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарға құюға, толтыруға тыйым салынатынын айтып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Айдар ҚАЛИЕВ





