Талдықорған: +29°C
$ 472.03
€ 540.29
₽ 6.11
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛ АЗАМАТ

22.06.2019
КҮЛТӨБЕ
ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛ АЗАМАТ
WhatsAppTelegramFacebook

Көне Элладаның бір ойшылы «Дүниеде жинаған ең үлкен байлығым – тағдырымның теңселген тұсында қасымнан табылған достарым» деген екен. Міне, өз басым осындай құрметтейтін азаматтардың бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және Қазақстанның Алтын кітабына аты енген Рахымбай Көшенов деп  ойлаймын.


Біз бір жылдың төлі болмасақ та қатар жүрген замандаспыз. Тағдырдың ниеті солай болған шығар, екеуміз де Ұлы Отан соғысының отты жылдарында дүниеге келіп, соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарда мектеп табалдырығын аттадық. Үмітпен болашаққа қол созған студенттік шағымыз Хрущев дәуірінің аласапыранымен тұстас келді. Ат жалын тартып мініп, қызметке араласқан кезіміз тоқыраумен астасты. Балаларымызды аяқтандырып, арқамыз енді ерден босаған тұсымызда нарық, дағдарыс деген түсініктер келіп алқымнан алды. Өмір соқпағында бірде қуанып, бірде сүрініп жүргенімізде біраз жасқа да келіп қалыппыз. Тағдырдан құтылған жұмыр басты пенде жоқ шығар, осы өмірден алған жақсылықтарымызға – азамат болып ел ісіне араласқанымызға, жар сүйіп, ұрпақ өсіргенімізге, еліміздің бейбіт өміріне, пешенемізге жазылған азды-көпті шуақты күндерімізге риза болайық, достым.

Мен Рахаңды сонау 60-шы жылдардың соңынан білемін. Сол жылдары жүрек талмасынан ұзақ ауырған Әлиасқар жездемнің денсаулығын тексеріп, емдеуші дәрігерлерге кеңес беруге жұқалтаң келген ақсары, қимылы шалт, елгезек, отыздардан енді ғана асқан жігіт келді. Өзін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевтімін деп таныстырды. 

Өз басым Әлиасқар аға дәрігерлік өмірін енді ғана бастаған жас жігітті қомсынып, сенімсіздікпен қарай ма деп күдіктендім. Рахаң аурудың ең соңғы электркардиограммаларын көріп, дәрігерлердің рецептілерін мұқият тексеріп,  қалай емдеу керектігін айтып, жаңа дәрілер жазып берді. Бірте-бірте Рахаң мен Әлиасқар ағаның арасында бір-біріне деген сенімділік орнағандай болды. Сөзге сараңдау жездем. «Мына Рахымбай білікті дәрігер екен» деп, мақтай бастады. Сөйтсек, Рахаң Ташкент медицина институтын үздік бітіріп, Киев медицина институтының аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын мерзімінде қорғап, біраз шаруаның басын қайырған тыңғылықты азамат болып шықты. 

Бірер жылды араға салып мен де Алматы облыстық партия комитетіне жұмысқа ауыстым. Енді екеуміз облыстың қазанында бірге қайнағандықтан қызмет бабындағы қарым-қатынасымыз жиілеп, етене жақын араласа бастадық. 70-90-шы жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасында осы саланың білгір ұйымдастырушылары Алмұрт Шәріпов, Әлімбатыр Исабеков, Болат Джувашев, Михаил Монтерович Цой, Мұхтар Әлімов, Мұратбек Қалдыбаев, Тұрланғазы Есенкұлов, Сейсенбай Бұлантаевтар, сондай-ақ, білікті бас мамандар – эпидемиолог Қайыртай Жандосов, гинеколог  Клара Мәмбетовалар істеді. Міне, осылардың қатарында ширек ғасырдан астам облыстың бас терапевті болып Рахымбай Көшенұлы да қызмет істеді. Кейінгі буын облыстық басқарма бастықтары Абай  Баспақов, Орынбай Дайырбеков, Өмірғали Кенжебековтер де әрбір мәселеде Рахаңның пікіріне мән беріп, бас терапевт ретінде қабылдаған шешімімен санасып, түсіністікпен қызмет атқарды. Осы жылдарда Рахаңның дәрігерлік саквояжына жедел жәрдем көрсетуге қажетті дәрі-дәрмегін, медициналық құрал-жабдықтарын салып алып, күн-түн демей іссапарға кететінін өз көзіммен көрдім, тіпті, талай іссапарға бірге де бардық.

Еліміз егемендік ал­ған тұста денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелерді жете білетін тәжірибелі маман ретінде облыс басшылығының қалауы Рахаңа түсіп, әкімдіктің бөлімін басқарды. Ол жылдар денсаулық сақтау мекемелері оңтайландырылып, ауылдық жердегі медицина мекемелері жабылып, зейнеткерлердің зейнетақысы 5-6 айлап кешеуілдеп, қарапайым халықтың қатты күйзелген дәуір еді ғой. Бұл өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай алып шығатын, күрмеуі көп, шешімі жоқтың қасы сын сағатында ол сыр  бермей, кәсіби, адами қасиеттеріне шәк келтірмей жұмыс істеді. Әсіре мақтағаным емес, сол кезде дәл осындай жауапкершілігі мол жұмысты екінің-бірі атқара алмас еді.  Сол жылдары, сірә, бұрынғы Алматы  облысының Рахаң бармаған бірде-бір елді мекені қалмаған шығар. Бұл да болса Рахаңның өзі таңдап алған дәрігерлік кәсіпке, Гиппократ антына адалдығының көрінісі емес пе?! Жасыратыны жоқ, нарық дәуірі басталғалы бері кейбір адамдардың дәрігерлік парызды ауру адамның қалтасының қалыңдығымен өлшейтініне де куә болып жүрміз ғой.

Рахаңның бойындағы екінші бір азаматтық қасиеті – сүйген жарына, отбасына деген адалдығы, балаларына қамқорлығы дер едім. Қырық жылдан астам қатар жүрген жарының айықпас ауруға ұшырап, дүниеден озуы Рахаңның жанына қалай батқанын жақын жүрген жора-жолдастары ғана біледі. Рахаң жарының ұстамдылығын, кеңдігін, балаларына деген мейірімін ылғи айтып отыратын. Жарының көпшіл мінезін білетін Ұлекең де түннің қай уағында келсе де Рахаңды, қасындағы жолдастарын, кейде ауданнан облыстық ауруханаға алып келген сырқат адамдарын да қабақ шытпай қарсы алушы еді. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, адал жар, асыл ана Ұлеке….

Ұлекеңнің қазасынан кейін Рахаңның сыңарынан айырылған аққудың күйін кешкенін көріп, қабырғамыз қайысты. Бұл жолы да Рахаң тағдыр теперішін ақылға жеңгізіп, өзінің тектілігін көрсетті. Ұлекең екеуінен өрбіген ұл-қыздарына, қанаты әлі қатаймаған немерелеріне енді өзі бас-көз болатынын тез сезініп, қайраттанды. 

Рахаң екеуміздің балаларымыздың жастары шамалас болғандықтан болар, олардың өмір соқпағындағы проблемалары да ортақ болды. Сондықтан шығар, екеуміз олардың кішігірім жеңістеріне бірге қуанып, жіберіп алған «әттегенайларына» бірге қамықтық. Міне, қазір балаларымыздың алды елуден асып, оңы-солын танитын халге жетті. 

Жақын арада Рахаңның ұлы Ахметжан телефон шалып, әкесінің 80 жылдығына орай жасайтын шаралары туралы ойымен бөлісті. Өз басым Ахметжан баламыздың ерте есейіп, әкесінің қамын ойлағанын көріп, іштей разы болдым. Шындыққа жүгінсек, арысы жеті атаның, оның ішінде жонғарлармен шайқаста, шейіт болған әулие Тоқболат Тоқмерген  батыр, берісі Көшен әулетінің аражігін анықтап, құймақұлақ қарияның қасында жүрген кезін жете пайдаланып, өнеге алып қалу өмір талабы ғой.     Ежелгі Римнің аузымен құс тістеген шешені Цицеронның өзі: «Өзің туғанға дейін дүниеде не болғанын білмесең, ғұмыр бойы нәресте қалпында қалдым дей бер», – деген екен. Сондықтан, Ахметжанның қасыңда жүрген қарияның қазына екенін түсініп, қатар жүрген кездерін бағалай білгеніне рахмет. Атам қазақ «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді», – деген екен. Ахметжан балама әкеңе істеген өнегелі істерің алдыңнан шықсын деген тілегімді айтамын.

Бұл –  бауырлары Әлия, Ғабит, Тұйғынай, Әбуғалиларға да ортақ тілек. Орайы келгенде айта кететін бір жайт – Рахаң мен Ұлекеңнің үш ұлы мен екі қызының да ғылыми атақтары бар, әртүрлі мамандық иелері. Тағдыр сахнасына бет алған Көшеновтардың үшінші ұрпағы – немерелеріне де халқымыздың «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақаланың өмірлік ұстаным боларына кәміл сенемін. 

Рахаңның адами болмысын айшықтайтын тағы бір қасиеті – жолдас-жораларына деген сезімінің шынайылығы. Саналы ғұмырымыздың елу жылдан астамын осы азаматпен қатар жүріп өткізген адам ретінде айтарым, Рахаң күнделікті өмірде бой көрсететін пендешілік пиғылдан ада адам. Достарына деген сезімі пәк, ниеті ақ. Торқалы тойда, топырақты өлім-жітімде Рахаң жолдастық сезімді бәрінен биік қойып, тереңінен толғайды. 

Сондықтан болар, Рахаң әріптес-достары және ескікөз қызметтес жолдастары Қалтан Бастаубаев, Тастан Тоқсейітов, Болат Жұбашев, Мұхтар Әлимов, Жұмаділ Сатыбалдиев, Лев Нұртаевтардың жолдастық сезімдеріне елу жыл қылау түсірмей келеді. 

Сексеннің сеңгіріне бет алған Рахымбай Көшенұлы әлі де тың, тұғырынан түскен жоқ. Зейнеткерлік жасқа келсе де көпсалалы Алматы облыстық ауруханасында кеңесшілік қызметін жалғастыруда. Рахаңның денсаулық сақтау саласындағы  60 жылдық еңбегі кезінде жоғары бағаланып, Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесінің, Шымкент, Алматы облыстық атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен, Кеңес одағының, Қазақ ССР денсаулық сақтау саласының үздігі белгілерімен марапатталды. 1986 жылы Қазақ ССР-інің Алтын кітабына дәрігер Р. Көшеновтың аты енгізілді. Сондай-ақ, Кеңес өкіметі кезінде «Құрмет белгісі» ордені және көптеген медальдардың иегері атанды. Ал, тәуелсіз Қазақстан Республикасы 2011 жылы «ҚР-дың еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.

Әдетте мерейтой иесіне «Жүзге кел, жүзден ас» деген тәп-тәуір тілек айтып жатады. Жаратушы Рахаңды жүзге жетектеп апарып жатса, өз басым қарсы емеспін. Әйтсе де қанша жыл өмір сүру пешенесіне жазылып жатса, сол жылдарда дені сау болып, отырар орыны төр болсын, ұрпақтарының тек шуақты күндерін көрсін дегім келеді.

Болат ӘУЖАНҰЛЫ, 
 еңбек ардагері

 

Қатысты жаңалықтар

Қалбырдағы сусынның қаупі қандай?

Қалбырдағы сусынның қаупі қандай?

04.07.2026
Бюджетке өзгеріс енгізілді

Бюджетке өзгеріс енгізілді

04.07.2026
«Тіршілік көзін» тұтынған

«Тіршілік көзін» тұтынған

04.07.2026
Рухани құндылық дәріптелді

Рухани құндылық дәріптелді

04.07.2026
Ел қорғау – қасиетті парыз

Тұрақты даму кепілі

04.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.