Әрбір мұсылман баласы үшін халал ас тұтынудың маңызы зор. Себебі, Аллаға Тағала қасиетті Құран Кәрімдегі Бақара сүресінің 168 аятында: «Әй, адамдар, жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасын жеңдер!» – деп бұйырады. Осыған байланысты Талдықорғандағы «Абай» дәмханасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан арнайы «Халал» стандартты куәлігі берілді.
Жетісу облысының орталығындағы «Иман» мешітіндегі жиналған қауым алдында сөз алған өңірдің бас имамы Керімбек Дәуітов бүгінде аймақтағы «Абай» дәмханасының тазалығы барлық талаптарға сай екенін жеткізіп, дәмхана иесі Дастан Ахметжановқа халал сертификатын табыс етті. Осы орайда кәсіпкер әр жұма күнгі дәмханаға түскен бір күндік табысын Талдықорған қаласының Шығыс шағын ауданында жаңадан бой көтеріп жатқан мешіт құрылысына аударып тұруға уәде берді.
- «Таза ас денсаулық кепілі. Бұл діни тұрғыда да, ғылми тұрғыда да дәлелденген іс. Сол үшін таза ас тұтынып, денсаулықты аялау әрбір жанның басты арманы. Қаламыздан өткен рамазан айында ғана ашылған «Абай» дәмханасының тағамдары таза әрі барлық талаптарға сай. Тамақтануға барған әрбір адам ондағы азықтықтарды еш алаңсыз тұтынуға болады. Сондықтан дәмханаға халал куәлігі табысталды. Бұл облысымыз бойынша халал сертификатына ие болып отырған 23-ші мекеме», – деді бас имам.
Ал, өңір тұрғындарының сөзінше, мұндай халал деп танылған кәсіпорындардың көп болғаны ауадай қажет. Өйткені, еліміз халқының 70 пайыздан астамы қазақ. Қазір әлеуметтік желілілерде тарап жатқан кейбір бассыздықтарды көріп тұрып дәстүрлі мұсылман дінін ұстанатын адамдардың базардан азық-түлік сатып алуының өзі қорқынышты. Тіпті, кейбір базарларда әлі күнге дейін төрт түлік малдың етімен қатар доңыздың еттері бір балтамен шабылып, бір пышақпен кесіліп саудалануда. Енді сондайларды ретке келтіру керек. Бұл ондай сатушыларды шеттету емес, харам мен халалдың ара жігі ажыратылып бөлек саудаланса деген өтініш.
Айдын КӘЛІМХАН





