Данышпан Абайға қатысты «Абай жолы» романынан бөлек қаншама зерттеу еңбек, танымдық, ғұмырбаяндық кітаптар басып шығарылды. Сонда да хакім өмірінен үзік-үзік жаңалықтар табылып жатады. Сондай жаңалықтың бірі – ұлы ақынның ұстазына қойылған белгітастың табылуы.
Күні кеше ел көлемінде Абай күні аталып өтті. Осынау тағылымды шара өз кезегінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында да өрнек тапты. Музей ауласындағы «Ұлы ақын ұлдарымен» ескерткішіне гүл қою рәсімі Абай оқыған медресе имамы, ақынның ұстазы Ризауддин Уәлитұлының жақында табылған зираты жайында «Білімдіден шыққан сөз…» тақырыбында «дөңгелек үстелмен» жалғасын тапқан.
Сол жиында бірнеше ай бойы қаланың ескі зиратындағы қабір тастарын зерттеген жергілікті тарихшы Мадияр Насыров:
– Ахметуәли әс-Семипулати хазіреттің хабарлауынша, Риза хазіреттің медресесі қаладағы ең ірі оқу орындарының бірі болған. Ахметуәли хазірет (1833-1902 ж.ж) пен Риза-Ахмет медреселері елге белгілі болған. Ақын Абай Құнанбайұлына ұстаз болған осы екі хазіреттің бірі. Ахмет хазіреттің мешіті 1852 жылы ғана тұрғызылғанын ескерсек, Абай Риза хазіретте оқыды деп тұжырымдауға болады. Ахмет хазіретте оқығанының өзінде Ахметтің өзін оқытқан осы Риза хазірет, – деп атап өтті.
Айта кетерлігі, аталмыш музей қорында Абай Құнанбайұлы оқыған Ахмет Риза медресесінің шатырынан 1940 жылдары табылған 252 кітабы сақтаулы. Оған қоса ХІХ ғасырда басылған мыңнан аса орыс тіліндегі басылым, 500-ге жуық араб графикасындағы кітап бар.





