Береке орта мектебі үшін биылғы оқу жылы үлкен қуанышпен басталды. Білім ордасында басшылық қызмет атқарған ұлағатты ұстаз, «Білім беру саласының үздігі» Елтай Қошқарбаев атында жаңа технологиямен жабдықталған математика кабинеті ашылды.
Жаңа оқу кабинеті озық технологиялармен сабақ өткізуге лайықталған. Оқу бөлмесі тарихи-педагогикалық мұражай іспетті. Оқу-әдістемелік көрнекіліктер рет-ретімен жайғастырылған.
Елтай Қошқарбаевтың еңбек жолына тоқталар болсақ, Көктал ауылындағы мектепте мұғалім, Желтораңғы орта мектебінде директор болды. Ақкөл, «Тыңның 25 жылдығы» орта мектептерін басқарды. Қазіргі Береке орта мектебінің алғашқы директоры ретінде білім іргесінің негізін қалады. Ұстаздың барлық ғылымның бастауы болған математиканы оқытудағы шеберлігі талай оқушының жолын ашты. Болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегі ескеріліп, 1972 жылы «Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі» атағымен марапатталды.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев жиналған көпшілікті математика кабинетінің ашылуымен құттықтады. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Динара Ақмолдаева өз қаражатына пән кабинетін ашып, жеткіншектердің терең білім алуына жағдай жасап отырған Елтай ағаның отбасына алғысын жеткізді. Кабинеттің ашылуына атсалысқан ұстаздың ұлы Ғалым Қошқарбаев пен келіні Гүлжазира Бекенова: «Әкеміз әр оқушының жүрегінде қалып, осы кабинет игі істердің бастамасы болсын» деген тілегін білдірді.
Шара барысында Елтай Қошқарбаевтың шөберелері арнау жыр оқыды. Мектеп оқушыларына ұлағатты ұстаздың жолын берсін деген ниетте кітап, дәптерлер таратылды.
Еркебұлан ЖЕБЕГЕНОВ,
Береке орта мектебінің директоры
Балқаш ауданы
Алматы облысы





