Тұрлымбет күншілік жердегі зиратқа қайта-қайта барып Құран оқуын қоймаған әкесін аруақ болып қорқытып жөнге салады. Әкесі одан кейін де «өнер» шығарып, бүркіт ұстап жаба тігіп қаңғып кетеді. Басқа тіршілікке қарауды мүлдем қояды. Өзге амалы қалмаған Тұрлымбет бет-аузына неше түрлі әлемеш бояу жағып бұл жолы да әкесін қорқытады. Қорқытып қойдырамын деп жүріп тіпті өлтіріп ала жаздайды. Көзіне көрінген пәлекеттің өз баласы екеніне көзі жеткен әкесі оны қарғап-сілеп, қамшының астына алады.
Бұл жолы да қулық ойлаған Тұрлымбет аяқастынан ауырып, безек қағады. Қиқылдап-шиқылдап, өліп бара жатқандай кейіпте жан дауысы шығады. Мұны «жалғыз ұлды қарғысым аттыға» балаған әкесінің есі шығып, баласын ұшықтап Жаратқанға жалбарынады.
Өлген жоқ, Тұрлымбеттің жаны қалды,
Алдады қулықпенен Бекен шалды.
Нәрсені келіспейтін қояйын деп,
Жабасын сонан кейін жиып алды.
Тіршілік ел қатары еңбек етіп,
Жаз болса диқаншылық егін салды.
Шөп шауып, қора жөндеп, түйсік оңлап,
Қыс болса шаруа жөндеп, бақты малды.
Отырды от басында қазына боп,
Сүйтті де баласының тілін алды.
Осылайша бала жасынан қулығымен, неше түрлі амал-айла тапқыш өнерімен ерекшеленген Тұрлымбет уақыт өте келе есейіп, жігіт жасына жетеді.
Тұрлымбет жиырма бірге жасы жетті,
Түлкідей түрленеді жалғанда епті.
Кейде адам, кейде пері, кейде сайтан,
Істеп жүр қулықпенен талай кепті.
Нелер төре, нелер би, нелер сараң,
Білдіртпей соның бәрін ептеп «жепті».
Түрленіп тоқсан түрлі минутінде
Алдады әрнемемен талай текті.
Тұрлымбет жиырма бірге келген шақта
Ажал жетіп, алпыста әкесі өтті.
Әкем өлді демеді, қайғырмады,
Өз бетімен Тұрлымбет жүріп кетті.
Жарлы мен жалқыға тиіспей, сараң байлар мен билерді қисынға жығып, қақпанына түсіріп жүрген Тұрлымбеттің аты осылайша елден елге тарай бастайды. Әйтсе де мал жиып баюды, дүние-мүлік құрауды мұрат ете қоймайды. Сөйтіп жалғанды жалпағынан басып жүріп үйіне бір келіп қалғанында «Әкең өлді, сен болсаң қаңғып кеттің, үйіңнің түрі мынау… Кезінде молдадан сабақ алсаң бүгінде есепсіз мал тауып отырар едің ғой…» деп шешесі әбден сөгеді.
Бұл сөз намысына тиген Тұрлымбет «Қалағаныңыз мал болса тауып келейін. Бірақ қайдан таптыңыз деп сұрамаңыз. Қожа-молдалардың да көпшілігі қараңғы елді алдап күн көріп жүр ғой», – деп жолға шығады. Амал-айласы мен құрық бойламас қулығының арқасында сараң байларды алдап түсіріп, «Мен Алланың хабаршысымын, дін жолындағы тақуамын. Тура жолға түсіп құрбан шалмасаңдар тозақ отына жанасыңдар» деп аз ғана уақыттың ішінде бір қора қой жинап алады.
Төрт жүз қой айдап үйге кеп
Шешесіне айтады:
– Молдадан балаң кем бе екен,
Оқымадың деп едің.
Жүзін, шешем, өзің ал,
Үш жүз қойды ауылда
Ғаріп-ғасір, нашарға
Үлестіріп беремін.
Шешесі мұның осыншама олжа тапқанына қуана қоймай, керісінше, елді алдап назасына қалып жүрсің деп күйіп-піседі.
– Қарағым, қайдан, қу балам,
Оқыған едің сабақты?
Молдамын деп алдапсың
Қараңғы жатқан қазақты.
Шариғат, Құран – ақиқат,
Істеме, балам, мазақты.
Өтірікші, зинақор –
Түбінде тартар азапты.
Ұрлық, қарлық көп қылсаң
Тартарсың, балам, азапты.
Өлген соң бәрін білесің
Пейіш пенен тозақты.
Білгеніңді істейсің
Алдамай тамақ ішпейсің?
Не айтайын, қу балам,
Ойламай қойдың бұл кәпті.
– Қойшы, апатай, ұрыспа,
Аңқау елге молда көп.
Молданікі де бір алу,
Менікі де бір алу.
Кожа-молда ешбірі
Иман бөліп көрген жоқ.
Жақсы-жаман әр істі
Ниетпен де табады.
Қожа, молда, би, болыс
Бәрі де бір мүттәйім.
Бәрінікі жан сақтау,
Жеп жүргені дүние боқ.
Оқымадың, шешек, деп
Өзің неге ұрыстың?
Үндеме, шешем, үндеме,
Әйтеуір болсын «тамақ тоқ».
Осыны айтып Тұрлымбет
Шешеден бата алады.
Тау мен тастан іздеді
Тұрлымбет қу араны.
Іздеп жүріп бір жерден
Омартасын табады.
Амалын тауып бір меске
Араларды қамады.
Бір серкенің месіне
Ашықтырып бағады.
Аралда жатқан көп елге
Жұма күні күн шықпай
Ертең ерте барады.
Мынау деді сендерге
Алланың берген намазы.
Он үш жасқа толмаса,
Балағатқа толмайды.
Он үш жастан төменгі
Кіргізбеңдер баланы.
Жығыламыз деп намазға
Он үш жастан жоғарғы
Бірі қалмай жиналды.
Намазға түгел кіріңдер,
Дін жолын жақсы біліңдер,
Он үш жастан төменгі
Жас баланы күнәсіз
Келтірмеңдер бұл жерге.
Бәріңді де тазартам,
Күнәкәр байғұс қазағым.
Намазды қазір жіберем,
Намаз қонса үстіңе,
Оған қастық қылмаңдар,
Сендерге айтқан ғазалым.
Түндігін үйдің жабады,
Ергенегін тар қылып,
Есігіне таңады.
Местің аузын босатып,
«Намазын» елге жабады.
Ашығып жатқан көп ара
Шиедей қылып талады.
Тұмсығын ара қадады,
Арқасы судай қанады.
Аңғалбай деген бір кісі
Қыр асып қашып барады.
Аңқау елді нанғызып,
Қорқытып естен танғызып,
Араға үстін талатып,
Арқасын судай қанатып,
Түкеңнің көңілі тынады.
Осылайша қожа боп аңқау елді алдаған Тұрекең бір жолы қасына жолдас ертіп Сарыарқа жаққа жолға шығады. Ол жақтың да сый-құрметін көріп, көңілі марқаяды. Бірақ онда да тыныш жүрмей Жетісу жеріндегі әдетімен жұртты алдаған молдаларды қорқытып, тәубелеріне түсіреді. Кебін киген аруақ болып қабірден шығып жұрттың есін алады. Өмірде болмаған, ешкім көрмеген бұл сұмдық елден елге тарап, өтірігі шындай, шыны құдай ұрғандай болып бүкіл елге жайылады.
Молаға ешкім қайтып барар емес,
Есінен барған елдің қалар емес.
Далада иесіз қалды талай мүлік,
Бір адам қайтып барып алар емес.
Дал боп жүр біле алмай барлық халық
Ақылын ешкім ойлап табар емес.
Әңгіме көрген елдің өзіне аян,
Бұл сөзге көрмеген жан нанар емес.
Қаз дауысты Қазыбек –
Орта жүздің тірегі.
Халықтың айтқан сөзіне
Отырып өзі күледі.
Қайран халық аңқау ғой,
Шошыған босқа реңі.
Қараңғылық, аңқаулық,
Қозғады жұрттың жігерін.
Сөздің бәрін есітіп,
Ақылмен билей біледі.
Көрден шыққан көрбақ деп,
Шошынбасын халық тым
Бекер сөзге жүрегі.
Өлі емес, ол тірі адам,
Жетісу деген жері бар,
Жалайыр деген елі бар,
Тұрлымбет қу ғой, біл дейді.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ