Талдықорған: +21°C
$ 469.93
€ 541.64
₽ 5.71
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

КЕМЕЛ ЖАН

24.08.2023
КҮЛТӨБЕ
КЕМЕЛ ЖАН
WhatsAppTelegramFacebook

Кітап – бір ұрпақтың екінші ұрпаққа қалдырар рухани өсиеті, көзі жұмылып бара жатқан қарттың балғын жасқа айтар ақыл-кеңесі» демеп пе еді Александр Герцен. Ал жазба мәдениеті кеш дамыған елдің тарихы дер кезінде кітапқа түспегенімен шежіре ілімімен ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған. Ұлт аманатына теңелген өсиеті мен ұрпағына айтқан ақыл-кеңесі құнды жәдігеріне айналған.


Тегін білген – тектіліктің белгісі. Барша қазаққа тән  осынау құндылық ұлттың салт-дәстүрі, әдебиет, мәдениетімен қатар қалыптасып,  ақын-жырау, шежіре шешендердің туындылары  арқылы кеңінен тарап, ел есінде  сақталған. Жазба өнері қалыптасқан кезеңнен бастап ұлт мұратын жаңғыртып, замана талабына сай өрістеткен талантты ақын-жазушылардан қазақ ұлты кенде емес. Солардың бірегейі Кемел Тоқаев «Социалистік Қазақстан» газетінде қарымды қаламгер ретінде мыңдаған оқырманға танылды. Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып, детектив жанры мен әскери-патриоттық секцияны басқарды. Кейін Жоғарғы Кеңес Президиумы «Жарғысының» бас редакторы лауазымын атқарды. Мұндай жауапкершілігі үлкен қызмет оның шығармашылық жұмысында не жазса да тек шындықты  айшықтауды талап етті.

 Тәлейлі азамат тамыры терең тарихқа бойлап, шежіре шешендерге сілтеме жасай отырып, қарапайым адамдардың образдары арқылы өткен кезеңнің ақиқатына жүгінді. Әдебиет айдынындағы жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің түп тамырының өмірден өрілетіндігін, қайсыбірінің есімі тарихта қатталып қалатындығын аңғартты. Шындықтың шырағданы жағылып, әділдік орнаған шақта кейбір жағымсыз кейіпкердің түбі ақталатынын да жасырмапты. Ішкі араздығымызды пайдаланған жау кезінде небір түркілік қағанаттарымызды ыдыратып тынса, бірлігі бекіген шақта әлгілердің өзін бодандыққа мәжбүр еткендігін оқырман ойына қайталай салып отыруы қаламгердің өмір мектебінен түйген пайым-парасатын аңғартады. Әккі достан шыншыл жауың артық па деген ойға шомдырады. «Мен, мен едім» деп кеудесін кергендердің халықсыз көрген күні қараң екенін ескертеді. Өз еңбегімен биіктеген адамның сыйлы боларын мойындатады. Еңбек адамының нәсібін олжалағандардың туған жерінен безуге мәжбүр боларын бағамдаған жазушы өткен күнді күстәналағаннан бүгінгі тірлігіңнің оңалмасын да жасырмаған. Ел басқарған адам үшін бәрінен бұрын абыройдың қымбат екеніне иландырады. Кемел Тоқаев туындыларының ерекшелігі де, кереметі  де осында!

Тақырып жайында бір ауыз сөз. Үнділіктер рухани кемелденудің жоғарғы сатысына көтерілген адамды «Махатма» дейді. Бұл  «кемел жан» ұғымын білдіреді. Тоқаның ұлы «Махатма – кемел жан» деген атаққа лайық перзент. Олай дейтінім, тегіне тартты.  Құбылуға бейіл қоғамға сын көзбен қарап,  жаңалықтың жаршысы болған абзал  жандардың өмір жолын өскелең өмір талабымен үйлестіруі, асқан білім-білік, жиған-терген тәжірибені өзінің барлық туындыларының арқауына айналдыра білуі жасампаздыққа деген құштарлығы. Сөйткен Кемел жанның сипаттамасына ойысалық. Келбеті келісті. Көрікті. Салмақты. Сабырлы. Байсалды. Инабатты. Қарапайым. Қайратты. Жарасымды әзіл-қалжыңы қайбір ортада болсын сүйкімділігін арттыра түсері тағы бар. Қайсарлығы мұқалмай, қажет жерде батылдығы басым түсетін азамат. Бұл – бір.    

Екінші. Қазақ халқы ақ батаға басын иіп, жүректен шыққан шынайы лебізге сүттей ұйыған. Ұлтымыздың этикалық таза табиғатын паш етер батагөй бабаларымыздың бірі – Жалайыр Жолбарыс Жылқайдарұлы.  Он бес жасына дейін «Әй, бала» атанған, кейін қолды болып кеткен бәсіресі Шұбар айғырдың үйірін өсімімен қайтарған қайсар жігітке Жолбарыс есімі берілген. Осының өзінде бір тылсым сыр жатса керек. 

1710 жылы Жетісуға алғаш рет келген әз Тәуке ханның ордасы Көктөбе жайлауындағы Кіші саз төріне тігіліпті. Жасы сексеннен асқан ханға сәлем бере келген игі жақсылардың қатарында Дулат-Жаныс Бұрқыл би, Шапырашты Жарылғап пен Тауасар би, Ыстыдан Нұрмамбет, Жалайырдан Жолбарыс би болған екен.  Жолбарыс сол шақта 39 жаста көрінеді. Елінің ақылман абызы өз тұжырымын кесіп айтпас бұрын елдің игі жақсыларымен қатар бірі баласындай, бірі інісіндей болып кеткен бауырларының пікірін әрдайым ескеріп отырған.

Жоңғар шапқыншылығы басталғандағы үрейлі жұртына Жолбарыстың: «Қазақтың «әттегенайы» көп. Шығыстан кірген үлкен қолдың бір бөлігі Барқытбелді басып, Ертісті бойлай Арқаға бет алса, бір тобы Жетісу жеріне қаптап келеді. Жеке-жеке ру болып қарсы тұру қисапсыз адам шығынына әкеледі. Иассыда дүйім қазақтың басы қосылып, соққы берудің амалы  анықталмақ. Бетпе-бет келген жауға тойтарыс бере отырып, Сыр бойына топтасқан туыстарымызға қосылуымыз шарт. «Ақыл – жастан» деген, қане, не айтасыңдар?»,– деп  сабырға шақыруы батырлығынан бұрын даналығын паш етеді. 

«Жолбарыс бата бермей жолың болмас» деген сөз де сол алмағайып кезеңде туған. «Алпыс күн оқыған намаздан бір күн орныққан әділдіктен елге келер жақсылық көп» деп Қабылиса жырау, Ескелді мен Балпық билерді жанып отырады екен. Олар да өз кезегінде ағасына  келелі жиындарда сөз бастатып, ақылына жүгінуден жалықпаған.

Бірде Наурызбай батырдың құралайды көзге атқан сенімді серігі атақты мерген Тәттібайға: «Жоңғарды жеңетініміз ақиқат. Өйткені күш біріктірген қазақ қолы азаттық үшін соғыспақ. Әділдіктің туын көтермек.  Тәуке ханның  «Өркенің өссін!» деген  батасын алғансың.  Майдан алаңына кірген сарбаз артына қарамас болар. Шығатын жол біреу ғана. Ол – жеңіс жолы. Атымды шығарам деген өркөкіректік, көзсіз әрекеттен аулақ болыңдар. Үйлесімді қимылдарыңның өзі жаудың сағын сындырады. Қатарларыңа тыңнан қосылған сарбаздарды қырандай баптаңдар. Мұны мына ел-жұрттың аманаты деп ұғыңдар!» деп жігерлерін тасқайрақ  жануы қалың қолды бірден рухтандырып әкеткен. Жеңіске ақ жол ашқан!

«Әділдік болмаған жерде Алланың да ризашылығы болмайды» деген ұстанымымен танылған Балпық би егде жасқа келгенше бала сүймеген ғой. «Апыр-ай, асыл да туған бекзатым-ай, ұрпақ жайын ойласаң етті», –  деп көрген жерде қамығады екен әулие Жолбарыс. Балпық болса «Шұбар ата» өзінің балалы екендігін айтып болмады-ау», – деп ренжитін көрінеді. Кезекті бір жолыққанда: «Менің ұзынымды ұлым киеді, қызылымды қызым киеді. Ал сенің жиған-тергеніңді өзің кимегенде кімің киюші еді?» деген басыңқы сөзіне қарамастан  бидің әйелі Ақбала: «Меніңше, әулиенің назары түсіп тұр бізге. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген, біздікі білместік пе деймін. Жүріңіз, барып батасын алайық?!» деген соң әулиенің ауылына жеңгесі Үлпілдекті ерте барған.

– Күйіміз ажарланбай, үйіміз базарланбай өткеніміз бе? Перзент деп тілек тілеп келдік, – дейді Балпық.
– Көп берейін бе шүрегей, біреуін берейін бе бірегей, – дейді Жолбарыс.
– Қатық тұздығымен болушы еді ғой, – дейді Балпық.
Сонда  әулие:
Ғайыр ерен, қырық шілтен,
Көзіңнің қырын салып өт.
Қыдыр дарып, бақ қонып,
Қолдап жібер құдірет.
Ақ көңілден айтылған,
Тілекті, Алла, қабыл ет! – деп батасын  беріпті.
Дарабоз атанып кеткен Үлпілдек: «Бесіктегі баланың бек боларын кім білген, қарындағы баланың хан боларын кім білген» дегендей, әулиенің батасы қабыл болсын. Өмірге келер нәресте сенің жолыңды жалғастыратын болсын» деп, Балпық пен Ақбаланың нәрестелі боларына сенімдерін бірге бекіткен.  Міне, осыдан кейін байтақ елдің Балпығы кемел жасында Тіленші, Әлдеке атты екі ұл, Ақмоншақ,  Көкмоншақ атты екі қыз сүйген. Тіленші болса әке жолын қуып Жетісу өлкесінде әділдіктің туын ұстаған қазы болған.

Жолбарыстың ел бірлігі үшін атқарған дипломатиялық еңбегі өз алдына кеңінен баяндалар тақырып. Десе де «Бітімгершілік – қарсыласын сабасына  түсіретін келісімшарт.  Жалайыр жаугершілікке құмар емес, алайда  басынып келген жауының желкесін үзуге әркез дайын» деген ұстанымынан айнымапты. Қазақ елшілерін бастап Қытайға сапарлағанда Алтынемелден өткен жолын жергілікті халық «Жолбарыс асуы» деп атайды. Осы асудан еркін асқан шөпшегі Қасым-Жомарт та Сингапур,  Қытай елінде дипломатиялық қызметте болып, мол тәжірибе жинақтап елге оралған.

Кемел Тоқаевтың туындыларындағы жауынгер Жолбарысұлы  –  жас барлаушы Кемелдің прототипі. Бас кейіпкерін Жолбарыс атауы тегін емес. Өмірдің ащы-тұщысын көрген адам жаудың тылына өткенде бабасының аруағына сан мәрте сыйынған да болар. Ұлдары Қасым-Жомарттан туған немересін Темір (Тимур), бауыры Бақтыбектен туған ұлды Шыңғыс атауына назар аударсаңыз да  Кемелдің бойынан тектілікті аңғарасыз. Темір мен Шыңғыс бір адам – Шыңғысханның есімі. Тарихқа тағзым етудің әдепті үлгісін жалғастырған аға буын өкілдері Ыбырай Жақаевтың, Жазылбек Қуанышбаевтың, Нұрмолда Алдабергеновтың екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, ел құрметіне бөленуі де тегін емес-ау байқап тұрсақ!

«Сабақты жіп сәтімен» дегендей, бұрнағы жылы Талдықорған қаласында Жолбарыс Жылқайдарұлының ескерткіші бой көтерді.

Жолбарыс бабаның бейнесі – тақта отырған хан емес, бес қаруын асынған батыр да емес, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, батасымен еліне қалқан болған абыз, ел тыныштығын нығайтуға атсалысқан елші,  ұрпағының болашағын бағамдай білген әулиелік қасиетін кеңінен ашатын кешенді туынды. Заман талабына сай ұрпаққа рух беретін көркем дүние. Бұл ел бірлігі мен ұрпақ сабақтастығы атты тамыры терең, тағылымды тұжырымның өміршеңдігін, яғни мәңгілігін айғақтай түседі. «Жақсының ғұмырын ұрпағы ұзартады, ісін ұлысы жалғастырады» деген ұлағатты ұғымның бүгінгі көрінісі.

Кемелді  өмірдің өзі шыңдады. Аталарының қара жұрты – Қаратал бойы. Қыстауы Үшөзек құмында. Көктеуі Сарықабан көлі. Ағалары – Құшай, Төле, Өте, інісі Мырзахметтің іргесі ажырамаған. Өте Кеңеске сайланып, ел басқарды. Белсенділігі асып кеткені билікке ұнай қоймаған соң коллективтендіру басталғанда бір түнде Кәлпеден інісі Тоқаны алып көшіп кеткен. Қазақ жерінен асып, ағайынды екеуі  Бішкекті паналайды. Кендір өндіретін шаруашылықта істейді. Осы жерде Өтенің баласы Үмбетқұлға қарақұрт тиіп, өмірден озады. Жағдайы бола қоймаған соң Меркені жағалайды. Онда да тіршілік ауыр. Үстіндегі шапанын өгіздің бір сирағына айырбастамақ болып кеткен әкесін іздеп шыққан Қасым мен Кемелді милиция қызметкерлері еркіне жібермей жетімханаға әкеп тапсырады. Балаларын іздеген әке, әке-шешесін аңсаған Қасым мен Кемелдің әрекеті нәтижесіз болып, ақыры қайғылы оқиғаға ұласады. Балалық шағында тар жол, тайғақ кешуден әбден өткен Кемелдің ат жалын тартқан жігіт кезіндегі өмірі Кеңес армиясының қатарында өтеді. Бұл да өмір мектебінің сындарлы сатысы еді.
 «Солдат соғысқа кетті» романы – туындыларының қомақтысы. Тілі жатық. Оқуға жеңіл. Мазмұны тартымды, шытырман оқиғаларға бай көркем туындыдан замана лебі есіп тұр. Романның кейіпкерлері Қойбағаров, Алиев, Фаткуллин, Мейірманов, Иванов, Исаев, Сүлейменов, Демин, Бабахунов, Коршунов, Кароев сынды жастар кешегі қолдан жасалған аштық, елінің жақсы-жайсаңдарын қынадай қырған нәубетке ызалы күйлерінде майдан шебінен табылған. Сұрапыл соғыстың алғашқы күнінен-ақ күші басым неміс басқыншыларынан Отанын, қасиетті жері мен киелі елін қорғауға жұдырықтай жұмылған.
Романнан үзінді.
– Коми-са-а-рр, біздің жігіттер, – дей бергенде, Алиев қолын алға созып:
– Ахмет, бәрін де білем, саналы қайратпен арыстанша алысты.  Нағыз ерлік белгісін танытты. Өз көзіммен көрдім! – деді. Белін ұстап, ауырсына кібіртіктей басып Мұхамед келді. Тізесін бүгіп Ахметтің қасына отырды. Басы салбырап кеудесіне түсті. Қойбағаров ұзақ қарап жатып:
– Міне, қалқам, енді келмес сапарға жол тарттық, – деп кәдімгі дені сау адамдай сөйлеп кетті. – Артта қатын мен бала қалды. Қолың босағанда бір ауыз сөз жазып жіберерсің. Алланың жазуы осылай болды… Қайтеміз, жыламасын. Ақылжаным жас еді. Артта қалған жалғыз тұяғым сол. Соған ие болғай дегейсің. Жарыма, Ақылдыма тілегім осы. Аманатымды жеткіз, қалқам! – деп көзін жұмып тына қалды.
… 
– Жолдас комиссар, – деп Мұхамед басын шайқап мырс етті. – Тап митингідегідей жақсы сөз айттыңыз. Бұл биіктікті Иванов пен Исаев екеуі-ақ қорғап жатты ғой. Ал біз жетеу едік. Үш адамнан айрылдық, төртеуі жаралы. Бұл тым көп емес пе? Қалай ойлайсыз?
Иванов санитаркамен бірге  әкелген термостағы ыстық шайды ішкелі бері жадырап, әл кіріп, көңілдене түскен. Мұхамедтің әлгі сөзін ұнатпағандай іріңдеген жалғыз көзінің жанарын қадап:
– Осында алғаш келген күні немістің бір взводының топалаңын шығарып талқан еттіңдер. Оншақты адамынан айрылып кейін шегінді. Олардың автоматы мен оқ-дәрісін жинап алдың! Бұл аз ба?  Одан кейін де фашистер  үздік-үздік қанша мәрте шабуылға шықты. Оларды да бет қаратпадыңдар. Немене, бұған көңілің толмай ма? Танк төбеңе шығып таптамақ еді. Оны да жойдың. Сонда жетеуіңе неміс полкін жабу керек пе? – деп қыза сөйледі. Алиев күлді.
– Сіздің маған қойған сұрағыңызға Иванов жолдас жауап берді. Оған қосылам.
– Қару күшті әрі молырақ болса жауға ойсырата соққы бере алар едік, – деді Мұхамед ойын жалғап. – Осында ПТР-мен (ПТР – танкіге қарсы мылтық)  атқылап әуре болып жатады. Оны броны қалың танк тіпті елең қылмайды. Кейде атқышты аяйсың!

Озық техника, қуатты қарумен жасақталған басқыншыларға рухы мықты жандардың қарсы тұрып, ерен ерлігімен жаудың жағын, техникасының жалын айырғанын қарапайым қазақ тілінде мыңдаған оқырманына жеткізген Тоқаев шын мәнінде кемел жан. Қараталдық жерлестері Үштөбе қаласында «Солдат соғысқа кетті» атты аллея ашып, естелік белгі орнатты. «Родина мать зовет» ұраны көтерілгенде мыңдаған жетісулық соғысқа Үштөбе қаласынан аттанған. Жеңіске жеткен жүздеген солдат туған жеріне Үштөбе арқылы оралып, ағайындарымен қауышып, ұрпағымен табысқан. Кемел Тоқаев бір Ахмет Қойбағаровтың ғана емес, жүздеген қанды-көйлек  достары мен ел есінде сақталуға тиісті майдангерлердің аманатын  осы романымен  және өзге де туындыларымен орындады. Қоянжүрек қорқақтар мен зұлымдығы әшкере болған сатқындарды да тыс қалдырмапты. Мақсаты – сананы  аздырмау, ұрпақты тоздырмау. Осы асыл мұратын жалғастыру үшін де Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып детектив жанры мен әскери-патриоттық секцияны түлетті.
Қазақстан Жазушылар  одағы мен Қазақ ССР  Ішкі істер министрлігі кеңес милициясы мен чекистерге арналған шығармаларға бәйге жариялағанда бірінші бәйгені қатарынан төрт рет алған Тоқаевты қалың оқырман  «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық»,  «Арнаулы тапсырма» арқылы жақсы біледі.
«Соңғы соққы» романы нақты деректер негізінде жазылған. Романнан үзінді. «Жатақтағы қанды оқиғаны естіп, сол маңайдағы қазақ ауылдарынан Майлыбайға көңіл айтуға кісілер келіп жатқан. Қараша үйдің іші-сырты қалың нөпір. Көп адамның арасынан Тимофейдің де төбесі көрініп қалды. Ол қара сақал банда шауып өлтірген келінін  жерлеп, сол жақтан әдейі жатаққа бұрылған. Бандылар Шарбануды азаптап өлтіргенін немересі Анатолийден естіп білген. Анатолий Жұмағұлдың баласы Әлимен дос. Әли жатақтың тоқты-торпағын өргізіп тау  жақтан шыққанда, Анатолий селоның қалың табынын айдап етектен қосылады.  Сол Әли досына әдейі барып жатақтағы оқиғаны шошына әңгімелеп берген.

Майлыбай кәрі тамырымен құшақтасып көрісіп, ағыл-тегіл жылады.

– Түймебай-ау, тәңірге не жазып ек! Бір күнде, бір сәтте екі үйді бірдей қан-жоса ғып қасіретке батырды ғой. Есіл келіндерім-ай, арманда кеткен асылым-ай!
Тимофейді көріп Айғаным да зарлап қоя берді.
– Мен не деген бақытсыз жан едім. Сол қаза, сол ажал маған тап болсайшы, жас гүлді солдырмай құдай мені алса қайтетін еді! Қайран тектім-ай!
…
– Жетісуда қан көп төгілді. Атаман Анненков пен генерал Дутов үшін адам тағдыры ойыншыққа айналды. Кейбір ауыл мен қыстақ түгелімен жойылып кетті. Кең дала  өлікке толды. Дәл түбімізде ақтар тұр деп олардың шабуылын күтіп, осылай қол қусырып отыра береміз бе? Дұшпанның ордасына барып неге ойран салмаймыз?
– Мұны мен де айтып жүрдім. Ең қиыны, бөтен жұрттың жерінде тұр ғой. Қалай баса-көктеп кіре аласың?
– Білем, тату елмен, көршімен араздасу жараспайды. Бірақ біз қиын сыннан өткен елдің ері емес пе ек? Осыны сен жасамасаң, сен таппасаң, басқа кімнің қолынан келеді? Осы жайында өзіңмен ақылдасайын, кеңесейін деп келдім, – деп Ораз жауап күтіп тоқтап қалды.
– Ораз Қиқымович, сөзіңнің астарын ұқтым. Бұрын қазақ баласы жасамаған кәсіпті жүктейтін ойың бар. Жансыз боп жаудың ішіне кір, сырын біл, берекесін кетір, елдің кегін қанмен қайтар демексің ғой.
Ораз жайдарылана күлді.
– Бірақ бұл әрекетіміз зая кете ме деймін.
– Неге?
–Атақты бай баласы, князь тұқымы екенімді ұмытып, большевиктер қатарына шығып қызмет жасап жатырмын. Жаркент уезі милициясының бастығы екенімді Дутов білсе керек. Оның шегарадан өткен тыңшыларын, контрабандистерін ұстап, жазалағаным бар. Мені көргенде әккі генерал құшағын жая қарсы ала қоймас. Өшіккен жауының қолына оңай түскеніне қуанар.
– Жауға аттанғанда өлемін демейді, жеңемін дейді. Өлу мақсат емес, жеңу мақсат. Әйтпесе, күресіміздің мәні қайсы? – деп Ораз өз ұстанымының кебін дәлелдей түсті».

Екі жүз елу жылға созылған Калмақ пен Қазақ соғысы, үш жүз жыл билік жүргізген Романовтар әулетінің тарих еншісіне еніп, ақ пен қызылдың соғысы лаулаған кезде атаман Анненков пен генерал Дутовтың мұздай қаруланған ызалы ақ бандыларының қазаққа қатер болып төнгенін жетісулықтар әлі де болса ұмыта қойған жоқ. Сарқан ауданы Черкасск ауылындағы мемориалды музей соның дәлелі. Алайда Мәскеуді Гитлерден 1941 жылы қорғап қалған Қазақ батырларының жанкешті ерлігін әділдік тұрғысынан бағалаудың орнына ұлтымыздың беткеұстар азаматтарына жасаған қиянаты ұмытыла қоймас. Бабаларымыздың «қарақытайдың қаптап келгенінен сақтан», «орыспен жолдас болсаң айбалтаң қасыңда болсын» деген қағидаты тегін айтылмаса керек, сірә.

Кемел Тоқаевтың ұлттық мүддені қозғауға мүмкіндік туа қоймаған сол бір уытты кезеңге қарамастан ескі тәртіп орнаса зар заманның қайта туындарын әдеби туынды арқылы ұрпағына өсиет қып қалдыруын бабасы Жолбарысқа тән ерліктің сабақтастығы деп түсінгеніміз жөн. 

«Әке туралы толғаныс» естелігінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Өкінішке қарай, әкеме тағдырдың сыйлаған ғұмыры ұзақ болған жоқ. Ол 1986 жылы 10 қарашада 63-те Пайғамбар жасында дүниеден өтті. Біздің отбасымызға зор қайғы алып келген сол жағдайды еске алған сайын көп ойланамын. Өмірдің барлық қиыншылығын – жетімдікті, Ұлы Отан соғысының қанды кезеңін бастан кешкен оның маңдайына ұзағырақ өмір сүріп, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздік алуы тәрізді тарихи оқиғаның куәгері болу бақыты жазылмаған екен»  деп толғанады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзімен келіспейтінімді кезінде білдірген едім. Мұндай батылдық маған қайдан келді? Өмірден, әлбетте, өмірден. Менің түсінігімде ана дүниенің есігін ашқан адамнан қанша жасадың деп сұрамайды екен. Қоятын сұрағы: «Тіршілігіңде не жасадың?» деген жалғыз сұрақ. Оған қайтарар жауабың – өмір жолың. Атам қазақта: «Өмір қамшының сабындай қысқа» деген тылсым сөз бар.  Бірақ сол қамшының небір өрімі бар ғой. Тоқаның Кемелі  өмірінің өрімін өзі өрген жан. Өмірдің барлық сынағына төтеп беріп, тозағынан сүрінбей өткен жан. Еңбегі бағаланып, өмірдің қызығын бір кісідей-ақ көрген жан. «Артында ұлы қалғанның көзі қалды, сөзі қалғанның өзі қалды» дейді өмірді бағалай білген жан. Бүгінде Кемелдің көзі де бар, өзі де бар. Құнды туындыларымен жасампаз жастарға қалдырған өсиеті бар. Соның бірі  Қасым-Жомарттың  есінде. «Жаңа дәуірге аяқ баспастан бұрын-ақ осы төңіректе әңгіме бола қалғанда ол Қазақстанның шетелдерде дипломатиялық өкілдіктері бар тәуелсіз, дербес мемлекетке айналатынын айтатын. «Еркіндігі жоқ елдің ертеңі де жоқ» деген нақылды жиі қайталайтын» деген сөз.

Пайғамбар жасына келген, ары таза адамның сөзі. Шұбар әулие Жолбарыстың аманаты. Жазылбек Қуанышбаев пен Нұрмолда Алдабергенов сынды ұлт жампоздарының ақ тілегі.

Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді екен. Анасы Тұрар Шабарбаеваның:
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп, 
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Түйін түйіп темірден,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?
Кең балағын түріскен,
Ұлы топта күрескен,
Жотасы жерге тимеген,
Балуан болар ма екенсің?
Сиыр сауып, май шайқап,
Бал қайнатып, шәй ішкен,
Қазы кертіп, жал жеген,
Асты болар ма екенсің?
Ұзақ жасап, көбірек,
Басты болар ма екенсің?  – деген жыры ұлы      Қасым-Жомарттың санасына уыз қалпында сіңген еді.

Әке – балаға сыншы» дегендей, пайғамбар жасына келген Кемел Тоқаев орда бұзар отыздан асқан ұлының бойынан ерек қасиеттерді аңғармады емес, аңғарды. Қырқында қамал алып, елуінде ел ағасы атанарына да, бар білім-білігімен ұлтты ұйыстырар тұлғалық деңгейге көтерілеріне де кәміл сенді. Иә, адамның арманы шексіз! Ал орындалуы Жаратушының қолында!

«Народ – это те, кто жил до нас и выстроил великое светоносное, породил богооткровенную культуру, выйграл самые великие войны, совершал самые дерзновенные духовные подвиги.

Народ – это те, кто придет после нас и выполнит возложенную на него Богом вселенную задачу, одержит неизбежную Победу.
И конечно же, народ – это мы с вами»  деген қағидатты біздің кейіпкеріміз Сталинград майданындағы алғашқы жеңіске жеткен күні-ақ күнделігіне жазып, жиі-жиі оқып отыруды әдетке айналдырған екен. Тақырыпты КЕМЕЛ ЖАН атауымның сыры да  осында!

«Заман өзгерген сайын адамы да өзгереді» дегендей, қазір іргелі ел қатарына қосылдық. Қайдан шыққанымызды зерделедік. Қайда бара жатқанымызды білеміз. Сабақтастық, әділдік, өрлеу ұғымдары қоғам дамуымен жарасымды үйлесім тауып келеді. Асар асу, шығар биігіміздің бүгінгімен шектелмесі айдан анық. Береке-бірлікті асыру, бірдің бойлап өскенінен гөрі көптің қаулап өсуіне жағдай туғызып, әділет туын желбірету – баршаның парызы! Міне, осынау ұлттық ұстаным жолында кәтепті қара нарға теңелген КЕМЕЛ ЖАН ғұмыры елдігіміздің өшпес өнегесі!

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ, 
Алматы облысының Құрметті азаматы

Қатысты жаңалықтар

Жолшы еңбегі – ел игілігі

Жолшы еңбегі – ел игілігі

07.08.2026
Мемлекеттік гранттар бөлінді: тізімді қайдан көруге болады?

Мемлекеттік гранттар бөлінді: тізімді қайдан көруге болады?

07.08.2026
Ауыл жағдайы айтылса

Ұлттық құрылтай – ел бірлігін бекемдейтін қоғамдық диалог алаңы

07.08.2026
Заман талабына сай жаңғырған

Болашаққа бағдар

07.08.2026
Сарыбұлақ тұрғындарының өзекті мәселелері талқыланды

Сарыбұлақ тұрғындарының өзекті мәселелері талқыланды

07.08.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.