Кеген ауданының тұрғындары өткен жылдың қиындықтарын ұмытқан жоқ. Қуаңшылық орын алды. Суармалы өңірлері аз, тірлігі табиғи шөп алқаптарына тірелген аудан тұрғындары шөптің денін сырттан сатып алуға мәжбүр болды.
Жоспарланған мал азығының 65 пайызы ғана таулы өңірден дайындалса, қалғаны сырттан сатып алынды. Биылғы жағдай өзгеше. Жаңбырлы жыл болды. Шөп тау-далаға, сай-салаға бітік шықты. Шын мәнінде, биыл өңірдің өзінен мал азығының берік қоры жасалынады деп күтілуде.
Кеген ауданы бойынша биыл 143 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Соңғы апталарға дейін 25 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл, негізінен, суармалы жерлері бар, көп жылдық шөп өсіретін құрылымдарға тән нәтиже. Табиғи шөп алқаптарына шалғы түсе қойған жоқ. Бірер аптадан кейін табиғи шөп алқаптарына жаппай шалғы түседі. Ауданда 19575 гектар көп жылдық шөп, 20419 гектар табиғи шөп алқаптары бар.
Жасыл орақ науқаны аудандағы Қарқара, Тасашы, Шырғанақ ауылдық округтерінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Қарқара ауылдық округі бойынша Оразәлі Омаров басқаратын «Мәди» шаруа қожалығының, Қанат Дүзбаев басқаратын «Бүркіт» шаруа қожалығының атына жылы лебіз білдіруге болады. Шырғанақ ауылдық округі бойынша Серік Саниязов жетекшілік жасайтын «Саниязов» шаруа қожалығы, Жалаңаш ауылдық округіне қарасты Болат Аумолдаев басқаратын «Аумолдаев» шаруа қожалығы мал азығының берік қорын жасауда.
Қанат Біржансал,
Кеген ауданы
Алматы облысы





