Алатаудың бөктерінде орналасқан «Спутник» лагерінде балалардың әр күнін қызықты өткізуіне, жақсы демалуына толыққанды жағдай жасалған.
Атап айтсақ, спорттық ойындарға арналған стадион, бассейн бар. Оған қоса, спорт, акт залдары, балалардың ойын алаңдары, теннис үстелі, асханасы мен жатын орны да жайлы әрі заманауи құралдармен жабдықталған.
Биыл «Спутник» балалар сауықтыру орталығында 7 ауысым бойынша 3 мыңнан астам баланы демалдыру көзделген. Оның 2 мыңына «Қазақстан теміржолы» компаниясының әртүрлі мекемелері демеушілік жасайды.
– Мұнда Қазақстанның әр облысынан теміржол саласында еңбек ететін отбасылардың балалары демалып жатыр. Олардың сыртында Алматы қалалық білім басқармасының байқау нәтижесі бойынша көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары жолдамамен келіп, жазғы демалыстарын өткізуде, – дейді «Спутник» балалар сауықтыру орталығының директоры Айнабек Халықов.
Аталған ойын-сауық орталығының күндік бағдарламасы бойынша балалардың бос уақыты жоқ. Тәтті ұйқыдан оянып, денешынықтыру жаттығуынан бастап, түнге дейінгі уақыттың әр минутын тиімді өткізу мақсатында мәдени-спорттық, оқу-ағарту іс-шаралары бекітіліп қойылған. Соған сәйкес түске дейін спорттың барлық түрінен жарыстар ұйымдастырылады. Ал түстен кейін мәдени іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, театрландырылған көріністер қойылады. Балалар жыл бойғы оқыған білімдерін осы іс-шаралар арқылы одан әрі дамытып, жетілдіреді. Оған тәжірибесі төселген тәрбиешілер ұйытқы болуда. Әр топтағы 25 балаға бір тәрбиеші мен бір тәлімгер жетекшілік етеді.
– Жазғы демалысты лагерьде өткізу өте қызық. Мен мұнда сұлу табиғатты тамашалаумен қатар жақсы достар таптым. Біздің әр күніміз көңілді өтуде. Ойынға қандық, білім де алдық. Жатын орындарымыз да жайлы, тамағы тіптен дәмді. Бізге осындай көңілді демалысқа жолдама берген «Қазақстан теміржолы» компаниясына алғысымды білдіремін. Менің әкем теміржолда еңбек етеді, – дейді Ақтөбе облысынан келген оқушы Нұржан Маратов.
Орталық директоры Айнабек Шәукенұлының айтуынша, әр жылдың соңында жаз бойғы жұмысты қорытындылап, балдырғандарға қызықты бағдарламалар ұсыну бұлжымас дәстүрге айналған.
Ұлбосын ИСАБЕК




