Талдықорған: +35°C
$ 468.88
€ 534.10
₽ 6.04
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

КҮЛДІР ДЕ КҮЛДІР

17.09.2021
КҮЛТӨБЕ
КҮЛДІР ДЕ КҮЛДІР
WhatsAppTelegramFacebook

Көкірегіме бір өксік тіреліп, артынан кешегі жанарынан от шашып, жасындай жарқылдап, айбатынан ай бұғып, күн жасыған айбатты жанарларды аңсағандай бір сағыныш сыздатады. Апыр-ау, елдің кешегі асқақ рухы қайда кеткен? «Шамдансам шалқамнан түсер асаумын, шамырқансам шатынап сынар болатпын. Сыртым  құрыш, жүзім болат, тасқа да салсаң майрылман», – деп тепсініп, ерлігін жолбарыс пен аюға, зорлығын бекіре мен жайынға, беріктігін қарағай мен қайыңға теңеген бабалар рухы қайда?! 


Отарлаушы өкімет қазақтың рухын түсіріп, басыбайлы құл етпек үшін әуелі астындағы атын алды. Зайсан казак-орыс атаманы Н. Рябушкин: «Қазақ атқа мінсе есерленіп кетеді, жынданып кетеді. Атымен қашса құтылады, қуса жетеді. Атынан түсіп жаяу жүрген қазақты көріңіз, бұдан момын, бұдан бағынышты халық жоқ. Сондықтан бұл халықты атсыз қалдыру керек», – депті. Ел ішін аралаған миссионерлердің осы сынды сансыз жүйелі зерттеулері отарлаушы үкіметі 1929 жылғы ұжымдастыру саясатына алып келді. Көзінің ағы мен қарасындай, жанынан артық көрген «құлағын біздей қадаған, кекілін қыздай тараған» қайран қаз мойындарға солақай саясаттың сілтеген сойылы Батыраштың балтасынан да қатты тиді. Осылайша қазақ ұлысы жауға мінсе – айбары, тойға мінсе – жайнағы, төбесіндегі байрағы, жанындағы серігі, тыныс алар көрігі, асылы хайуан демесе, малдан бөлек келімі тұлпарынан айырылып жаяу қалды. 

Ғалымдардың зерттеуінше, қазақ даласында 1929 жылға дейін 4,5-5 миллионнан астам жылқы болса, 1933 жылы 300 мыңға жетер-жетпес қана қалған. Бірнеше мыңдаған жыл бойы ұланғайыр даланың төсін дүбірлеткен тұлпардың тұқымы құрып, қойға мінер қойторы мен тұмар бас торы шолақтар қалды. Осы саясаттың нәтижесінде отаршылдар жергілікті халықты қораға түскен қасқырдай жұлмалады. Жер қайысқан жүйрік жылқысынан жалғыз тұяқ асыл тұқым қалмаған, еркесінен, сән-салтанатынан айырылған дала жетімдік күйін кешті. Қара балта байырғы байтақ елдің бәйтерегін – бостандық сезімін, сенімін құлатты. Атсыз қазақ еркін адам ретінде өмір сүру құқығынан айырылды. Алаштың атын алды, артынан ерлерінің басын алды. Қазақтың табанын тас тіліп, жанарына жас тұнып, жылқы мінезі жүндей түтілді. Ардақты жануарлардың сарқыны қораларға қамалды. «Үстінен су төгілмес майдақоңыр жорғалардың» орнын мінсең іші-бауырыңды түсірер «дончактар» басты. Бұл жайлы Мәшһүр Жүсіп атамыз «Малсыз дала» өлеңінде:
Жылқы жоқ бұрынғыдай қостан шығар,
Күн қайда жонға барып қыстап шығар.
Бұл түрімен төмендеп кете берсе,
Әркім-ақ өзінікін ұстап қалар, – дейді. 
Сәкен Сейфуллин «Қызыл ат» поэмасында жылқы түлігінің тоз-тозын шығарып, атқанын атып, сатқанын сатып, жұртты жаппай жаяу қалдырғанын былайша суреттейді: 
Білемісің, жүйрік сұлу қара айғырды?
Білемісің, әлгі жалбыр сары айғырды?
Сұр жорға ат, сүтті мама боз биені,
Соларды зиянкестер қалай қылды?
Солардың бірі жауыр, бірі қатпа,
Сұржорға ат қазір тулақ, ол енді ат па? – дейді. 
Ашынған Сәкен жыры «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген нәубетке, қансыратқан аштықты бейнелесе, сол «Үш бәйтеректің» бірі Бейімбет Майлин де қабырғасы қайысып:
Кереге басы құр ноқта,
Құлынсыз қаңырап тұр ноқта,
Сән-салтанат баяғы,
Қалды әдіре бір жақта, – деп шырқырады. Бірақ қызыл империяның қырғыны үдей түсті. Ілияс Жансүгіров азалы Ақан серінің зарын арқау етіп, Құлагердей сайгүліктің қанды басын құшып отырып, қазақтың қайта оралмас тұлпарлары мен атқа мінер аруақты азаматарын жоқтап:
Құлагер, қош-қош атым, жолдасым-ай,
Мен білдім түнесем де тұрмасыңды-ай.
Тигізбей топыраққа жоғары іліп,
Сақтармын өле-өлгенше қу басыңды-ай! – деп қаңыраған қазақ даласын күңірентті. 
Атсыз қалған қазақтың асқақ рухына қылбұрау түсті. Туа  біткен күш-қайрат – жауын көргенде терісіне сыймай тасып, талқан қып, беттескенін бұзып-жармай толас таппайтын, қас жауын қанжығасына байламай қаһары қайтпайтын, ата қонысын апай төсімен қорғаған, ажарынан сарабдал ақыл-ой аңқыған, атын естігенде аруақтанып, намысымыз нұрланатын батыр ерлер рухы көмескі тартты. 

Жылқы – қазақ рухының символы. Атқа мінген қазақ қос қанатты сұңқардай қомаданып, көңілі өсіп, айбаттана қалады. Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын қасиеті бар.  Ол – намыс, ұлттық сана-сезім, тектілік. Сонымен қатар, атқа мінген қазақтың мыңдаған жылдық арғы түпсанасындағы жауынгерлік рухы оянады. Міне, қанына сіңген «жылқы мінезіне» шамасы жетпесін  анық ұғынған отаршылдар жылқыдан ажыратуға барын салды.
Жолбарыстай шұбарды,
Таңдап бір мінер ме екенбіз?
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екенбіз, – деп Ақтамберді жырлағандай ат көргенде арқасы шымырлап, делебесі қозбайтын қазақ жоқ. 

Тұлпардың сырын терең түсінген бабаларымыз қыл құйрықты жануардың көңіл өсіріп, жал бітіретінін жақсы білген. «Балаң жасық болса – жылқы бақтыр, тентек болса – қой бақтыр» деген сөз көп нәрседен хабар беретіндей. Кеңес өкіметінің жылқыға шектеу қойып, қой өсіру саясаты да «тарпаң мінезді, кісі бейнелі» тұлғасынан қой баққан момын елге айналдыру еді. Сырым Датұлының ұстазы, он екі ата Байұлының аға биі Бөкен би өмірі атқа мінбепті. «Көңілім өсіп, желденіп кетеді, асып-тасып елімді, жұртымды ұмытып кетем, көзім ісіп, жақсы-жаманды айыра алмай қаламын», – деп өгізді ерттеп мініп жүретін кісі екен. Шерлі ақын Шортанбай Қанайұлы:
Мың-мың жылқы айдаған,
Сары қазы шайнаған.
Қымызын судай сапырған,
Оны ішкен соң мас болып,
Аюдайын ақырған, – деп жырлауы да сөзіміздің түйінді айғағы. Қасиетін толық бағамдай білген бабаларымыз жылқы әлемін өскелең ұрпаққа тәрбие ретінде үйреткен. Ырымдап тұлпардың тұяғы тиген жерді ойып алып бесіктегі баланың жастығының астына қойған. Тұсауын кесерде: «Тұлпардай жүйрік бол, сұңқардай ұшқыр бол» – деп тілек айтқан. Екі жасында атасы не әкесі аттың алдына алып жүріп ауыл-ауылды аралатады. Үш жасқа толысымен ашамайға отырғызып, дуалы қарттардан бата алады. Бала алғаш ашамайлы атқа мінгенде генетикалық жадын жаңғыртып алар батасы:
Асқар, асақар таудан өт,
Айдын шалқар көлден өт.
Жеті ықылым елден өт,
Құс қанатын талдырған,
Қу мекиен шөлден өт.
Жолсыз жерде жолбаста,
Қолсыз жерде қол баста.
Осынау батаның астарында сақ-массагеттерден бастап кешегі алты Алаш баласына дейінгі күллі жауынгерлік рух тұтасып жатқандай. Одан не керек, бала жеті-сегіз жасқа толғанда жылқышылар қонысына апарып тастайды.  Сол жерде бала асау үйретіп, жылқышыларға ас дайындап, бір-екі жылдан кейін түнгі күзеттерге шығып, ыстық пен суыққа бірдей төселеді. Жасы он үшке толғанда астына атын сайлап, өзіне арнап қару-жарақ соқтырады. 

Жылқы бағып өскен бала төзімді, өр, алғыр болып өседі. «Жесір қатын дау шақырады, үйірлі жылқы жау шақырады» демекші, көздің құрты болған жылқыға қызығатын ұры-қарылар аз болмайды. Ондайда жасынан «Ұрыдан жылқы айырған, жаудан қарымта қайырған» айбатты да қайратты азаматтар өсіп жетіледі.  Көкірегі жалынға толып, екпіні оттай лаулайды. Атқа шауып үйренген бала тақымы мықты, бойы ширақ, төзімді әрі ержүрек, қиқу-доданың сынына шыңдалған, ат құлағында ойнайтын, жылқының қыр-сырын меңгеріп, болашақта ата-баба жолын қуған жауынгер болып өсері сөзсіз. 

Жылқы – қазақтың жалындаған рухының қайнар көзі. Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков бір айтысында: «Атқа мінген кезімде менің өзім, таққа мінген адамды менсінбеймін», – дейді. Қазақ пен жылқы рухы толықтай тұтастықта. Қазақ жылқыға мал деп қарамайды, «бітімің жануар болса да, келімің кісіден кем бе еді?» деп жылқыны биік мұратқа ұмтылған адамның көмекші жан серігіне балайды. Жылқының еркіндік сүйгіш өр мінезін, шөптің асылын жеп, судың тұнығын ғана ішетін кербездігін, өз нәсіліне шаппас тектілігін, үйірін басқаға бермеу жолында өлімге дейін баратын қайсарлығы мен ит-құсқа бермес тарпаңдығын, жақсы-жаманды түйсініп қоятын сезгіштігі сынды небір асыл қасиеттерін ұрпаққа ұғындырып, кейінгіге аманат еткен Асқар Сүлейменовтің «қазақ жылқыдан жаралған» деген қисынды ойына еріксіз жетелей береді. Жылқыны алғаш қолға үйретіп, рухани тұтастықта тәрбие құралына айналдырған. «Аттың жалында, түйенің қомында өскен» қазақтай жылқы қасиетін танып білген халық жоқ. Бұл сөзіміз – әсерлеу емес, нақты тұжырым. ХІХ ғасырда француз және испан жазушылары жылқы түстерін түгендеумен шұғылданып, 60-тан асырған екен. Ал арабтар бар жоғы 49 түске жеткізген.

Жылқытанушы ғалым Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» еңбегінде келтірген деректе жылқының түсін 350-ге жеткізеді. М. Преображанский, А. Добросмыслов қазақтың жылқы түстеріне байланысты сөздердің көптігі сонша орыс, еуропа тілдеріне аудару мүмкін еместігін айта келіп, арнайы зерттеу қажеттігін сөз етеді. Баран түсті жылқылардың өзі торы, шабдар, жирен, күрең, кер, қара, қоңыр болып жетіге бөлінсе, олардың әрқайсысының  28-30 түс атаулары бар. Ал қылаң топтың көк, сары, бөрте, құла, шұбар, бурыл, ала сынды жеті түсінің әрқайсысының 49 түске дейін түс атаулары бар. Бұл деректің қазақ жылқы тануындағы теңдессіз білімі мен генетикалық жадының беріктігі таңдай қақтырады. Біз бүгінде бабалар білімінен көз жазып қалғаннан көп нәрседен хабарсызбыз. Ілияс Жансүгіровтың Құлагерді сипаттауындағы:
Тәует бас, қамыс құлақ, қураған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ.
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы қалыңырақ, – деген өлең жолына таңырқап, дал боламыз. 

Бірақ бұрында жылқының мұндай сипаттарын кез келген ауылдағы қазақ қариясы айтып бере алатын. Қаламгер Бекен Қайраттың «Қазақтың атбегілік өнері» кітабында жылқының сыртқы мүше атауының 94 екенін айтады. Бастың 21 түрін, көздің 10, қарынның 5, кекілдің 8, еріннің 6, мойынның 6, сауырдың 9, тістің 6, танаудың 8, жалдың 6, құлақтың 15, құйрықтың 8 түрін келтіреді. Ал жылқы жүрісінің 30 түрлі атауы бар. Аяңның 5, желістің 4, жорғаның 12, шабыстың 5 түрін атайды. Бүгінде атқа қатысты ойындардың 5-6 түрін ғана білеміз. Ал «Қазақ жылқысының тарихы» кітабында атқа қатысты ойындардың 50-ден астам түрін көрсетеді.  Бәйге тай жарыс, құнан бәйге, тоқ бәйге, құр бәйге, аламан бәйге деп бөлінсе, көкпардың тулақ тарту, лақ тарту, серке көкпар, тана көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар деген түрлері бар. Сонымен бірге, салбұрын, ат ерттеу, салма, қайыс тарту, теңге ілу т.б. құрық тастау, шалма лақтыру, табақ тарту, мүше тарту сынды көптеген ойындар толып жатыр. 

Жылқы шаруашылығын дамытып, өркендету үкіметтің ішкі саясатының негізгі бір саласына айналуы тиіс. Екі ғасырға жуық отарлық тепкіде болып, езілген халықтың рухын көтеретін, жанарлары жасқаншақтаған азаматтардың арқасына жал бітіретін де жылқы. Көз жазып қалған көптеген мәдени құндылықтарымыздың да орнын толтыратын осы жылқы. Жылқыға байланысты бай лексикон мен қалыптасқан ұлттық ойын түрлері генетикалық жадымызды жаңғыртып, еңсемізді тіктеуде алар орны орасан. Ең бастысы көмескі тартқан айбынды асқақ рухымызды жаңғыртуға керек. 1940 жылы маршал Чойболсонның: «Қазақтың астында аты, қолында қамшысы тұрғанда бұл халыққа ештеңе істей алмайсың», – деген қанатты сөзін ескеруміз керек. Әр қазақ атқа міну керек. Сонда ғана Қошантай Қойбас ақындай:
Жылқы ішінде шұбармын,
Шұбарға таққан тұмармын.
Өзім шұбар болған соң,
Ойнап бір топтан шығармын, – деп айта аламыз. Құлағы салбыраған мәстектей мінезсіз күйімізден айығамыз. Ол үшін жылқыға байланысты халқымыздың ұшан-теңіз дәстүрлі мәдениетін меңгеруіміз керек. Республикамызда этнографиялық жылқы зауыттары мен жылқытану институты ашылып, жылқы шаруашылығына қолдау жасалу қажет. Жылқы музейлерін ұйымдастырып, жылқы туризмін қолға алып, Елбасы айтқан «Атқа міну мәдениетін» қолдау – алдымыздағы кезек күттірмейтін міндетіміз.

Қатысты жаңалықтар

Ел экономикасы 9,5 трлн теңгеге жетті

Ел экономикасы 9,5 трлн теңгеге жетті

15.07.2026
Сезімім алдамапты  – Несіп Жүнісбай

Сезімім алдамапты – Несіп Жүнісбай

15.07.2026
«Қауіпсіз жол» акциясы басталды

«Қауіпсіз жол» акциясы басталды

15.07.2026
Өнер мен білім – өрлеу  кепілі

Өнер мен білім – өрлеу кепілі

14.07.2026
ЖИ мен МИ

Жаңа талап, жаңа жауапкершілік

14.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.