Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқармасының өкілдерімен кездесті. Онда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде «Жетісу» аймақтық бағдарламасының жүзеге асырылу жайы сөз болды.
Амандық Ғаббасұлы алдымен аймақ кәсіпкерлеріне қолдау көрсету бойынша жүріп жатқан жұмыстар, «Даму» қорының қызметтері туралы қысқаша айтып берді. Оның ішінде шағын және орта бизнесті өркендету, кәсіпкерлерді шағын несиемен қамтамасыз ету, іске асырылып жатқан жобалар, кәсіпкерлікті дамытуда құрылып жатқан жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері, өнеркәсіп, салаға қатысты басқа да мәселелер қысқаша баяндалды.
Облыс әкімінің айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында өткен жылдың қорытындысына сәйкес облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеден асқан, бұл ретте шағын және орта бизнестің үлесі 32 пайызды құрайды. Кәсіпкерлерді қолдап, шағын және орта бизнесті өркендетуде «Даму» қорының қосып отырған үлесі қомақты.
Өз кезегінде уақыт тауып, қабылдау өткізген облыс басшысына алғысын білдірген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Гаухар Бөрібаева алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық филиалының директоры болып тағайындалған Тимур Екеевті таныстырды және оның тәжірибелі маман екенін жеткізді. Жетісу жеріндегі шағын және орта бизнестің даму жайына да тоқталды. Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнесті өрістетіп, кәсіпкерлікті өркендетуге мол мүмкіндік туғызатын өңірлердің бірі Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласында, Талғар ауданындағы Талғар қаласында «Даму» қоры кеңселерінің ашылатынын мәлім етті.
Экономиканы ілгерілетіп, кәсіпкерлікті қолдау бойынша қажетті бағдарламалар ойластырылып, жеңілдікпен несие беру, қаражат бөлу сияқты жұмыстарды жандандыруға күш салынып отырғанын да айтты. «Бизнестің жол картасы – 2025», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Жетісу» аймақтық бағдарламалары аясында жүріп жатқан жұмыстар да баяндалды. «Даму» қоры аталған бағдарламалардың операторы болып табылады.
Гаухар Асылбекқызының сөзінше, шағын және орта бизнесті дамытуда шағын несиелер бойынша қарыз алушылар саны жағынан облыс республикада 1-орында тұр, бұл 13,5 пайызды құрайды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында облыста 54 жоба бойынша 633,7 млн. теңге сомасындағы несиеге, «Даму-Оптима» бағдарламасы шеңберінде 32 жоба бойынша 1 млрд. теңгеден аса сомадағы несиеге кепілдік берілген.
Жиында кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытында облыс әкімдігі тарапынан 500 млн. теңге, «Даму» қорынан 500 млн. бөлінетіні мәлім болды. Бұл қаражат көптеген жобаны жүзеге асыруға септігін тигізбек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





