Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз? Қандай кітап? Сауал жеңіл болғанымен жауап беру қиын. Ақпарат тасқыны дәуірінде не кітап оқу керек дейтін боларсыз. Бірақ ғаламтор мен смартфон бере алмаған ілім кітапта жатыр.
Кітап оқудан кенжелеп тұрмыз. Бұл ащы шындық. «Дамыған ел кітап, газет оқиды, дамушы ел теледидар қарайды, интернет парақтайды», – деген әңгіме бар батыстық әлеуметтанушыларда. Сенесіз бе? АҚШ-та бір кітап жүздеген миллион тиражбен оқырманға жол тартады. Мәселен, 2018 жылы Дж К. Роулингтің «Гарри Поттер және пәлсапалық тас» кітабы 500 млн. тиражбен сатылған. Бізде ше? Дөп айту қиын. Бір анығы, тәуір деген кітаптың өзі 2000 төңірегін айналшықтайды. Өйткені, оқырманы жоқ кітап қайдан миллиондап басылсын? Қазір ақпараттың дәуірі. Интернет дегенің сұрағанды тауып береді. Айтар уәжіміз осы. Ал сандық технологияның «әкесін» шығарып жатқан Жапония кітап оқудан әлемде ешкімге есе жібермейді. Неміс жазушысы Лион Фейхтвангер: «Көркем әдебиет пен газет-журнал жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді», – деген еді ғой. Олар соны ескерсе керек.
ЮНЕСКО жанындағы статистика институтының мәліметі бойынша, әлемде адам басына шаққандағы кітапханасының көптігі жөнінен Грузия көш бастап тұр. Бұл елде 1 мың адамға шаққанда 16 335 кітаптан келеді екен. Алғашқы ондықта бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінен Армения, Эстония, Литва елдері де бар. Кітап қоры жөнінен Қазақстан әлем бойынша 41-орында. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді екен. Бұл да жаман емес. Бірақ соны оқитын оқырман аз!
Рас, әр кітаптың өз аудиториясы, оқырманы бар. Жастарға қандай кітапты оқуға ұсынамыз? Оларды қандай желі қызықтырады? Кітап көп. Туынды да жетерлік. Бірақ жастар аудиториясына, заманы мен ағымына сай қандай кітап бар? «Махаббат қызық мол жылдар».Жастанып оқуға лайық шығарма. Анығы сол, бұл туынды кеңестік дәуірдің туындысы. Идеологиясы тым басқа. Сұр шинель мен көк сияға боялған күртеше жайындағы әңгіме. Ішінде смартфон, әлеуметтік желі, заман үдерісі туралы сөз жоқ. Шығарманың махаббаттық дәуірі де бұл кезеңге сай келмейді. ХХІ ғасырдың махаббаты бейнеленген туынды неге жазбасқа? Еуропа мен АҚШ-та миллион тиражбен шығып жатқан туындылар кешегі Джек Лондон мен Ульям Шекспирдікі емес, дәуір үнін сөйлеткен авторлардың кітаптары.
Қоғам – сандық технологияның легімен дамуда. «Фантастика – қиялды ынталандырады және болашақты жақындатады», – дейді атақты ғалым Стивен Хокинг. Рас қой, Жюль Верн «20 жыл су астында» туындысын жазғанда адамзат сүңгуір қайық туралы ойлап па? Түсінде де көрген жоқ «Жерден айға» хикаясын дүниеге әкелгенде ғарышқа сапар жасау туралы қайсы бабамыздың арманы болыпты? Ғылыми фантастика, жалпы фантастикалық жанрдағы қазақ туындысы қашан жарық көрді? Балаларымыз әлі күнге «Марвел» мен «ДС» компанияларының туындысынан сусындауда. Қазақ оқырманын көбейту үшін фантастикалық туындылар да қажет шығар. Сол кезде қазақ ғылымы да алға өрлер. Қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?
Дастанбек Садық
Талдықорған қаласы




