Қазіргі таңда әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – діни экстремизм мен терроризм қаупі екендігі көпшілікке аян. Мұндай ғаламдық қауіп-қатер қоғамға саяси, экономикалық, моральдық шығын әкеліп, халықтың үрейін тудыруда.
Жалпы, терроризм қаупі XX ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап күшейе түсті. Әлемнің көптеген аймағындағы экстремистік топтар мен ұйымдар қанқұйлы теракті жасау арқылы өз мақсаттарына қол жеткізгісі келді.
Бүгінгі күні жаһанда 500-дей экстремистік ұйымның бар екені белгілі болып отыр. Терроризм – бұл әртүрлі мемлекеттердің ұлттық шегараларының шегінен шығып, бүкіл әлемдік қоғамдастықтың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген күрделі, көп қырлы және аса жағымсыз саяси-әлеуметтік құбылыс. Бұған дейін жаһандық зұлымдықпен күресудің тиімді әдістері мен нысандарын зерттеуге арналған көптеген халықаралық конференциялар өтті. Ондай алқалы жиындарда терроризммен күресудің халықаралық жүйесі қажеттігі бірнеше рет айтылды.
Расында лаңкестікке қарсы тұру үшін алдымен оның мәнін нақты анықтау қажет. Қазіргі таңда «терроризм» мәнінің әмбебап анықтамасы жоқ. Баршаға белгілісі – терроризм мен экстремизмнің өзара тығыз байланысты екендігі. Яғни, экстремизм терроризмнің бір бөлшегі саналады. Терроризм, экстремизм және ұйымдасқан қылмыс – бүкіл әлемдік қауымдастық үшін аса қауіпті қатер саналады.
Терроризм мен экстремизмге қарсы тұру – әлемде құқық пен тәртіпті қамтамасыз етудің басты бағыты. Күллі әлемде тіркелген қылмыс қатарындағы саны шамалы болғанына қарамастан лаңкестік сипаттағы қылмыс қоғамның теріс реакциясын тудырады. Тіпті, терроризм мен экстремизмнің көрінісі жекелеген мемлекеттің ғана емес, әлем жұртшылығының өзекті мәселесіне айналып отыр. Әсіресе, кейбір жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың айтағымен жүріп, жетегіне еріп кеткені жасырын емес. Жастар адамзаттық болмыстағы, оның ішінде дін саласындағы құнды бағдарды білуі керек. Өйткені, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы көбіне жас кезінде жүреді.
Жалпы, елімізде дін саласында көп жұмыстар атқарылып жатыр. Сол жұмыстың нәтижесі мен тиімділігі бірте-бірте көрінеді. Ол үшін жұмыстың стратегиялық бағыттарын жүйелі жалғастырған жөн. Ал дінаралық келісімге, жоғары мәдениетке және қоғамды тәрбиелеуге негізделген еліміздің рухани байлығын сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.
Айым Мұқашева,
Қапал ауылдық
кітапханасының
кітапханашысы
Ақсу ауданы





