Пандемияға байланысты биыл тек бірінші сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер ғана сап түзеп, алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Қалған оқушылар «Тәуелсіздік жетістіктері» атты сынып сағатын өткізді.
Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов Үшарал қазақ гимназиясының шәкірттерін атаулы мерекемен құттықтады. Бұл жылдың басты жаңалығы – «Әліппе» оқулығының оралуы. Бірінші сынып бүлдіршіндеріне аудан әкімі әліппе ұстатып, жаңа қадамдарына сәттілік тіледі.
Бірінші сыныпқа келген 80 оқушының қуанышын бөліскен өңір басшысы: Сендер мемлекеттің болашағының негізі болып отырсыңдар. Білім ордасынан алған тәлім-тәрбиенің арқасында өздеріңнің азаматтық тұлғаларыңды қалыптастырып, ел ертеңі үшін де аянбай еңбек етулерің керек. Сонда ғана біз жаһандық бәсекелестікте өзгелермен иық тірестіріп, дамыған елдердің қатарына қосыла- мыз, – деп білім күнінің маңыздылығына тоқталып өтті.
Үшарал қазақ гимназиясының директоры Қорлан Құсайынова аталған мектептің өткен жылғы жұмыс барысымен таныстырып, алдағы оқу жылындағы жоспарларын тілге тиек етті.
Артынша бүлдіршіндер өз кабинеттеріне жайғасып, алғашқы сынып сағаттарын өткізді. Жүректерінің лүпілі жиілеп, қоңырау үнімен дүрсілі сабақтасқан балалардың қуанышында шек жоқ. Құшақ гүлдерін арқалаған олар ұстаздарына ұсынып, езулеріндегі күлкілерінен жылылық лебі есіп тұрғандай. Былтыр онлайн форматта өткен оқу үрдісі еш тарапқа да ыңғайлы еместігін көрсетті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл ұстаздар екі есе еңбек етулері керек.
Дәстүрлі форматқа оралғанымызбен, мұның да өзіндік ереже-талаптары бар. Мұғалімдер мен ата-аналар тек «Ashyq» қосымшасы арқылы мектепке кіре алады. Бетперде тағу ұстазға да, оқушыға да міндетті. Білім ордасына кіреберісте дене қызуы өлшеніп, арнайы залалсыздандыру туннелінен өту қажеттігін де ескертеміз. Сонымен қатар мектептер бұқаралық, спорттық, қоғамдық-мәдени іс-шараларды өткізуді шектемек.
Ауданда барлығы 14605 оқушыға 1831 ұстаз білім береді. 1 қыркүйекте 1256 бала бірінші сыныпқа барды.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ





