Конференция тізгінін қолына алған облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы жиынды жыр Жамбылдың дана Абайға арнаған өлеңімен бастап, тағылымды әңгімемен өрбітті. Баяндамашыларға ретімен сөз кезегін беріп, шалқар шабытпен ой топшылауға ықпал етті.
Алғы сөзді алған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев өңірде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай бүгінге дейін 200-ден аса мәдени, спорттық бұқаралық іс-шаралар өткізілгенін, игі істер жыл көлемінде әлі де жалғасатынын атап өтті. Жетісу жерінде ақынның есімімен аталатын 107 көше, 7 мектеп, 2 елді мекен барын құлаққағыс қылды.Әрменқарай ғалым, филолог, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Анар Фазылжан «Абайдың қара сөздерінің лингвостатистикалық талдамы және қазіргі тілтанымдық зерттеулердің жаңа әдістері» тақырыбанда көпшілікке кеңінен мағлұмат берді. Хакім шығармашылығында сөздерді бүгінгі қолданыстағы сөздермен салыстырып ғылыми дәлел келтірді. Тыңнан түрен салған ғалымның дәйекті дәлелдемелеріне жұртшылық ризашылық танытты.
Ұлы қаламгердің 45 қара сөзінде 16 575 сөз қолданылған екен. Ондағы ең жиі қолданылғаны «бол» етістігі. Ал 1310 сөз тек 1 рет қана қолданылыпты. Тіл маманы бұдан бөлек цип заңы, жиілікті-әліпбилі сөздік сөзтізбесіндегі сөздердің жиілігі жағынан топтастырылуы, лингвостатистикалық зерттеу не беретіні, қарасөз мәтіндері мен қазіргі мәтіндердегі сөзқолданыс, жиілік бойынша құралған сөзтізбедегі ең жиі 100 сөз қатарындағы толық мағыналы зат есім сөздер мен сөздерінің жоғары жиілікпен сипатталуы олардың қазақ ұлттық концептосферасы доминант (базалық идеологиялық және құндылықтық) концептілерінің тілдік репрезентанттары екенін көрсететіндігі, толық мағынасы бар абсолюттік жиілігі 10-ға дейінгі оң мәнді сөздер және сөз басындағы әріп жиілігі туралы зерттеуін халыққа тереңінен түсіндірді. Ғалымның бұл еңбегі ғылым дариясына құйылған өзен іспетті. Оған қалай қошемет көрсетсек те лайық болары айқын.
Алаш рухты Семейдегі Шәкәрім университетінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының PhD докторы, әдебиеттанушы-ғалым Қарлығаш Әубәкірова да салтанатты басқосуда «Абай шығармаларындағы метафизикалық категорияларды» талдап, қазақ танымының ғана емес, әлемдік ой-таным көрсеткішіне айналған ғұламаның шығармашылығын зерттеудің әлі де жалғаса беретінін тілге тиек етті.
– Абайды түсіну үшін, сүю үшін, тамсану үшін Абайға илләһи сезіммен, халмен, армен, ақылмен, біліммен, жүрекпен келу керек. Сырсандық сол кезде ашылады. Абай әлемінің жауһарлары сол кезде көрінетіндей. Оның шығармашылығының, философиясының шыңы – адамтану, құдайтану мәселелеріндегі ой иірімдерінде. Бұл – субъективті жеке пікірім. Абай төрт жол өлең жазғаны үшін емес, қыс, жаз, күз, көктем деп атап, көркем суреттеген табиғат лирикасы үшін емес, ең бірінші кезекте «Махаббатпен жаратқан адамзатты», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» деп тарқата берсең, шегіне жеткізбейтін, шексіз, шетсіз сырлы пәлсапасымен ұлы ақын. Поэзиясы канондық мәтін тәрізді. Әр ойы дидактикаға, полемикаға толы. «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Баламды медресеге біл деп бердім», «Әсемпаз болма әрнеге», «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба» деп тәрбие әуезін әуелетсе, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп бастап, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп ой қорытқан поэзиясы мен трактат түріндегі қара сөздері – сакральды мәнге ие ғаламат ой-тұжырымдардың көрінісі. Абай өлеңдерін хронологиялық ретпен оқып шыққан адам, оның бар ғұмырын, ойлау жүйесін, интеллектуалды даму эволюциясын көре алады, – дейді ғылымның мәніне зер салған Қарлығаш Әубәкірова.
Конференция аясында сөз алған абайтанушы, философия ғылымдарының докторы Досым Омаров «Хакім тұлғасының ұлылығы» жөнінде сыр шертті. Кемеңгер мұрасының ішкі мәні жердің астында көмулі жатқан қазына тәрізді екенін, соны тауып, асыл қазынаны керегімізге жарата алсақ, Абайды әлемдік ұлы ғұламалар деңгейінде көруге болатынын баяндады.
– Абайды ұлы ақын, философ, тарихшы-этнограф, ағартушы, композитор дейміз. Бірақ, бұлардың қайсысы болса да оның ұлылығының ішкі мәні емес. Бұлар тек қана сыртқы көрінісі, сымбаты ғана. «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деп Абайдың өзі айтпақшы, әр құбылыстың сыртқы сымбаты мен ішкі сыры бар. Оларды айыра білу керек. Ұлы тұлғаны қарапайым өмірден жоғары қойып, оған жаңаша көзқараспен кең ауқымда қабылдайтын болсақ, бұған көзіміз жетеді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дейді Абай. Жаратқанның қуаты Махаббат – таза рухани күш. Оны сөзбен жеткізіп, сипаттауға болмайды. Ғашықтар рухани деңгейде біртұтас болып бірігіп, тілсіз тілдесіп, түсініседі. Махаббатқа бөленгендер бұл әлемде емес, рухани әлемге өткендер, – деп топшылайды Досым Қайырбекұлы.
Ғалымдар жасаған тұжырыммен ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін де келіседі. Абай айтқан «Махаббатсыз дүние бос» деген ұғымды толығымен қолдайды. Бұл ретте Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы әріден ой қозғады. Жетісу өңірінен шыққан Жәлменде Байшығашұлы, Пышан Жәлменде-ұлы, Бақтыбай Жолбарысұлының Абаймен байланысы, олардың арасында болған аңызға бергісіз оқиға туралы көпшілік алдында тебірене әңгімеледі. «Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани темірқазығы» тақырыбындағы арнау өлеңін оқып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Конференция одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнер майталмандары Абай әндерін шырқап шараның шырайын келтірді. Жиынға қатысушалар игілігі мол кездесудің өтуіне мұрындық болған Тіл сарайының қызметкерлеріне алғыс жаудырды.
Медет ЖҰМАБАЙ





