Биылғы қуаңшылық Кеген ауданының аумағына да салқынын тигізді. Шөп жақсы жетілмей қалды. Ауылдық округ әкімдіктері, жекелеген құрылымдар қиындықтан шығу жолдарын қарастырып, мал азығының кепілді қорын жасауға тырысуда.
Панфилов ауданынан, өзге де өңірлерден шөп сатып алып жатқандар көп. Аудан бойынша 144256 тонна шөп дайындау жоспарланған. Соның 47 пайызы дайындалып, мал қыстауларына, тұрғын үйлердің маңына жеткізілді. Бұл жұмысты сәтімен аяқтаған шаруа қожалықтары да бар.
Ал Шырғанақ ауылдық округінде жағдай жақсы. Табиғи шөп алқаптарының шығымы жаман болмады. Округке қарасты Талды, Кіші Қарқара, Шырғанақ, Кеңсу өңірлерінің сай-саласының бәріне шалғы түсті. Бұл өңірдегі іргелі құрылымдар өздеріне қажетті шөптерін дайындап, мал азығынан қысылғандарға көмек көрсетуде.
– Шырғанақ ауылдық округінде 5457 бас ірі қара, 3924 бас жылқы, 6579 бас қой-ешкі бар. Биыл аталған төрт түлік мал үшін 13485 тонна шөп дайындау жоспарланды. Соңғы апталарға дейін 6100 тонна мал азығы дайындалды. Жалпы, табиғи шөп шығатын шабындықтардың жайы жақсы, – дейді Шырғанақ ауылдық округінің әкімі Ернар Сарыбаев.
Біз ауылдық округ әкімінің жол бастауымен шабындық алқаптарында болып қайттық. Округ аумағындағы тау аңғарлары мен сай-саланың бәріне шалғы түскен. Дөңгелек тайланған шөптер молынан ұшырасып, науқан қат-қабат, қарқынмен жалғасуда. Шөп комбайнмен шабылып, бірден тайланып, тасымалдау жұмысы да сәтімен жүруде.
Біз «Саниязов» шаруа қожалығының және «Саламат» ЖШС-нің шабындық алқабында болдық. Бәрінде жаңа маркалы тракторлар бар. Шөп тайлағыштары да жаңа. «КамАЗ», «ЗиЛ» маркалы көліктердің тіркемесімен шөп басылып, тасымалдануда. Серік Саниязов басқаратын «Саниязов» шаруа қожалығында жалпы 36 гектар шабындық жер бар. Түсімі жақсы. Шөптің біраз бөлігін сатып, қаражат жасауды жоспарлапты. Ерлан Саламатов басқаратын «Саламат» ЖШС-індегі жұмыс қарқынды. Механизатор Нұрбек Сансызбай, комбайн жүргізушісі Сәкен Қалимолданов, шөп тайлайтын агрегатты тіркеп, шөп тайлап жүрген механизатор Жатай Дәулеткелді секілді азаматтардың бұл істегі еңбектері ерен.
– Оразбай Бекбатыров жетекшілік ететін «Руслан», Рахман Бейсебаев басқаратын «Рахман», Дәукен Рүстем басқаратын «Алпамыс» шаруа қожалықтарының да жағдайы жақсы. Олар мал азығының кепілді қорын жасауда, – дейді Шырғанақ ауылдық округінің әкімі Ернар Сарыбаев.
Округ аумағындағы Көкпияз, Шырғанақ, Кіші Қарқара, Талды, Кеңсу секілді ауылдарда 2640 адам тұрады, 408 отбасы бар. Бәрі мал азығын дайындауда. Біз Шырғанақ өңіріндегі мал азығын дайындау ісінің жайына, шабындық алқаптарындағы еңбек дүбіріне көңіл тоғайтып қайттық.
Қанат БІРЖАНСАЛ




