Төрт түлігін түлеткен шаруа қожалықтарының бүгінгі жай-күйін көзбен көру мақсатында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұралы Шүленбаев Бақанас ауылдық округіне қарасты «Нұржан-С» шаруа қожалығына арнайы барып қайтты.
Жалпы аудан көлемінде 920 шаруа қожалығы бар. 91117 бас ірі қара, 25912 бас жылқы және 128 бас түйе бар. Сонымен қатар, 103033 бас қой-ешкі, 29583 әртүрлі құстар өсіріледі. Ал қысқы мал азығын дайындау мақсатында аудан бойынша 11214 гектар жерден 175,6 мың тонна көпжылдық жоңышқа, 929 гектар сүрлемдік жүгері алқаптарынан 50,6 мың тонна пішендеме, 56,5 мың тонна сүрлемдік жүгері және 48,3 мың тонна сабан, 17,8 мың тонна жем дайындалған.
Бояулы ауылына тұспа-тұс Іле өзенінің жағалауында орналасқан «Нұржан-С» ШҚ-на ат басын бұрғанымызда өрістегі малдың суатқа түсіп, малды ауылдың жұмысы қызып жатқан абыр-сабыр уақытқа дөп келдік.
Шаруашылық малшысы Ербол Совеков әңгіме барысында шаруашылыққа тиесілі 300 гектар жердің табиғаты шұрайлы, шөбі шүйгін екенін айтты. «Содан да болар, бұл жерде 25 бас жылқы және 137 бас ірі қара жайылса да қыстан қоңды шығады», – деп мал жайылымында өсетін табиғи шөптердің бірнеше түрін атап шықты.
Ол өз сөзінде көктем айларында 92 сиырдан 100 пайыз төл алуды жоспарлап отырғанын да іркіп қалмады. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында 2 бас қазақтың ақбас және 2 бас «Санта-Гертруда» аталық бұқалары жылдың төрт мезгілінде өрісте еркін жайылып жүретінін, қысқы мал азығы үшін 300 бума шөп және 5 тонна жем дайындалғанын жеткізді.
Ол жерден бір аңғарғанымыз, малшыға арналған төрт бөлмелі тұрғын үйдің жарығы күн сәулесімен қуаттанатын құрылғы арқылы қосылған. Сонымен қатар, мал емдеу мен қамауға арналған ашық қоралар, мал төлдетуге арналған қыстық қора-жайлар жаңаланып салынған. Қожалық иесі келесі жылы жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы





