Қазір кәсіпкерлігін мал шаруашылығымен байланыстырған ағайын көбейді. Жөн, өйткені базардағы мал өнімдерінің бағасы жыл санап қымбаттап, шаруаның отбасына береке беруде. Сондықтан ауылдағы малы бар шаруа төрт түлігін қайтадан түгендей бастады. Тіпті Алматы, Астана, Талдықорған сынды қалаларда тұратын қалталы азаматтар ауылға ат басын бұрып, жайылымдық жер алып, қора-қопсысын салдырып, өсіру үшін топтап мал сатып алуда. Бұл үрдіске Үкіметтің асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету бағытындағы қомақты қаржылай қолдауы да оң ықпал жасағаны айдан анық.
Ауылшаруашылығы өндірісін жан-жақты дамытуға қолайлы Жаркент өңірінде соңғы жылдары тек асыл тұқымды мал өсіретін 40-қа жуық шаруашылық пайда болды. Олардың 30-дан астамы ірі қара, бесеуі қой және екеуі жылқы өсіруге бейімделген. Панфилов ауданында ғана барлық меншік түрін қосқанда жалпы 319 мыңнан астам қой-ешкі, 89 мыңнан астам ірі қара, 22755 жылқы бар. Осынша малды шығынсыз өсіру үшін мыңға тарта малшы керек екен.
Бүгінде ағайынның жақсы малшы таппай аяғынан тозып жүргенін жиі байқаймыз. «Ал жақсы малшы қандай болады?» деген сауал төңірегінде ой өрбітсек, төрт түлік өсірудің жай-жапсарын тиянақты білетін, мінезі орнықты, дала табиғатындағы қиындықтарға төзе алатын шаруақор жандар көз алдыңа келеді. Кешегі кеңес кезеңіндегі шаруашылықтардың мақтанышына айналған озат шопан, білікті бақташы, жігерлі жылқышылар қазір некен-саяқ.
Мәселенің мәні кешегі мен бүгінгіні салыстыру арқылы зерттегенде айқындала түседі. Кеңес кезеңіндегі шаруашылықтарда мал баққандар егер жақсы еңбек етіп, өрістегі малы қоңды, төлді, басқа да өнімдері мол болса басшылық тарапынан ақшалай, заттай сый-сияпатқа қарық болып, үкіметтен оларға орден, медаль беріліп жататын. Озат малшылар арасында мемлекеттің ең жоғарғы наградасына ие болған Еңбек Ерлері де аз емес. Олардың арасында Жазылбек Қуанышбаев сынды екі мәрте Еңбек Ері атанған майталманымыз да бар.
Бүгінгі қарапайым малшыға осындай құрмет көрсетіле ме? «Әкең болса құлдың керегі не?» демекші, бүгінгі қожалық иелері көбінесе өзінің жақын туыстарын, таныстарын жалдайды. Оларға жарытып жалақы төлеп, зейнетақы қорын қомақтамаса да жотадан қағып, алдап-арбап жұмыс істетуге ыңғайлы. Еңбек кодексіне сәйкес қожайын мен малшы арасында келісімшарт жасау мәселесі мүлде ескерілмейді. Малдың жайын жақсы білетін шаруалардың көпшілігі біреудің малын бағуға ынталы емес. Өйткені қожайындары төлейтін айлық жалақы даладағы мал соңында демалыссыз тартқан азабына арзымайды. Кешегі кеңес шаруашылықтарынан қалған кетеуі кеткен көне қора, жауын-шашында төбесінен су сорғалаған ескі там үй, ондағы тұрмыстық жағдай (электр жарығы, газ, теледидар жоқ) көңіл көншітпейді.
Өз ісіне мығым, малшы болуға әбден лайық дейтін ауылдың қарапайым шаруалары жаңағыдай жайсыздықтан гөрі жылда туып тұрған екі, үш сиыр, бірер жылқысы мен 20-30 қойын өз қорасында бағып, солардың төлінен, сүті мен жүнінен нәпақасын айырып отыр. Ал азын-аулақ қаржыға малшы болуға келісетіндердің көпшілігі тіршілікке икемі жоқ, әр нәрсенің басын бір шалып жүргендер.
Жоғарыдағы айтылғанға қарап қожалық иелерінің бәрі шық бермес шығайбай екен деп ойлап қалмаңыз. Жаркент өңірінде асыл тұқымды мал өсіретін Тасқын Жапарқұлдың «Ернар», Өтеген Бітебаевтың «Мәдина», Жаңыл Көккөзованың «Айгерім» жеке шаруа қожалықтары, Болат Көшкінов жетекшілік ететін «Керімағаш» қожалығында малшыларға жоғары жалақы төлеумен қатар олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға барлық мүмкіндік туғызып келеді. Аталған қожалықтар мерекелерде малшы отбасына сый-сияпаттар жасау арқылы олардың көңіл күйін көтеруді ұмыт қалдырмайды. Осылардың ортасында Тасқын Жапарқұл өткен жылы бірнеше малшысына, механизаторына жекеменшік үй салып қуантқанын жазғанбыз.
«Мал өсірем десең, малшыңды бақ» деген тәмсілді ертедегі ата-бабаларымыз тегін айтпаса керек. Ендеше, алдымен малшыда жоғары жалақы, жайлы тұрмыстық жағдай болмайынша бұл іске құлшыныс білдіретіндердің саны көбеймейді. Ал жиі ауысқан малшыдан қораға береке кірмейді. Өйткені тәжірибесі жоқ, малдың жәйін білмейтін адам уақытты, өрісті, қолда бар жемшөпті тиімді пайдалана алмайды. Ауырған малды емдеу, құрттау оның қолынан келмейтіні де белгілі.
Ағайындар арасында жиі көріп, естіп жүрген жайлар болған соң ойымызды ортаға салуды жөн көрдік. Елімізде жастарды да атакәсіпке тартудың жолы, амалы қарастырылса құба-құп. Бұл бағытта кешегі ұжымдық шаруашылықтардағы өндірістік негізде мыңдап қой бордақылаған кешенді жастар бригадаларының тәжірибесі кәдеге жарар еді. Бұл да ауылда сенделіп жұмыссыз жүрген жастарды еңбекпен қамтуға сеп болар еді.
Мырзағали Нұрсейіт,
Панфилов ауданы





