Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең, – деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін асыл жандар.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтылған. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы, жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі – ұстаздық екені ақиқат. Өйткені, бұл мамандық иелерінің мойнына еш нәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сіңіріп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын.
1992 жылы І. Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетінің «Дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығын меңгеріп, жоғары білімді маман атандым.
1998 жылы № 24 «Экономика және бизнес» лицейіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналасып, мектеп ұжымындағы әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім. Мен өзімнің ұстаздарыммен қатар еңбек етіп, баланың бойына ақыл-білім дәнін сеуіп, аялап, көңілін табуды, балаларды бөліп-жармай сүйе білуді үйрендім.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, мұғалім қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады.
Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты оша- ғы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісіне тиері анық.
Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қаситтері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі дарқан адам.
Шәкірті өзінен озған мұғалім – еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озат шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын. Мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу.
Болашақта мұғалім мамандығы ең беделді әрі жоғары ақы төленетін мамандықтың біріне айналу үшін оны сүйіп, талмай еңбек ету қажет.
Ұстаздық қызметте, шәкірттермен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мәдениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті.
Иә, қазір жаңа типті лицейлер мен мектептер салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Дарынды балалармен жұмыс бағдарламасы жүзеге асу үстінде. Жастарды шетелдерде оқытуға мүмкіндік алдық. Жаңа буын оқулықтар, электронды оқулықтар білім беру ісіне ене бастады.
Осындай жаңа даму үрдісі алға басып отырғанда Елбасы Н. Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», – деген еді. Біз осыған лайық болуымыз керек!
Ержан ҚОЖАҒҰЛОВ,
№14 орта мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі
Талдықорған қаласы




