Облыстық мәслихаттың депутаттығына «Nur Otan» партиясынан үміткер Секенбай Шеңгелбаев «ZOOM» бағдарламасы арқылы білім беру саласының қызметкерлерімен пікір алмасты. Онлайн жиынға ұстаздар қауымынан бөлек, аудандар мен ауылдық округтердің тұрғындары қатысты.
Партияның сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндірген үміткер білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы сапалы қызметтерге қол жеткізу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру жағдайларын жақсартуға күш салуға болатынын атап өтті.
– Сайлауалды бағдарламада көрсетілгендей, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамту көзделген. Одан бөлек, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 85 пайызға дейін ұлғайту, жоғары және бірінші санаты бар педагог мамандардың үлесін 60 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Облыста үш ауысымды оқытуды жою үшін 24 680 орындық 39 жаңа мектеп салынбақшы, – деген Секенбай Сейтжанұлы облыс мектептерін 50,5 пайызға дейін химия, биология, жаңа буын физикасы пәндік кабинеттерімен және IT кабинеттерімен жарақтандыру туралы жоспарымен бөлісті.
Кездесу барысында қатысушылар балабақша кезегіне тұру, білім сапасын арттыру, жалақының көтерілуі сынды сауалдарын жолдап, өз ұсыныстарын да жеткізді.
Д. Аршын





