Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесті. Кездесу Қазақстан мен Жапония арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы бұл сапардың символдық мәні бар екенін атап өтіп, Юрико Коикэнің жетекшілігімен Токио әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанына назар аударды.
– Сізді жаһандық деңгейдегі көрнекті саясаткер ретінде танимыз. Көреген басшылығыңыз бен еліңіз үшін ұзақ жылдар бойы атқарған қызметіңіз құрметке лайық. Қазақстан жұртшылығы Сізді мемлекет қайраткері және еліміздің досы, серіктесі деп біледі. Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптеуге бағытталған еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Бұл қос халықтың ынтымағын арттыра түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент былтыр Жапонияға жасаған ресми сапарын еске алып, соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Сондай-ақ Токионың «Ақылды қала» бағдарламасы Қазақстан үшін де қызықты екенін жеткізді.
– Мен Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен таныстым. Бұл біздің қызығушылығымызды тудырды. Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасын ілгерілетіп отырмыз. Сіздің Астанаға келген сапарыңыз пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге ынталымыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Юрико Коикэ Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
– Сіздің көшбасшылығыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларыңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан өңірдегі экономикасы ірі, ресурсы мол ел ретінде Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб рөлін нығайтып келеді, – деді Токио губернаторы.
Кездесу барысында тараптар цифрлық технологиялар, инновация, халықаралық қаржы және білім беру салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.





