Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет сапармен келген Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмазды қабылдап, бауырлас елдің стратегиялық серіктес екенін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен құрметке негізделгенін айтты.
– Бауырластығымыз өзара сенім мен құрметке негізделген. Дипломатиялық қатынас орнаған 35 жылға жуық уақыт ішінде біз көптеген биік белесті бағындырдық. Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайып Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткіземіз. Жаңа келісімдерге қол қоямыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ Астанада Қазақстан Премьер-министрі мен Түркия вице-президентінің тең төрағалығымен өткен Үкіметаралық комиссия отырысының нәтижесі екіжақты ынтымақтастықты жандандыратынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Джевдет Йылмаз Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сәлемін жеткізіп, алдағы мемлекеттік сапар мен Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы бейресми саммитіне ерекше мән беріліп отырғанын айтты.
– Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында Премьер-министр Олжас Бектеновпен бірге Үкіметаралық сауда-экономикалық комиссиясының 14-отырысын өткіздік. Қорытындысы бойынша нақты шараларды қамтитын бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл құжат алдағы кезеңдегі сауда-экономикалық ықпалдастығымыздың жол картасына айналады, – деді Түркия вице-президенті.
Сондай-ақ ол Қазақстанды жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдумның табысты өтуімен құттықтап, елдің дамуына тілектестік білдірді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде осы тарихи кезеңде түрік халқының қолдауын ерекше сезінгенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркиядан келген байқаушылар референдумға белсенді қатысқан.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, энергетика, логистика, агроөнеркәсіп кешені, білім беру және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады.






