Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобалар Ұлттық қор арқылы қаржыландырылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағыттары мен қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, Ұлттық қордан бөлінетін әрбір теңге елдің келешегін қамтамасыз ететін, экономикалық қайтарымы жоғары жобаларға ғана бағытталады. Мемлекеттік қаржыны оңды-солды жұмсауға жол берілмейді, ал инфрақұрылымды дамыту мен әлеуметтік қолдау шаралары басты назарда қалады.
«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді», – деді Президент.
Президент Ұлттық қордың тікелей пайдасын бүгінгі таңда өскелең ұрпақ көріп жатқанын ерекше атап өтті. Арнайы бағдарламалар аясында балалардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр. Қор жинақтары елдегі жас азаматтардың келешекте сапалы білім алуына немесе баспана жағдайын жақсартуына үлкен септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына тоқталды:
«Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын», – деп толықтырды Президент.
Елімізде соңғы жылдары қабылданған реформалар қаржылық ашықтықты камтамасыз етуге бағытталған. Сапалы жолдар, жаңа мектептер мен ауруханалар салу сияқты ауқымды жобалар стратегиялық инвестиция ретінде қарастырылады. Қор қаражатының ел ішіндегі инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы ұзақмерзімді экономикалық өсімге кепілдік береді.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында Ұлттық қордың ролі ерекше. Жыл сайынғы қаржылық түсімдер келешек ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді. Еліміздің қаржы саясатындағы мұндай оң өзгерістер стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді.





