Тыныс-тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасып кеткен түздің жұртын ат құлағында ойнаған әйел затымен таңқалдыра алмасың ақиқат. Дегенмен, асауды жуасытып, жігіттің жігіті ғана жасқанбай баратын көкпар ойынымен кәсіби түрде айналысып жүрген Ева Жигалина жайлы естігенде құлағымыз елең ете қалады.
Бақсақ, Алматы қаласында дүниеге келіп, балалық шағы асфальттың үстінде өткен Еваның қыз балаға лайықсыз деп саналатын мұндай кәсіппен айналысуы бекер емес екен. Өз атасы Василий Жигалин мен нағашы атасы Петр Карнаухов Жетісу казактарының ұрпағы ретінде атбегілік өнерді жастайынан меңгеріп өскен жандар болып шықты. Петр Карнаухов әскери борышын өтеу кезінде атты кавалерияға арналған сәйгүліктердің күтімімен айналысқаны да көп нәрсені аңғартса керек.
Әкесі Михаил Іле Алатауы ұлттық қорығының Ақсай бөлімшесіне орманшы болып орналасқаннан кейін олар отбасымен Қаскелең қаласына қоныс аударып, табиғатқа бір табан жақын болғаны да Еваның таңдауына әсер етпей қалмаған. Ева үшін жылқы малы тек сұлу мүсінді, текті де асыл жануар ғана емес, өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналған десе болғандай.
– Алғаш рет атқа 10 жасымда отырдым, – дейді Ева Михаилқызы бұл кәсіпке қалай келгенін сұрғанымызда. – Алғашында анам мертігіп қала ма деп алаңдап, менің құлшынысыма қарсы болған. Алайда, ер үстінде өзімді еркін ұстайтынымды көріп, көңілі орнына түсті. Сәйгүлік пен шабандоз бірін-бірі іштей ұғынып, ат тұяғының астында сусылдап қалып жатқан қара жер мен қарсы алдынан ескен самал желдің лебін сезіну сөзбен айтып жеткізе алмайтын ғажайып дүние емес пе?
Жараулы атына мініп, жігіттердің көкпар тартқанына сүйсіне қараған кездері де аз емес. Келе-келе өзі де көкпарға түсіп көрмекке бекінеді. Бұл орайда көкпар ойынының қыр-сырын меңгеруге көмектескен марқұм Батыр Аманұлына Еваның айтар алғысы шексіз. Ал асауды ауыздықтап, тарпаңды жуасыту өнеріне баулыған Бекболат ауылының тұрғыны Тимур Державин оның атбегілік кәсіпке деген құштарлығын шыңдай түскен. Бала кезден бірге өсіп, даланы дүбірге бөлеген Қайыржан Сүлейменов, Айбар Азыханов сынды достары қашанда Еваға көмектесуге дайын тұратын.
Өзі ұнататын істі өмірлік кәсібіне айналдырып, асауды үйрету, көкпар тарту өнерін табыс көзіне айналдырған қайсар қыз бүгіндері жылқы малын өсіріп, саудаға шығаруды да жолға қойған. Бұл шаруаны «күнкөріс көзі» деп есептейтін Ева Михаилқызы өзіне айнымас серік болған сәйгүліктеріне досы ретінде қарайды. Мысалы, сан сынақта сүрінбеген Орел, Досай, Барон, Басмач, Авангард сынды сәйгүліктері талай рет абыройын асқақтатқан. Ал көкпарға кіргенде қамысты жарған қабандай жан-жағын жайпап өтетін Самсон атты сәйгүлігіне құда түсіп жүргендер бүгін де жетрлік. «Мен досымды сатпаймын!» – дейді ондайда Ева ағынан жарылып.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы
Алматы облысы





