Тіс дәрігері болып 15 жыл жұмыс істеген Қуаныш Мұхаметжанов осыдан біраз жыл бұрын мамандығын ауыстырып, мейрамхана бизнесін қолға алады. Пиццериясына адам тарту үшін нысанның алдына өзі Тайландта демалыста болғанда көрген трансформер мүсінін орнатуды ұйғарады.
Дегенмен оны сатып алу, жеткізу қымбатқа түсетін болғандықтан бұл ойынан тез айниды. Сөйтіп, роботты ескі шаңсорғыштардан өз күшімен жасап шығады. Жұрт назары бірден ауады: бірақ Қуаныштың кәсіпкерлік мекемесіне емес, арт-нысанға. Қала тұрғындарының өз туындысына деген қызығушылығы әуесқой азаматты жаңа ойларға жетелейді. Ақыры пиццерияны жауып, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, қажетке жарату ісіне білек сыбана кіріседі.
Содан бергі уақытта Қуаныштың қолынан 30-дан астам мүсін шықты. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы да, көрнектісі де – ғарыш кемесі. Шебер оны құрастырумен жарты жылға жуық айналысқан. Аппаратты жинауға 8 кір жуғыш машина, 4 телевизор, үш газ плитасы, бір тоңазытқыш және кәдімгі ұшақ детальдары пайдаланылған. Әуе кемесінің қолданыстан шыққан бөлшектерін Қуанышқа отандық әуе компанияларының бірі тегін береді екен. Ал жөндеуге келмейтін тұрмыстық заттарды жергілікті тұрғындар оған өздері әкеледі. Басқа да қажетті бұйымдарды шебер жігіт өзі сатып алады. «Мысалы, ғарыш кемесін бояуын сатып алуға 150 мың теңге жұмсадым. Бұған көп шығын кетеді. Болашақта қандай да бір демеуші табылып, жомарт азаматтар менің осындай мүсіндер жасауыма қолдау көрсетсе жақсы болар еді», – дейді Қуаныш.
Бүгінде түрлі ақпарат көздері арқылы Қуаныштың бұл тірлігінен алыс-жақын шет елдегілер де хабардар болуда. Енді оның жұмыстарын Америка, Корея арт-парктеріне қоюға ниет білдірушілер табылып жатыр. Бірақ шебер жігіт бұл ұсыныстардан бас тартқанын айтты. Ол алдағы уақытта осы арадан, яғни Талғардан өзінің музейін ашқысы келеді. Әрі қарай осы өнерге балаларды баулу үшін арт-мектеп ашпақ ойы бар. Ал әзірге өзінің жаңа туындысы – зомбимобильді құрастыру жағын ойластыруда. Бұл, бір жағынан, қоқысқа кеткелі тұрған бұйымдарды кәдеге жаратып, жаңа өмір сыйлау болса, екінші жағынан, тапқырлық. «Өнер» деп, міне, осыны айт!..
Жанар ҚОЙЛЫШ
Алматы облысы




