Сарыжаз ауылында тұратын Ердос Асанов есімді азамат, шын мәнінде, жан-жақты, бесаспап, бәрінен хабардар. Жеңіл көлік жүргізеді. Тракторды да меңгерген. Қыс мезгілінде шаңғысымен қыр асып кететіні тағы бар. Тіпті, шаңғыдан өтетін аудандық, облыстық жарыстарда 55-60 жас арасында жүлделі орындарды қанжығасына байлайды. Ал жаз маусымындағы сүйікті ісі – омарташылық, таулы өңірдің сапалы, дәмді, таза балын өндіру.
– Омарташылықпен айналысып келе жатқаныма 20 жыл болды. Баяғыда бұл өзге ұлт өкілдеріне тән кәсіп сияқты көрінетін. Жоқ, олай емес екен. Жүрек қалады. Талпындық, талаптандық. Оқыдық, іздендік, еңбектендік. Сөйтіп, нәтиже шығардық. Бұл күнде еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз, – дейді Ердос Хамитұлы.
Ердоста 33 бал арасының ұясы бар. Омарташы бірінші кезеңде 50 литрліктен 10 ыдыс бал алыпты. Екінші және үшінші кезеңде 50 литрліктен 20-20-дан 40 ыдыс бал жинапты.
– Әрине, бұл – үлкен еңбек. Ең бастысы, биыл араның балы төгілген қолайлы жыл болды. Биыл біз араның балын үш рет шайқап үлгердік. Алла қаласа, тағы бір шайқаймыз ба деп отырмыз. Жылда екі-ақ рет шайқайтынбыз. Биылғы жылға өкпеміз жоқ, – дейді Ердос.
Қазір Ердостың үйінде таулы өлкенің 600 литрден астам сапалы, таза балы тұр. Сарғыш өңді мөп-мөлдір балды қасықпен іліп алып, жей бергің келеді. Әр литрін 3 мың теңгеден сатуда. Алматыдан, жан-жақтан, Райымбек ауданынан арнайы келіп алушылар аз емес. «Қолыңда болса, ауызға тиеді» демекші, Сарыжаз ауылының 50-60 пайыз тұрғыны – Ердостың тамаша балының тұрақты тұтынушылары.
– Ара – өте еңбекқор, жауынгер жәндік. Тұтас бір дивизия деуге болады. Бір аналығы бар. Арасында командирлері болады. Егер бір ара бір жолы бос келсе, кешірім жасалады. Екінші рет бос келсе, өлтіріп тастайды. Тәртіптері қатал. Тағы бір байқағанымыз, аралар тамыз айының 15-не дейін тынымсыз бал жинайды. Жиырмасынан кейін өнімі азаяды, – дейді Ердос төрт түлік малындай көріп бағып жүрген аралары туралы шешіле сыр тарқатып.
«Ара тынымсыз ұшып жүріп бал жинау үшін неше түрлі гүлге қонады. Содан аяғына ілесіп келетін түрлі шөп, заттардың өзі тұнып тұрған дәрумен. Ферга деп аталатын бұл қалдықтар дертке шипа. Асқазан ауруларына бірден-бір таптырмас ем.
Бір сөзбен айтқанда, ара балы – табиғи дәрі-дәрмектің қайнар көзі. «Ара тынымсыз ұшып жүріп бал жинау үшін неше түрлі гүлге қонады. Содан аяғына ілесіп келетін түрлі шөп, заттардың өзі тұнып тұрған дәрумен. Ферга деп аталатын бұл қалдықтар дертке шипа. Асқазан ауруларына бірден-бір таптырмас ем. Таңертең аш қарында кішкентай қасықпен ферганы, араның аяғына ілесіп келген қалдықтарды балға қосып жеп аламыз. Өзіңді жақсы сезініп жүресің, – дейді Ердос тағы да бір әдемі әңгіменің шетін шығарып.
– Бал арасының күзгі тамағын жұбайым Жаңыл Аңламасқызы дайындап береді. Ол қанттан, түрлі қоспалардан әзірленеді. Омарташылықты кенже ұлым Арсенге үйретіп жүрмін. Қазір ол Талғар қаласындағы спорт колледжінде оқып жүр. Күзде араның ұяларын Алматы қаласының маңындағы сенімді жерге апарып қоямын. Өйткені, қаланың ауа райы жылы, қолайлы. Ерте көктемнен бастап алма, өрік, басқа да жеміс ағаштары гүлдей бастайды. Менің араларымның бал жинайтын алғашқы кезеңі сол кезде басталды. Одан соң тау баурайына әкелемін, – дейді Ердос.
Бәрекелді дестік. Биыл Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов арнайы келіп, Ердостың игілікті шаруасын көріпті. Батпақты өңіріндегі аралар дивизиясының бал жинау науқанын тамашалап, Ердостың ісіне ризашылық білдіріп аттаныпты.
Қанат БІРЖАНСАЛ





