Бөлексаз ауылында тұратын Шынархан Қапалбаева апаның қарашаңырағында болдық. Дәл бүгінгі өркендеген заманға лайық әдемі қартайып келе жатқан ардақты ана, мейірімді әженің жылы отбасында әсерлі көңіл-күйдің ауанында өзімізді жақсы сезіндік. Биыл жетпістегі анамыздың көңілі ояу, көзі ашық. Жаны сергек, бойы ширақ.
Ақ ана Алжан руының ішінде Сырымбет атасынан тараған, батыр бабамыз Райымбектің ұрпағы.
Біздің кейіпкеріміз ең алдымен салт-дәстүріміздің көзі мен өзіндей жан. Кішкентай кезінен үлкендердің жұмысына, істеген ісіне назарын салып, көзі мен қолын үйретіп өскен. Бойжеткен шағынан бастап тоқыма тоқыған, тігін машинасын меңгерген. Тұскиіз жасаған. Кесте тіккен. Құрақ көрпе жасауды үйренген. Қазақы ою-өрнектерді өз қиялымен туындатып, оны қағазға сызып алып, сосын қиып түрлі шаруасын жүргізе береді. Оның сыртында сырмақ тігеді.
– Үлкен ұлым Данияр қолымда. Мектептегі шағын орталықта тәрбиеші болып еңбек ететін Нұргүлдей алтын келінімнен айналайын! Бойымдағы барымды келін болып түскен күннен соған үйреттім. Шүкір, ауылдың қызы емес пе, бәрін меңгеріп, бәрін өзі көтеріп алған жайы бар. Содан да болар үйдің ішіндегі, сыртындағы көп жұмыстан құтылдым. Келінім ерте тұрып, сиырын сауады. Сүтін тартады. Дастарқанымызды түрлі дәмге толтырады. Шынархан Қапалбаева ауылдағы «Ақ ниет» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Ақындар мен батырлар шыққан рудың қызы емес пе, ерекше дауысымен ән салғанда жұрт назарын еріксіз өзіне тартып алады. Үлкен тойларда, іргелі қуаныш дастарқандарында той бастайды. «Шынархан апа, сіз тұрғанда бізге не жоқ?! Тойды сіз бастаңыз?», – деп қадірлей қолпаштаған ел-жұртына риза болып бойындағы барын ортаға салып жатады. Тіпті тойбастардың әніне қуаныш иелерінің аты-жөнін, жақсылықтарын да жіпке тізгендей етіп қосып жіберіп, қиюластырып әкететін өнері бар. Қазақтың «Қара жорға» секілді әніне беріле билеп кететін ана «Ақ ниет» әжелер ансамблі құрылған күннен бері соның құрамында.
Шынархандай асыл ана, қамқор әже – ұрпағымен өсіп-өніп келе жатқан бақытты жан. 1968 жылы отау көтерген жұбайы Әбдіхан Ұзақұлы Бөлексаз ауылындағы іргелі шаруашылықта МТМ меңгерушісі, бөлімше басшысы, бас инженер секілді жұмыстарды абыройлы атқарған. 2011 жылы дүниеден өткен Әбдіханның мәнді де мағыналы ғұмырын ұрпақтары жалғастыруда. Қарашаңырағына ие болып отырған Данияр аудандық орталық ауруханада жедел жәрдем жүргізушісі. Одан кейінгі Мадияр мен Жігердей ұлдары да отбасылы, Алматы қаласында тіршілігін жасауда. Әбдіхан аға мен Шынархан ана қос ұлына қала маңынан үй салып беріпті. Гүлзада мен Гүлвира атты қыздары қиясына қонған. Отбасылы, бір-бір шаңырақ иелері. Дидардай кенже ұлдары Кеген аудандық орталық ауруханасында терапевт дәрігер. Шынархан ананың Нұргүл, Айгүл, Гүлназ атты алтындай келіндері бар. Олардан 10 немере сүйіп отырған бақытты әже. Ардақты ана алдағы күндері шөбере көріп қалармын деген үлкен үмітте. Бір Алла тілеуіне жеткізсін деп жатырмыз.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы
Алматы облысы





