Биылғы қуаңшылықта мал азығының берік қорын жасау шаруалар үшін оңайға соқпағаны анық. Десе де қол қусырып қарамай, барды ұқсатып алуға барын салған талғарлық шаруагерлердің қора-қопсысына мөлшерленген межеде шөп үйіліп, жем түсірілді.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштің орындалуына келсек, осы жылдың сегіз айында 27,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,5 пайызды құраған. Мұндай нәтижеге жетуде мал азығы мен күтімінің алар орны айрықша.
Биылғы жылдың сегіз айындағы мал басына келер болсақ, ауданда 47738 бас ірі қара малы, 100448 бас ұсақ мал, 4775 шошқа, 9463 жылқы, 369 түйе, 228388 құс өсірілуде. Осы мал басының қыстан қысылмай, қоңды шығуы үшін 115,3 мың тонна шөп, оның ішінде 74 мың тонна жоңышқа, 58,8 тонна пішендеме, 34,2 мың тонна сабан, 18,0 мың тонна жемдік азық және 91,2 мың тонна сүрлем жиналды.
Ауданымызда мал азығын дайындаумен қатар, егістік ору жұмыстары да тиянақты жүргізілді. Ауданның биылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес, ауылшаруашылығы дақылдарын егудің алдын ала құрылымы 32,6 мың гектарды құрады. Бүгінгі күнге 8340 гектар масақты дақылдар жиналып, 20050 тонна өнім алынды, орташа өнімділігі гектарына 24,0 центнерден айналды. Бұл межеленген жоспардың орындалғанын көрсетеді, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Алдияр Абдрешбаев.
Топырағы құнарлы Талғар ауданында 3059 гектар картоптың 2660 гектары жиналып, 51604 тонна жоғары сапалы өнім алынған. Сондай-ақ, 2721 гектар жерді алып жатқан көкөністің де 2340 гектары жиналып, бітуге таяған. Осы күні 77197 тонна өнім алынды. Оның орташа өнімділігі гектарына шаққанда 329,9 центнерден айналған.
Ал 220 гектарды құрайтын бақша дақылдарының да өнімділігі артып, 4435 тонна өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 201,6 центнерден айналып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Ауылшаруашылығының жиын-терін жұмыстарының сапалы да тиянақты жүргізіліп, мол өнім алуында «Байсерке-Агро», «Амиран», «Будан», «Азия Групп», «Айршир», «Ла Фаттория» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен қатар, «Досанов», «Досмуханбет», «Садықов» шаруа қожалықтарының белсенділігін айрықша атау орынды.
Аудандағы күзгі дала жұмыстарына арзандатылған бағамен бөлінген (180 теңгеден) 300 тонна дизель отынының 151,2 тоннасына өтініш беріліп, алынған. Жанар-жағармай бағасының шарықтап кеткен уақытында бұл да болса шаруаларға көп көмек болуда.
Ұлбосын ИСАБЕК




