Қарасай ауданына қарасты Бірінші май ауылдық округінде орналасқан Қазақ көкөніс-бақша өнімдері ғылыми-зерттеу институтының «Қайнар» аймақтық бөлімінде «Алқап күндері» семинар-кеңесі өтті. Оған ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, фермерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Басқосу «Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймақтарында картоп, көкөніс пен бақша өнімдерін өсіруде органикалық тыңайтқыштарды пайдалану» тақырыбына арналды. Семинар барысында Қазақ көкөніс-бақша өнімдері ҒЗИ басқарма төрғасы Теміржан Айтбаев пен «Қайнар» бөлімшесінің ғалымдары бұл саладағы жетістіктерімен бөлісті. Ғалымдар бақша күтімінде әдеттегідей минералды қоспаны пайдаланбай, табиғи тыңайтқыштар арқылы экологиялық жағынан таза әрі мол өнім алуға болатынын көрсетті.
Осы орайда ҚР Білім министрлігіндегі ғылым комитетінің арнайы грантын жеңіп алып, «Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймақтарында экологиялық жағынан таза бақша дақылдарын (қауын-қарбыз) өсіру технологиясын жетілдіру» бағыты бойынша жұмыс істеп жүрген жас ғалымдар Ақбөпе Айтбаева мен Берік Зоржановтың жетістігі көпшілік назарына ұсынылды. Шымкент қаласынан келген «ЮГ-АКТИВ-БИО» ЖШС директоры Бауыржан Батахаев серіктестік ғалымдары шығарған «АКТИВ-БИО-СТАРТ», «АКТИВ-БИО-УНИВЕРСАЛ», Ж. Жиенбаев атындағы өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институтының мамандары да «Акрофит» және «Гринголд» тыңайтқышының артықшылығын айтып берді. Ал Қазақ көкөніс-бақша өнімдері ҒЗИ «Қайнар» бөлімшесінің директоры Жарас Мамырбеков органикалық тыңайтқыштарды пайдаланудың жолын түсіндірді.
Соңында шаруа қожалық өкілдері өздерін мазалап жүрген сұрағын қойып, жаңа технологияларды өндіріске енгізудің әдіс-тәсілімен танысты.
Қуат ӘБІЛ
Қарасай ауданы
Алматы облысы





