Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Кәдірбай Медетақынның отбасын көпшілік шебер деп таниды. Айтса айтқандай-ақ, еңбекқорлығы елге мәлім ерлі-зайыпты Кәдірбай мен Ажарқанның қолынан шыққан астау, оқтау, нан, ет турайтын тақтай, домбыра, қылқобыз сынды ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген, көненің көзіндей бұйымдар көптің қызығушылығын тудырып келеді. Атажұртқа келгелі 12 жылға жуықтаған қандастарымыздың негізгі кәсіп көзі – осы қолөнер бұйымдарын жасау.
Алғашқы жылдары нәпақа табудың қиындығын көрдік, тығырыққа тірелген кездеріміз аз болмады. Балаларды оқыту, киіндіріп, тамақтандыру үшін де біраз қаражат керек. «Қайтсек қысылмай өмір сүреміз?» деп жүргенде қолөнерден басқа дүние ойға оралмады. Сол уақытта астау дегеннің трендке айналған кезі еді. Отағасы екеуміз ойласа келе нартәуекелмен іс бастадық, – дейді Ажарқан Тапай.
Екеулеп бастаған кішігірім кәсіптің тасы өрге домалап, іс ілгерілей жөнеледі. Ауылдастарынан тұрмыстық бұйымдарға қолданатын қараағаш, қызылағашты сатып алып, тілдіріп, оны бір-екі жыл әбден кептіріп барып кәдеге жарататын жұптың жұмысы қыза түскен. Әуелде бұйымдарын базарға шығарып саудалаған шеберлердің тұрмыстық заттары бұл күнде үйден ұзамай-ақ иесін табуда. Оған жасалған заттардың сапалы әрі еш бояусыз табиғи өңделуі себеп болуда.
Бүгінде тапсырыспен ғана жұмыс істейтін шеберқолдар бұйымдарын жарнамалап көрмепті. Сапалы музыкалық аспаптары мен тұрмыстық заттарын тұтынушылар бір-бірінен естіп, тапсырыс беруге сенімді түрде бел буады екен. «Сенімге сергек қарау – біздің басты міндетіміз» дейтін қос шебер жасаған бұйымдарын, әсіресе, астау, ожау, тостаған сынды ұлттық сусын мен тамаққа пайдаланатын заттарды химиялық бояусыз, яғни, лаксыз, жылқының майымен немесе сұйықмаймен жылтырататынын айтады. Отбасы былтыр жыл соңында аудандық жұмыспен қамту орталығының қолдауымен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан 583 мың теңге қайтарымсыз несие алып, ағаш жонатын станок сатып алыпты. Сөйтіп өнім көлемі арта түскен.
Домбыраны шауып жасаудың шебері атанған Кәдірбай Медетақынның қолынан жалпақ және жәй шоты түспейді. Ептілігі мен еңбекқорлығы астасқан шебер домбыра мен астауды станоктың көмегінсіз ойып, жасайды. Нәтижесінде белгілі бір пішінге келген заттарға ою-өрнек салып, әсемдеу Ажарқанның мойнында. Бала жастан кесте тігіп, ою-өрнек салуға бейімді болуының енді жемісін көруде.
Ерен еңбекпен нан тауып отбасын асыраумен қатар, атакәсіптің өрісін кеңейтіп, өндіріске енгізіп отырған қос шебердің ісі көпке үлгі болса керек.
Ұлбосын ИСАБЕК
Еңбекшіқазақ ауданы,
Алматы облысы





